Металлургтер стадионы  жөнделіп жатыр

Шымкенттегі металлургтер стадионы  ширек ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмей, құлауға шақ қалған еді.  Әбден тозығы жеткенін жанашыр азаматтар әкімнің халықпен кездесулерінде айтып та жүрді. Талай табалдырық тоздырған белсенділердің біразы стадионға жаңа дем бітетін естіп, қуанып қалды.

Ал биыл металлургтер стадионында қайта құру жұмыстары қарқын алды. Спорттық нысан толғымын жөнделіп жатыр.Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған металлургтер стадионы осы кезге дейін жөндеу көрмеген, қаруасыз қалған еді. Бұл стадион Кеңес Одағы кезінде атағы дүркіреп тұрған «Қорғасын» зауыты меншігінде болған. Банкке кепілге қойылып, несие алған кәсіпорын дағдарыстан тоқырап, жабылып та қалды. Биліктегілер ел игілігі үшін сатып алып, салауатты өмір салтын ұстанғандарға қайта сыйламақ.

Спорттық нысанда құрылыс жұмыстары қыза түсті. Стадион құрылысы келесі жылға өтпелі болса да, шаһар басшысының тікелей қадағалауында. Сондықтан болар, құрылыс басына қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, жұмыстардың орындалу барысын тексерді. Жауапты басқарма басшыларын ертіп алып, мердігермен кездесті. Стадионның қайта қаланып жатқан әр тасы, салынып жатқан әр бұрышы, қолданылып жатқан материалы сапалы жүргізілу керектігін ескертті.

Айта өтейік, мұнда жоба  бойынша  әкімшілік-тұрмыстық корпус (АБК), 62 орынға арналған спортшылар үйі, спорт залдар, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар болады.   1504 орынға арналған трибунада толығымен жаңарып, қасбеті қапталады. Заман талабына сай орындықтар қойылады. Сондай-ақ, командалық киім ауыстыру бөлмесі, спорттық тренажерлер алаңшасы, ойындар алаңшасы, кешенде қолданылатын спорттық табло, сумен жабдықтау сорғысы, кәріз сорғы бекеті салынуда.

Стадионның аумағы шамамен 3 гектар. 2017 жылы  қала  басшылығы осы алаңды 156 миллион  теңгеге бұрынғы қорғасын зауытының балансынан сатып алып, мемлекеттің қарамағына өткізді. Енді мұнда үлкен өзгеріс болады дейді жауаптылар.

Спорт нысанының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Бүгінге дейін біршама жұмыстары атқарылып үлгерілген. Тағы да естеріңізге сала өтейік, стадионның құрылысы келесі жылға өтпелі. Сондықтан да биыл бітпеді деп сөге көрмеңіз.

Орналасқан аумағы мен ауасын ұнататындар құрылыс басталғалы айналаны босатқан. Таңсәріден жаттығатын тұрғындар спорт нысанының ертерек қолданысқа берілгенін күтіп жүр. Салауатты өмір салтын ұстанғандар үшін баға жетпес құнды орынның қайта жаңғырып жатқаны жақсы жаңалық болды. Енді еңсесі тіктелген аумақтың ашылуын күн санап күтетіндері айтпаса да белгілі.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика