«ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ БОЛУЫ КЕРЕК»

Апта басында Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р. Жолаев облыс бойынша жаңа оқу жылына дайындық жайында баспасөз мәслихатын өкізді. Баспасөз жиынында айтылған мәліметтерге қарағанда, алдағы 2020-2021 оқу жылында біршама өзгерістер орын алуы мүмкін екен. Мемлекеттік орган басшысы облыста ендірілген карантин шараларының ұзару ықтималдығын ескеріп, біраз жайттың басын ашып берді. Оқу жылының бірінші тоқсанында білім беру саласындағы атқарылатын мемлекеттік қызметтерде нендей жаңалықтар болатынын Рақымбек Қуатбекұлының онлайн-сұқбатынан білсеңіз болады.

ШАҒЫН-ЖИНАҚЫ МЕКТЕПТЕР ДӘСТҮРЛІ ОҚЫТУҒА КӨШУІ МҮМКІН

Қашықтан оқыту процесін ұйымдастыруға дайындық қалай? Дәстүрлі оқытылатын мектептер не сыныптар бола ма?

– Жалпы, қазіргі таңда Түркістан облысында 900-ден астам мектеп бар болса, ондағы оқушылардың саны 499,535 мың баланы құрап отыр. Жаңа 2020-2021 оқу жылында қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл процесті ұйымдастырудың жан-жақты түрлері қарастырылуда.

Облыс көлеміндегі шалғай аудандарда шағын-жинақы мектептер болса, олардың жалпы саны 139, ал сол мектептердің әрқайсысындағы балалардың саны 180 оқушыдан аспайды. Осы шағын-жинақы мектептерде оқитын оқушылардың жалпы саны 12378 бала. Бұл мектептерде, егер пандемия жағдайы сиреп, бақылау дұрысталған жағдайда, және бұл мектептердегі санитарлық нормалар толық орындалған жағдайда штатты режимде дәстүрлі түрде оқытуға рұқсат беру мәселесі қазір қарастырылып жатыр. Ол үшін жағдай дұрысталсын деп үміттенейік.

Қалған мектептердің барлығы қазіргі болжам бойынша өткен оқу жылының 4-ші тоқсанындағыдай қашықтан оқыту жоспарлануда. Өткен оқу жылының 4-ші тоқсанында оқу жылын аяқтау қажеттігі болғасын, әрі ең қысқа уақыттың ішінде ешқандай дайындықсыз шара қолдану қажеттігінен, оның үстіне алдыңғы 3 тоқсан бойы базалық білім беріліп, ал 4-ші тоқсанда негізінен қайталаулар, қосымша ақпараттар болғандықтан, қашықтан оқыту форматына көшіп, оқу жылын амалдап аяқтап шыққан едік. Ол тоқсан бойынша ешқандай анализ, тексеру, мониторинг жұмыстары жүргізілген жоқ. Мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың өз деңгейінде жасаған жұмыс нәтижесімен оқу жылын аяқтап шықтық.

Ал, енді 1-ші қыркүйектен басталатын жаңа оқу жылын біз қалай болса солай, тәуекелге салып, жүйесіз бастауымызға болмайды. Сондықтан, қазіргі дайындығымыз жүйелі түрде барынша мүмкіндікті пайдаланып, дұрыс жоспарлап бастауды көздеп отырмыз. Оған әлі де болса уақытымыз бар.

Бұл жағдайдағы ең үлкен мәселе – алғаш мектеп табалдырығын аттап отырған бірінші сыныптың оқушыларын қашықтан қалай оқытамыз деген сауал тек біздің ғана емес, руспублика көлемінде күн тәртібінде тұр. Мектеп туралы түсінігі, мұғалім, ұстаз туралы танымы жоқ, оқулықтармен жұмыс істеп көрмеген, білім алу дағдысы қалыптаспаған 6 жасар балаға «мынау сенің мектебің», «мынау сенің ұстазың» деп үйрету – қиынның қиыны болып тұр. Сондықтан, елдегі пандемия басылып, жағдай тұрақтанған кезеңде бастауыш сынып, әсіресе бірінші сынып оқушыларын дәстүрлі түрдегі штаттық режимдегі оқытуға көшіреміз деп отырмыз. Дегенмен де, ол үшін бірінші талап – елдегі ахуалдың дұрысталуына байланысты. Яғни, тамыз айының ағындағы көрсеткіштерге байланысты шешім қабылданады. Сондықтан, бастауыш сыныптарда оқитын баласы бар ата-аналар назарына жеткізе кететін жайт: үйлерінде баланың оқуын, компьютер не теледидар алдында отырып қадағалап сабақ оқытатын ешкім жоқ болған жағдайда, және мектептегі санитарлық нормалар толық орындалған жағдайда ата-аналардың өтініші негізінде кезекші сыныптарды ашу жоспарымызда бар. Бұл да пандемияның жағдайына байланысты. Ал, қалған сыныптардың барлығы қашықтан сабақ оқитын болады.

«ОБЛЫСТАҒЫ 70-КЕ ЖУЫҚ АУЫЛ 3G ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ»

Өткен оқу жылында интернет желісімен қамтылу жағы біршама мәселе болған еді. Осы мәселе шешімін тапты ма?

– Қашықтан оқытудың ең басты мәселесі – интернет. Әлбетте, кең жолақтты интернет алабының қажеттігі туады. Тағы да сол 4-ші тоқсандағы тәжірибеден алсақ, үйдегі интернеттің қол жетімсіз екендігін, жылдамдығының төмен екендігін көрсетті. Әрине, оған ешкім де дайын болған жоқ, сондықтан ешкімді кінәлай алмаймыз. Бірақ, қазір бұл мәселелер үкіметтік деңгейде қаралып, қажетті шаралар қолға алынып, мақсаттар қойылып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Интернетті шалғай ауылдарға дейін тарату көзделуде. Осы уақытқа дейін, яғни 25-мамырдан бүгінгі күнге дейін соңғы ақпаратқа сүйенсек, облыстағы 70-ке жуық елді мекендерге интернет жеткізілген. Сол жерлердегі K-cell, Beeline байланыс операторларының қызметі 3G деңгейіндегі интернет сапасын көрсетіп отыр. Ол сапа қашықтан толық білім беруге жетеді деген сөз. Аталған 70-ке жуық ауылдарда интернет желісі мүлде жоқ, немесе сапасы өте төмен, 2G-ді көрсететін. Ол 2G сапасы деген қащықтан оқытуға, интернет платформаларына шамасы келмейді. Сондықтан, 3G, не 4G болса, қашықтан оқу сапасы да артады, сол 1-ші қыркүйекке дейін аталған сапада интернет желісін таратуға бар күшімізді салып жатырмыз.

Интернет жүрген жерде техникалық қамтылу да қатар жүреді емес пе? Осы жағы қалай болып жатыр?

– Интернет шешілген жағдайда, екінші мәселе – техникалық жабдықталу жағы. Яғни, мұғалімнің өзінің жеке техникасы (компьютер, ноутбук) болуы қажет, ал оқушының қолында стационарлық компьютер, ноутбук, нетбук, хромбук, одан қала берсе планшет, сапалы смартфон болғаны жөн. Осындай сапалы құрылғылар қол жетімді болған жағдайда қашықтан оқыту процесін ұйымдастыруға болады. Және бұған Білім және ғылым министрлігінің ұсынып отырған арнайы платформалары бар. Облыс көлеміндегі 70 пайызға жуық оқушылар сол платформаларға тіркеліп, біршама жұмыс жасап көрді, оң нәтижелеріміз де бар. Олар «Білім Ленд», «Дарын онлайн» және министрліктің өзі дайындаған «Күнделік.кз» платформалары. Міне, осындай платформалар ішінен мектеп ұжымы өздері таңдап, ыңғайлы, қолжетімді біреуін белгілеп, жұмыстарын бастай беруіне болады. Бұлардың барлығына да министрліктің жалпы стандарттары бойынша контент оқу бағдарламасы толықтай енгізілген. Ол платформаларда кәдімгі сабақ кестесін түзуге, үй тапсырмасын беруге, оқу журналын толтырып, аралық қорытынды бақылаудың барлық түрлерін өткізуге болады. Яғни, мұғалім мен оқушының кері байланысын орнатуға болады. Ол үшін мектеп ұжымы белгілі бір платформаға көшер алдын мұғалім, ата-ана, оқушы тараптар дайындық жұмыстарын істеп көру керек.

Осы 20-шы шілдеден бастап БҒМ-нің ұйымдастыруымен 350 мың мұғалім қазір осы цифрлық сауаттылық, интернет платформалармен жұмыс істеу бойынша оқыту курстарынан өтіп жатыр, ол 25-ші тамызға дейін жалғасады. Біздің облысымыздан 60 мыңға жуық мұғалім болса, оның ішінен 80 пайызы жаңағы оқу курсына қатысатын 350 мың ұстаздың ішіне кіріп отыр. Ол мұғалімдер 20-шы тамызға дейін интернет платформалар арқылы жұмыс істеуге толықтай дайын болады деген сеніміміз бар.

Жалпы облысымызда мыңға жақын оқытушы мұғалімнің жеке компьютері жоқ. Ол енді отбасы жағдайындағы мәселе болғанмен, бұл мұғалімнің кәсіби құралы ғой. Қаншама балаға білім беріп отырған мұғалімнің техникалық жағынан оқушыдан қалыс қалып тұруы – оның кәсіби дәрежесіне сын. Сондықтан, әр мұғалімнің жеке компьютері болуы қажет. Жалпы 95 пайыздан астам мұғалімдер өздеріне жеке компьютер сатып алған, ал қалған жағдайы төмен мұғалімдерге кәсіподақтың, мектептің демеушілік көмегімен және басқа да жолдармен 1-ші қыркүйекке дейін 100 пайыз компьютермен қамтуды жоспарлап отырмыз.

«ОҚУШЫЛАРДЫ ТЕХНИКАМЕН ҚАМТУДЫҢ ЕКІ ЖОЛЫ БАР»

Мұғалімдердің техникалық қамтылуы шешілсе, оқушылардың техникамен жабдықталу мәселесі де шешіліп қалатын шығар? Бір смартфонға қарап отырған жағдайы төмен отбасы балалары көп.

– Жоғарыдағы тақырыптың екінші жағындағы мәселе – оқушылардың электронды құралдармен қамту мәселесі. Жалпы 499,535 мың оқышымыздың шамамен 30 пайызға жуығы өз үйінде компьютеріміз бар деп ақпарат берсе, 100 мыңға жуық оқушы үйінде планшет, смартфон бар екенін айтқан. Бірақ, бұл ақпаратта әр отбасыдағы техникалық жабдық бір балаға, немесе үш балаға бөліне ме, ол жағы белгісіз, біз бұл сауалға жауап нақтылап жатырмыз. Жақын арада бір отбасыда қанша бала және қанша техника бар екені белгілі болады. Осының өзінде қазіргі таңда 60 мыңнан астам балада техника жоқ екені белгілі болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін 2 жолды қарастыруға болады. Оның біріншісі, қазір мектептерімізде 30 мыңдай жарамды компьютер бар, осы құрылғыларды пандемия біткенге дейін қолхат арқылы баланың ата-анасына таратып беру мәселесі. Екінші жол – карантиннің кезінде мектептер мен аудандық білім бөлімдерінде біршама қаржы үнемделген, және алдағы уақытта бірнеше ай тағы да үнемелетін болады. Сол үнемделген қаржы есебінен компьютерлер, ноутбуктер, планшеттер сатып алынып, олар мектеп балансына өтеді, одан кейін бірінші жолдағыдай қолхат арқылы ата-аналарға таратып беру арқылы шешу мәселесі. Одан басқа, ауылдардағы мешіттерде қалыптасқан жақсы дәстүр — «Мектепке жол» дейтін акция бар, жыл сайын пәлен балаға мектеп формасы мен керек-жарағын әперіп жатады. Қазір Діни басқарманың өкілдерімен сөйлесе отырып, биыл ол мектеп формасының орнына осы техника алып беру жағын қарастырып, сол мақсатта жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, осы акцияға түрлі меценаттар, мектеп түлектері, демеушілер, кәсіпкерлер де қосылып, мектепке қажетті техника әперу әрекеті жүріп жатыр. Қазірге қызу атқарып жатқан шаруамыз – әр оқушыға бір техника әперу науқаны. Егер, барлығын дұрыс ұйымдастырып, жақсы жолға қойсақ, осы оқу жылының 1-ші тоқсанындағы қашықтан оқыту процесін жүйелі, әрі сапалы бастаймыз деп айта аламын.

Оқушыларға облыстық, республикалық телеарналар, «Балапан», «Еларна» телеарналарында да сабақ өте ме? Олар да алдағы уақытта қамтыла ма?

– Әрине, мектеп бағдарламасы ретінде тек қана интернет платформасымен шектеліп қоймай, телеарналардан сабақтар жүргізілетін болады. Олардың сағаттары қазір қарастырылып жатыр. Өткен оқу жылының 4-ші тоқсанында тек 10 минуттан ғана жүргізілген. Қазір ол сабақтарды 20 минутқа, тіпті жарты сағатқа дейін ұзарту мәселелері қарастырылып жатыр. Және республика деңгейінде ең үздік мұғалімдердің тізімі анықталып, жыл бойы оқытылатын сабақтардың саны бекітіліп, сол мұғалімдерге облыстық, республикалық телеарналар көмегімен бір форматта сабақтар түсірілу жоспарланып жатыр. Түркістан облысының еншісіне 780 сабақ түсіру тиген, соған сай облыстағы үздік мұғалімдер сабақ өтіп, түсірілім жасайды, оны БҒМ-нің республикалық ортақ базасына жіберілетін болады. Сол база арқылы жұмыс істейтін «Әл-Фараби» деп аталатын жаңа телеарна ашылады деп отыр, ал «Еларна» мен «Балапан» болса да сол бағытта жұмысын ары қарай жалғастыратын болады. Балаларға қосымша ретінде осы телеарналар арқылы сабақтар жүреді.

«МЕКТЕП ФОРМАСЫН АЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС»

Жаңа оқу жылында қашықтан оқыту процесі тағы да WhatsApp желісімен өтетін бола ма?

– WhatsApp желісімен қашықтан оқыту өткен оқу жылының 4-ші тоқсанындағы амал жоқтықтан қолданылған шара болатын. Қазір ол желі баяғы тек қана ақпарат алу, бөлісу, қал-жағдай сұрасу секілді күнделікті тірлік форматындағы ата-аналар, оқушылардың чаты қызметінде қалады. Ал, білім беру процесіне WhatsApp-ты мейлінше  араластыруды қарастырып отырған жоқпыз.

Оқушылардың мектеп формасын алуы міндетті ме, міндетті емес пе?

– Білім және ғылым министрінің өзі А.Аймағанбетовтың өзі өткен аптада «мектеп формасы міндетті емес» деп айтқан болатын. Өйткені, оқу жылының бірінші тоқсаны – қыркүйек-қазан айларында қандай жағдай болғанда да қашықтан оқытылады. Одан кейін де алдын-ала айту өте қиын. Баланың бойы тағы өсуі мүмкін, сондықтан мектеп формасын қазір міндеттеп отырған жоқ. Егер, пандемия тоқтаған жағдайда, екінші тоқсан ба, мүмкін үшінші тоқсанда ма білмейміз, одан кейінгі уақыттарда мектеп ашыла қалған жағдайдың өзінде форманың талабы қандай болатынын қазір айта алмаймыз. Оны мерзімі келген кезінде айтатын боламыз.

Сұқбатты жазып алған С.Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика