Қазан айының 26-сы еді…
tories/13456.jpg» width=»336″ height=»440″ alt=»13456″ style=»float: left;» />Не болып еді, сол күні деп отырсыз ба? Еске салуды біз міндетімізге алайық.2015 жылдың қазан айының жиырма алтысы шымқалалықтар соның ішінде асарлықтар үшін есте қаларлықтай елеулі екі оқиғамен ерекшеленді.
Күн сәулесін шашып тұрған жай-машуақ сол күні Жер ана тосын мінез көрсетіп, бір сілкініп алды. Жаннан артық не бар дейсіз, алдымен, дабылдан кейін, елдің баласын сыртқа шығарып, соңынан мектеп алаңына ұстаздар шықты. Қауіп сейілгеннен кейін, оқу процесі әдеттегі қалпына түсті. Сол күні Мұхтар Шаханов келді мектепке.
Мұхтарлар туралы, бала Мұхтар не дейді?
Мұхтар деген аттың өзі араб тілінде таңдаулы, дара, еркін деген мағынаны білдіреді екен. Басқа саланы былай қойып, әдебиетті, көркем сөз саласын ғана айтар болсақ, Абайды күллі әлемге таныту арқылы қазақты танытқан Мұхтар Әуезов, шығармалары алпысқа жуық ұлттың тіліне аударылған Мұхтар Шаханов, өз шығармаларымен оқырмандарына кеңінен танымал жазушы Мұхтар Мағауин сынды азаматтарымыздың бар екенін ескерсек, есімнің адам тағдырына әсерін тигізеді дегенге тағы да бір көз жеткізгендей боласың.
Түркі халықтарына ортақ мұра «Манас» эпосын коммунистік идеологияның қылышынан қаны тамып тұрған уақытта айбатынан қаймықпай, халықтың санасынан өшіріп тастау әрекетіне қарсы шығып, әдеби мұрамызды сақтап қалған Мұхтар Омарханұлын қырғыз бауырлар айырықша құрметтейді. «Қырғыз үшін отқа салған қанатын, Ол — Мұхтар Әуезов болатын» деп ақын айтқандай, осы ерлігі үшін заңғар жазушымызды қырғыздар ата Мұхтар десе, 1959 жылдан бері әдебиет майданында еркін көсіліп келе жатқан Шахановты Әуезовтың жолын жалғастырушысы деген оймен бала Мұхтар дейді екен. Сол Мұхтар бүгін дара Мұхтар, дана Мұхтар деп атануына толық құқығы бар, атанып та жүр. Әдебиеттанушы Зейнолла Қабдолов өз еңбектерінің бірінде жазушының еңбегіне байланысты творчествоның азабы деген ойды айта келіп, Лев Толстойдың «…миллион сөз ойлап, соның тек бірін ғана таңдау- қандай азап?» деген сөзін мысалға келтірген болатын. Өз тарапынан бұған қосымша: « Алайда шын таланттың рахаты да сол — азапта: … миллион сөздің ішінен біреуін тауып, сол сөзді дәл орнына дір еткізе түсіру — азаптан туған рахат», -дейді. Ғалым сөз құдіретін өзі де барынша сезініп, барынша түсініп, сол азаптан өзі де рақат тапқаннан кейін айтқан болар. Сөзді тауып орнына қондыру азап болса, сол үшін өліп кетуің мүмкін екенін біле тұра, тайсалмай шын сөзді, шындықты айту — азаптың азабы екені тағы да рас. Мұхтар ағамыздың «Ақындықтың міндеті мен азабы» деген өлеңіндегі:
Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,
Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы.
Соңғы он жылда өз тілімде, ой-санамда жаңғырар,
Бір жақсы өлең оқымаппын өзімді таң қалдырар.
Қаншама жыр жаңалықсыз, түйсігі жоқ, алды бар,
Сөз тіркесі негізінде тек ұйқасы сән құрар.
Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны,
Ол биіктен бой көрсету – қиынның ең қиыны-
деген жыр жолдарын оқығанда, ұлы ақын болу өз алдына, онымен қоса шыншыл ақын болу – әркімнің маңдайына жаза бермейтін тағдырдың тартқан ғаламат бір сыйы екендігін сезінесің.
«12-3=?»
Ғасырлар тоғысында өмір сүріп, поэзия мұхитында алған бағытынан таймай, жыр кемесімен толқынын жарып келе жатқан ақын, кеңестік дәуірінде де іріп шіруге айналған тоталитарлық билікті өткір тілмен оңдырмай сынаған-ды. Кезінде орыстың шыншыл да сыншыл ақыны Е. Евтушенконың аударуымен КСРО-ны былай қойып, дүние жүзіне тарап кеткен, «12-3=?» деген өлеңінде биліктің жай-күйін философиялық тұжырымдарымен әшкере еткен болатын. Мұхтар Шахановтың даналығы – шығармалары арқылы философиялық ой қорытуында.
Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған Кеңес үкіметі кезінде ең жоғарғы мінберлерден жаны шырылдап, жалған айыптау мен жаладан тұтастай бір ұлтты, қазақ ұлтын, арашалап алғанын тарих ешқашан ұмытпақ емес. Әлемдік деңгейдегі классик жазушы, М. Шахановтың досы Шыңғыс Айтматов бұл туралы: « Мен Желтоқсан оқиғасын XX ғасырдың ұлы оқиғалардың бірі деп білемін. … Мұхтар – халқының қиын шақта жел өтінде ұстаған, ел ішінде батыр қатарында мойындалған перзенттерінің бірі. 1986 жылғы Кеңес Одағындағы тоталитарлық жүйеге қарсы батыл бас көтерген қазақ жастарын ақтап алуда, ол өз тағдырына төнген қауіпке қарамай, нағыз өрлік, еркектік мінез көрсетті…»,- деп баға берген еді. Қырғыз елінде елшілік қызметте жүріп, екі дос Алматы қаласына қызметтік сапармен келген сәтінде, КСРО-ның ең бірінші де соңғы президенті М.С. Горбочевтың келгенін біледі. Осы сәтті пайдаланып, М. Шаханов кезінде оның жасаған қылмысын мойындатып, халықтан кешірім сұратып, елдің кеткен бір есесін қайтарды.
М. Шахановтың тек сөзбен емес өзінің іс-әрекетімен де ұлт жанашыры, тіл жанашыры ретінде атқарған жұмыстарын айтар болсақ, бір мақаланың көлеміне сыймасы анық.
Сөз басында Шымқалаға келген ақынның Асардағы №90 мектепке арнайы ат басын тірегенін айтқан едік. Кездесудің өтуіне ардагер ұстаз Бөріхан Баймұсаұлы мұрындық болғанын атап өту керек. Ине шаншыр жер қалмаған мектеп акт-залындағы көпшілік қауым ақынды үлкен қошаметпен қарсы алды.Кеш бастала ақынның сөзіне жазылған әндердің орындалуы табиғаттың дүлей күшінен шошынып қалған оқушылардың қорқыныштарын сейілтіп, көңіл-күйлерін бір көтеріп тастады. Оқушылар мен ұстаздар ақын ағамыздың өлеңін мәнерлеп, нақышына келтіріп жатқа оқыды. Өлең оқу кезегі автордың өзіне келді. Ақыл-кеңес айтылды, өлең де оқылды.Ақын тудырған шығарманы кітаптан оқу бір бөлек, ал автордың өзі оқыған өлең бір бөлек дүние екенін тыңдарман барынша сезінгендей болды. Қазақтың салты бойынша келген қонаққа мектеп ұжымы мен қала тұрғындары атынан ақынның иығына шапан жабылды.
Осы күні мектепте «Асар» мөлтек ауданының құрылу тарихын баяндайтын мұражай ашылды. Оның алғашқы құрметті қонағы Шаханов болды.
Ақынмен өткен үш сағат көзді ашып-жұмғандай уақытта өте шыққандай әсер қалдырды, әдебиет сүйер қауым дара да, дана ақынымен қимастықпен қоштасты.
Ж.А. Қошқаров, Шымкент қаласы,
№90 жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Leave a Reply