«ЖЕКЕ МЕНШІК МЕКТЕПКЕ СҰРАНЫС КӨП»

«… Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе». Өткен ғасырда заңғар жазушы Мұқтар Әуезовтің жазып кеткені бұл. Одан бері де заман да, қоғам да өзгеріп жатыр. Халықтың болмысы да жиырмасыншы ғасырдағыдан өзгерек. Бүгінде қазақтың әйелі өз күйін өзі күйттеуге көшті десек, артық емес. Заман ағымына сай жаңа келбеті қалыптасып келеді. Соның ішінде жаңа кәсіп ашып, кәсіпкер атанып жүрген азаматтардың қатарында осы назікжандылардың саны басым. Әйел табиғатына жақын балаға білім мен тәрбие беру саласын жеке кәсібіне ұштастырып, жетістіктерге жетіп жүргендер сапында жаңадан облыс орталығына айналған Түркістан қаласының арулары да бар. Бүгінгі кейіпкеріміз де осы саланың жілігін шаққан маман – Асилбекова Ақмарал Пернеханқызы .

«Мың бала» мектебі

«ЛОГИКА САБАҒЫНА БАЛАЛАР МЕН АТА-АНАЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ БАСЫМ БОЛЫП ТҰР»

Ақмарал Пернеханқызы, келе жатқан мерекеңізбен құттықтаймын! Жеке меншік мектеп ашуға не себеп болды?

– Құттықтауыңызға рақмет айтамын. «Мыңбала» мектебі қаңтар айында ашылса, содан бері жағдайымызды сұрай келген алғашқы журналист өзіңіз болдыңыз.

Қазіргі таңда осы «Мың бала» мектебінің директоры қызметінде отырғаныммен, менің білім саласында жұмыс өтілім жалпы 30 жылдай болды. Бұл салада ең алғаш бастауыш сынып мұғалімі болып бастағанмын. Одан кейінгі еңбек жолым мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Түркістан қалалық білім бөлімінде әдіскер, одан кейін қаладағы ең үлкен 2 мектепте директор қызметтері, облыстық әдістемелік орталығында психолог қызметтеріне ұласты.

Осы отыз жылдық еңбек ету кезеңдерімде көптеген тәжірибе жинақтадым. Тәжірибенің  нәтижесінде қазіргі заман талабына қажетті жеке тұлғаланы қалыптастыруға бағытталған дүниелерге қол жеткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Одан тыс, білім саласындағы көптеген бағдарламалар, мемлекет басшысының жолдауларында айтылып жүрген «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы аясындағы жеке меншік мектептер көптеп ашылуда. Осындай мүмкіндіктер арқылы өмір жолымда қалыптасқан тәжірибелерімді пайдалана отырып, әрі сол тәжірибелерімді дамытуға мүмкіндік беретін жеке мектепті ашуды өзіме мақсат қойдым. Мінекей, сол оймен осы жылдың қаңтар айынан бастап «Мың бала» мектебін ашып, жұмысымызды бастап отырмыз.

— «Мыңбала» деген аттың өзі ерекше. Жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істегеніңізді айттыңыз. Жаңа мектептің сол мектептерден айырмашылығы қандай?

Жалпы, жекеменшік мектеп ашуыма мынадай ой итермеледі десем болады. Біздің қоғамда мектеп дегенде басты назарда білім тұр да, тәрбие саласы қалып қойып жатыр. Осының орнын толтыру үшін, тәрбие саласын дамытуға бағытталған, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған үйірмелер ашу керек деген жоба-ойымыз болды. Мектеп ашқаннан кейін ең бірінші кезекті осыны қолға алдым. Баланың сабақ оқу барысында анықталатын өз қызығушылығы мен бейініне қарай қосымша сан саланы қамтитын үйірмелерді дамытуды жоспарладым. Оқушы таңертеңмен оқуға келіп, түстен кейін қолы босар болса, ал үйірме-сабақтар түстен кейінгі кезеңге қойылады. Ерекшелік, айырмашылық, артықшылық дегенде осыны айтуға болатын шығар.

Жеке мектеп ашуыңыз пандемия уақытына тура келіпті. Қанша оқушыңыз бар? Карантин режиміне байланысты қашықтан оқыған балалардың білім деңгейі қалай болып жатыр?

– Қазіргі таңда  мектепте 150-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Қазақ-орыс топтарын қоса алғанда 8 сынып болса, мектепалды даярлық топтарын қосқанда жалпы 10 сынып бар.

Менің таң қалғаным, биыл ата-аналар балаларының білім алуына, жан-жақты дамуына өте қатты назар аудара бастаған. Бұл өзгеріске елімізде болған пандемияның да әсері тисе керек. Өйткені, балалар үйде болды, онлайн оқыды, ал ол процесс өз кезегінде балалардың біліміне кері әсерін тигізіп жатты.

Сонымен қатар, түстен кейін өнер, спорт және пәндік салаларға топтастырылған 3 бағыт бойынша үйірме жұмыстары  жолға қойылды. Оның ішінде спорт секциясында тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат үйірмелері болса, өнер саласы бойынша домбыра, би, вокал үйірмелері бар. Бұл үйірмелерде тәжірибелі мамандар сабақ береді. Ал, пәндік үйірмелерде міндетті түрде ең бірінші балалардың тілін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге арналған «Логика»  сабағын енгіздік. Бұл – біздің мектептің авторлық бағдарламасы десек, қателеспейміз. Себебі, логика сабағын Бекұлан Нұрқожаұлы маманымыз жүргізсе, оған балалар мен ата-аналардың қызығушылығы басым болып тұр. Қазіргі таңдағы сұранысқа ие тағы бір пән – ментальді арифметика. Бұл пән де балаларға қажетті пәндердің бірі. Ментальді арифметиканы өзіміздің бастауыш сынып мұғалімдері оқытады. Сондай-ақ, үш тілде білім беру тақырыбы күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Осы орайда, түстен кейінгі үйірмелер қатарына аптасына екі рет ағылшын тілінде «Тіл дамыту» сабағын ендіріп отырмыз. Бұл сабақтан да баламен жұмыс істей білетін тәжірибелі мамандарымыз бар. Және тағы бір ерекшелеу пән қосқанбыз, «Жылдам оқу» («Скорочтение») деп аталады. Бұл сабақ балалардың тіл дамуына өте қажет, әрі оқушыларымыз жақсы көреді. Қазіргі уақытта бала біткен смартфонға көбірек еліктеп тұрады емес пе, бұл сабақтың мақсаты соның салдарын жою, баланы оқуға бейімдеу. Бұл пәнді бастауыш сынып мұғалімдерінің өздері жүргізеді. Әр апта сайын кітап оқуға арналған шаралар, «буккроссинг» деп жүрген шетелден алынған тәжірибелер атқарылады. Балалар мәнерлеп оқу, жатқа оқу тәсілдері үйретіліп, іс-шаралар өткізіледі.

Мектептің таеквандо үйірмесіне қатысушылар жүлделі оралды

«БАЛАНЫҢ ҚОСЫМША УАҚЫТЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ – ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ»

Сабақтан тыс уақыттағы үйірмелерге ерекше көңіл бөліпсіздер. Ақылы үйірмелер де бар ма?

– Менің байқағаным, баланың қосымша уақытын тиімді пайдалану мен қажетті білім беру – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе болып қалып тұр. Біздің мектептің ашылғанына 2 ай енді ғана болды, байқағанымыз, тек сабақ оқып қана қоймай және одан шаршап қалмау үшін де осындай түрлі үйірмелер баланың өз-өзін дамытуға жақсы әсерін тигізіп жатыр деп ойлаймын.

Бұл арнайы тоқталған үйірмелерден өзге де ақылы негізде қосымша үйірмелер де бар. Балалардың заманауи қажеттіліктеріне орай қазіргі заманғы би (современный танец) түрлерінің («Кей-хоп,Хип- хоп») үйірмесін ашып отырмыз. Қазіргі таңда осы бір би түріне ата-аналардың да, балалардың да қызығушылығы жоғары. Сондай-ақ, қыз балалардың бойын тік ұстауы, әдемі өсуіне әсері бар гимнастика үйірмесіне жазылушылар саны артып келеді. Жалпы, бүлдіршіндердің саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған осындай ақылы  үйірмелер жумыс жасауда. Одан басқа, біздің мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі таэквондо үйірмесін жүргізеді. Қыз балалар гимнастикаға қызықса, ұл балалар арасында осы таэквондо үйірмесіне қатысатындары көп. Бүгінде 30-дан астам ұл қатысып жүр. Осы жерде мақтанышпен айта кетер жай, үйірменің ашылғанына 2 апта болмай жатып,   Түркістан облысы таэквондо WT федерациясының және  Түркістан қаласы “Тарлан» денешынықтыру- сауықтыру клубтарының ұйымдастыруымен өтілген  сайысқа қатысып, 4 оқушымыз жүлделі орындарға ие болды.

Бәрекелді! Алдағы уақыттың еншісіне қалдырып отырған тағы да қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Алдағы уақытта ата-аналардың сұранысына орай ақпараттық технологиялар (ІТ) мен робототехника үйірмелерін ашсақ деп отырмыз. Ол үшін біршама қаржылық қажеттіліктер туындап жатыр. Орайы келіп жатса, ол күнге де жетеміз.

Мектеп қазақ және орыс тілдерінде оқытады. Және мектепалды даярлық тобымыз бар. Мұндай топ қажет-ақ. Себебі, баланы қазіргі жаңартылған білім бойынша мектепке дайындау бағдарламасына ілесіп кету, мектепке барған кезде пәнді жетік меңгеріп кету үшін арнайы дайындықтың болуы біраз жұмысты жеңілдетеді. Ең көп келіп жатқан сыныбымыз осы топ.

Жалпы, біздің мектептің басты мақсаты – құндылықтарға негізделген білім беру. Мектептегі үйірмелер мен тәрбие жұмыстарының барлығы да балалардың бойында заманауи құндылықтарды қалыптастыру негізіне құрылған.

Мектепке қабылданатын балалардың жас мөлшері қандай?

– Біздің мектеп мектепалды даярлық тобына және бастауыш сынып (1-4 сыныптар) оқушыларына арналған. Дегенмен, қазіргі балаларымыздың өсуіне қарай алдағы уақытта 5-6 сыныптарды ашу жоспарымызда бар. Яғни, қазіргі 4-ші сыныпты бітіретін балаларымыз келесі оқу жылында 5-ші сыныпта осы мектебімізде жалғастырса деп жобалап отырмыз.

Келесі оқу жылынан бастап 5-6 сыныптарды оқытар болсақ, мұндағы басты ой зияткерлік мектептердің арнайы бағдарламалармен оқыту. Сондай-ақ,  түрлі халықаралық зерттеулерге қатыстырып, сол деңгейде шәкірт дайындасақ деген жоспарымыз бар.

Мектепалды даярлық сыныбы

«ҚҰЖАТТАР МЕН МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗА ТАЛАПҚА САЙ БОЛСА, МЕКТЕП АШУ ҚИЫН ЕМЕС»

Еңбек жолыңыз бен қазіргі мектептің білім беру жағдайымен таныстық. Енді, жекеменшік мектеп ашып, кәсіп бастарда кезіккен қиыншылықтар мен қуаныштарыңызбен бөлісіңізші. Білім саласының маманына шаруашылық жүргізетін экономист болу қиын емес пе екен?

– Негізі, мектебіміздің құрылтайшысы бар. Жарғылық капиталы, бастапқы қаржылық қажеттіліктерді сол құрылтайшы көтерді. Мен – мектеп директорымын. Дегенмен, мектеп құруды жоспарлаудан бастап, лицензия алу, құжаттарын әзірлеу, кәсіпке айналдыру секілді шаруалардың басы-қасында бірге жүрдік. Жан-жақты іздендік,  қандай мүмкіндіктер бар, қанша қаржы кетеді дейтін сауалдармен бас қатырдық.

Әрине, кез-келген іс бастарда қиындық кездеседі, онсыз болмайды. Басы артық қаржы болмаса, кәсіп ашу қиын. Мұндағы басты талап – балаға жағдай жасау үшін  заманауи талапқа сай жабдықтау.

Сүйікті ісімізді кәсіпке айналдыру барысында кезіккен қиындығымыз – қаржы мәселесі болды. Ол да рет-ретімен шешілді.

 Бұрыннан білім саласында жүргендіктен болар, кәсіпкерліктің сауда секілді түрлеріне икемім жоқ еді. Бірақ, өзім сүйетін білім саласын кәсіпке айналдырдық. Балаға сапалы білім беру керек екеніне, және қашан да осы талапқа сұраныс бар екеніне көзіміз жетті.

«Кітап бұрышы»

«НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМЫМЫЗ: АТА-АНАНЫҢ ҚАЛТАСЫНА САЛМАҚ САЛМАУ»

Жаңадан жүзеге аса бастаған «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» жүйесі жайында айтып беріңізші. Мемлекеттен бөлінетін қаржы мен ата-ана төлейтін жарнасы қанша?

– Білім саласындағы «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасын жүзеге асыру жылдан-жылға күшеюде. Түркістан қаласы облыс орталығы болған сәтте жеке меншік мектептер көбірек болса, балалар сыймай жатқан мектептерден келіп оқыса, ол мектептер ата-ананың қалтасына қонымды қолжетімді болса деп армандайтынмын.

Біздің мектеп Түркістан қаласындағы 10-шы жеке меншік мектеп болып ашылыпты. Алматы мен Шымкент қалаларындағы жеке меншік мектептерді көріп жүрміз, олармен әріптестік орнаттық. Республикалық жеке меншік мектептердің ассоциациясы бар, төрайымы Роза Шәріпқызы. Осы қауымдастықтың семинарлары, курстарына ұдайы қатысып, тәжірибе жинақтап жатырмыз.

Сөзімді қорытындылай келе, менің бір байқағаным, жеке меншік мектеп қай жерден ашылмасын, мейлі ол қаланың шетінде, немесе бірнеше мектеп қатар орналасса да ата-аналардың сұранысына ие екен. Қазір баласының сапалы білімі мен тәрбиесіне қаржысын аяп жатқан ата-ана жоқ. Алдағы уақытта облыс орталығына айналған  рухани астана Түркістан қаласында балалардың жан-жақты дамуына арналған білім ордалары,қосымша білім беру орталықтары көбейе бермек деген ойдамын.

Барлық ару, аналарды, ақ жаулықты әжелерімізді, қыз-келіншектерді алдағы келе жатқан 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз ілгерілеп, саналы да білімді ұрпақ тәрбиелей беріңіздер!

Әңгімелескен С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Түркістан қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика