«Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистралды газ құбыры желілік бөлігінің алғашқы торабын дәнекерлеу рәсімі шеңберінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Түркістан қаласын газбен жабдықтау жөніндегі жобасы таныстырылды. Бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде қаланы қажетті көлемдегі газбен қамтамасыз ететін автоматтандырылған газ тарату станцияның іргетасына ескерткіш капсула орнатылды. Болашақ ұрпаққа арналған аманат Жолдауға «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Бас директоры Қ.Қабылдин мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов қол қойды. Содан соң, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Қ.Шәріпбаев аманат Жолдауын ескерткіш капсуласына салды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Түркістан қаласын газбен жабдықтау жөніндегі жобасы 2013-2016 жылдар аралығында жүзеге асырылмақшы. Газдандыру жұмыстары «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистралды газ құбырының алғашқы бөлігі іске қосылған сәттен бастау алады.
Жобаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыстардың жалпы құны 9,7 млрд теңгеден астам. Газдандыру бойынша жұмыстар автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) құрылысынан басталады. Жобалық қуаттылығы бойынша сағатына 70 мың текше метр газ өткізе алатын бұл станцияның құны 419,7 млн.теңгеге бағалануда.
АГТС-тен қалаға қарай 3 шақырымдық газ құбыры жүргізіледі. Сондай-ақ жоба аясында 120,8 шақырымдық жоғарғы қысымды, 519,1 шақырымдық төменгі қысымды газ құбырының құрылысы, 2 бас газ тарату пункті, 14 газ тарату және 4 шкафтық тарату пункті және 32 187 жеке шкаф пункттерін салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта Түркістанда 157,5 мың адам немесе Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалпы халық санының 10% тұрады. Жоба бойынша газ тұтынудың бір жылдық болжамды мөлшері 92,6 млн текше метр көлемінде. Қаладағы көгілдір отынның әлеуметті тұтынушылары қатарында 21 992 тұрғын үй, 384 коммуналды-тұрмыстық кәсіпорын, 19 аурухана, 19 бала бақша, 60 мектеп, 68 өндіріс компаниясы және 18 мемлекеттік мекеме бар.
Киелі Түркістан қаласын газдандыру мәселесі үлкен экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызға ие. Республикамыздың рухани астанасы болумен қатар, қала Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ірі туристік және тарихи-мәдени орталығы саналады. Теңдессіз тарихи ескерткіштер кешені мен археологиялық, архитектуралық інжу-маржандар шоғырланған ежелгі қалаға келетін адам саны жылына 1 млн-нан асып түседі.
Түркістанды газбен жабдықтау жақын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін қажет техникалық база құруға да мүмкіндік береді.
Қызмет-ақпарат{jcomments on}
Leave a Reply