ШЫМКЕНТТЕ ПАЛАУ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

«Шымкент палауы -2022» фестиваліне 41 аспаз қатысты. Халықаралық палау фестивалін қалалық қоғамдық келісім мекемесі мен  «Дустлик» қауымдастығы » бірлесе ұйымдастырды.
Биылғы фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан Республикасынан және  Алматы, Шымкент, Тараз қалалары мен Түркістан облысының  аспаздары келген. Жалпы 41 аспаз палаудың 41 түрін дайындады. Олардың көпшілікке тарту еткен тағамдары құрамы мен дәмі, безендірілуі жағынан сан алуан. Мәселен, фестивальде «Бәйтерек», «Хорезм», «Әндіжан», «Ташкент», «Фестивальный» палаулары әзірленді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов халықтар арасында достықты дәріптеу мақсатындағы іс-шараны ұйымдастырушыларға, демеушілерге алғысын жеткізді.  ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов фестивальдің жылдан жылға аясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
Ғалымдар палаудың төркінін түріктің «пилау» сөзіне телиді. Яғни, күріштен жасалған тағам. «Шығыстың Гиппократы» атанған Ибн Сина бұл асты науқастарды емдеуге пайдаланған. Ұлы ғұлама палау дайындаудың арнайы тәсілін ұсынып, оны емдік тағамдардың тізіміне ендірген. Бүгінде бір ғана палаудың ондаған түрі белгілі және бұл асты әзірлейтін әр аспаздың өз құпиясы бар. Ең басты құпия – ер-азамат дайындаған палау дәмдірек болады екен.
Қазір де палауды Шымкентте халық асы деуге болады. Бұл тағам қаланың барлық дәмханасындағы ас мәзірінен мәртебелі орын алған. Бұл өңірдегі көптеген үйлерде палау – сыйлы қонаққа берілетін астың бірі. Оны дайындауға да көп уақыт кетпейді.
Фестивальде үздіктердің үздігін әділ қазылар алқасы анықтады. Жалпы барлық қатысушылар арнайы сый-сияпаттар және Алғыс хаттармен марапатталды.
Ас көпшіліктің көзінше  ашық аспан астында жасалды. Палау жасаудың да түрлі тәсілі бар, аспаздар өз өнерлерін ортаға салып, демде буы бұрқыраған керемет тағамды тұрғындарға ауыз тиюге ұсынды. Жиналғандар  41 аспаздың қолынан шыққан палаудың түр-түрінен ауыз тиіп, достық дастарханына бата бере тарқасты.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика