Шымкент қаласындағы медицина қызметкерлері арасында «Республика күні» Ұлттық мерекесіне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік шарада Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек сөз алып, барша қазақстандықтар мен медицина қызметкерлерін ұлық мерекемен құттықтады.
Нұрлыбек Асылбеков,Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы : «Еліміздің тұғыры биік бола берсін. 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Сол уақытттан бері еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Медицина мамандарының қандай жағдай болмасын алдыңғы шепте қызмет етеді. Ақ халаттылардың еңбегі әрқашанда маңызды. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларың сәтті болсын».
Іс шараға медицина саласында ұзақ жылдар қызмет еткен ардагерлер де қатысты. Тарихи маңызды күнде кәсіби біліктілігімен көзге түскен бірқатар мамандар кеуделеріне медаль тағып, алғыс хат пен құрмет грамотасына ие болды.
Биыл жазда Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Осылайша, он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған мереке қайта тойланды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын»,-деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтып, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын да еске салып өткен болатын.
Leave a Reply