Үшінші мегаполистің жаңа бас жоспары толық дайын болды. Негізгі жұмыстар аяқталып, 116 280 гектар үлкен аумаққа заманауи топографиялық карта жасалып, 25 қабаттан тұратын векторлық форматқа түсірілді. Онда үйлер, жол желісі, абаттандыру және т.б. көптеген сала қамтылған. Бұл туралы бас жоспарды қоғамдық талқыланған жиында айтылды.
Қаладағы қазіргі баспана қорының жағдайына барлық сипаттама бойынша терең талдау жасалды, 275 жер-кадастрлық учаске бойынша халықтың қоныстануы, әлеуметтік мәдениет нысандары және басқа да көрсеткіштер зерттелді. Бұл жұмыстар 2012 жылғы бас жоспарда қарастырылмаған болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қаланың дамуына тұрақты мониторинг жүргізуге және өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.
Шаһардың басты көлік күретамырын құрайтын негізгі көшелер мен жолдардың сызбасы әзірленді. Жоспар бойынша жылдам автобус көлігі (BRT) және жеңіл рельсті көлік (LRT) сияқты заманауи қоғамдық көлік түрлерін бойынша ұсыныстар берілді. Экологиялық зиянды жүктерді тасымалдау үшін теміржол қаланың солтүстік шетімен өтеді, жолаушылар көлігі қаланың ішіне кіреді. Ал әуежайдың жанынан жаңа вокзал салу ұсынылады.
Жаңа бас жоспардың жобасы көпшілікке таныстырылып, алғаш рет 1 айдан астам уақыт қоғамдық талқылаулар өткізілді. Көрмеге 2000-нан астам тұрғын келіп, 149 ұсыныс түсті.
Шымкенттің бас жоспарының негізгі ерекшелігінің бірі – қаланың полиорталығын дамыту. Яғни, қаладағы әр әкімшілік аудан, соның ішінде жаңа, бесінші аудан да өз орталығымен, саябақтарымен, бүкіл әлеуметтік инфрақұрылымымен өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, өздігінен дамитын болады. Тұрғын аудандар үшін барлық қажеттілік жаяу жететіндей жерде болуы тиіс.
Жаңа бас жоспарды «Градкомплекс» ЖШС атқаруда. Болжамды мерзім 2050 жылға дейін. 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша қала халқының саны 1 млн 112 мың 75 адамды құрайды.
Айта кетейік, қаланың бас жоспарын қоғамдық талқылау 1 желтоқсаннан бастап 12 желтоқсанға дейін жалғасады.
Leave a Reply