ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА МОЛ МҮМКІНДІК АШЫЛЫП ОТЫР

Сараптама  

 

Ішкі туризмді дамытуға мол мүмкіндік ашылып отыр

 

 Қырғыздар соңғы жылдары туризмнен түсетін миллиондаған доллардан қағылды десек те, соншалықты жерге қарап отырған да жоқ. Бұрын осы саладан жылына 5 миллион доллардай табыс түсуші еді. Кезінде ондағы ушыға түскен қақтығыстар Ыстықкөлдің романтикалық қызықты демалысына ынтыққандардың аптығын су сепкендей сөндірген. Бір кезде Қырғызстанның уақытша Президенті болған Роза Отунбаева туристердің қауіпсіздігіне кепілдік беріп,  айыр қалпақты ағайындардың ресми өкілдері Қазақстанға сабылып, уәделерің үйіп төккенмен, жерлестеріміздің онда баруға ыңғайы байқалмады. Сол уәделерге сеніп барған жерлестеріміздің сондағы бұзақылардың қолынан қалай қаза тапқаны да есімізде. Есімізде ғана емес, қазақстандықтар қауіпсіздік кепілінің болмайтынын, мұның қырғыз мемлекетінің де қолынан келмейтінін сезіне түскен. Сонда да Ыстықкөлге барушылар аз емес. Ал, өзіміздің одан кем түспейтін Алакөлімізге қанша аңсарымыз ауғанмен, осы ғажайып мекенге барушылардың қатары жыл сайын өсіп барады деген жағымды ақпаратты естімейміз. Неге? Бұл тақырыпқа сәл кейінірек тоқталайық. Демалыстың адам өмiрiндегi рөлi өте зор. Сондықтан, алдымен кімнің қайда, қалай демалуға  аңсар екеніне көз жүгіртіп көрейікші.

Еуропалықтардың көпшiлiгi жаздың күндерiнде жылы аймақтарда, теңiздiң жағасында тынығуға құмбыл. Сондықтан олар бұл мерзiмде Оңтүстiк Еуропаның теңiз курорттарына ағылады. Немiстер мен француздар бiрiншi кезекте Испанияны бағытқа алса, ағылшындар Португалияға асығады. Ал, скандинавиялықтар Грецияны ұнатады.

 

Туристердi табиғи  ерекшелiктерi сақталған елдер қызықтырады

tories/77c64b.jpg» width=»500″ height=»375″ alt=»77c64b» /> 

Ең бастысы, туристердi табиғи  ерекшелiктерi сақталған елдер қызықтырады. Немiстер  дамыған, табысы мол аймаққа құмартса, француздардың жанына бұрынғы иелiктерiндегi отар елдер жақын. Сондықтан голландиялықтар Тайландқа, француздар Лаос пен Камбоджаға сапарлағанды қалайды. Негiзiнде еуропалықтардың барлығы бай емес, бiрақ экзотикалық қызығушылық туристiк нарықта олардың мақсатына әсер ете алмайды. Мәселен, француздар үшiн Мароккоға ұшу әбiгерi көп тiрлiк. Есесiне Солтүстiк Африкаға апталық турдың жолдамасын кез-келген супермаркеттен 500 АҚШ долларына сатып алады. Көпшiлiк сұранысының артқаны соншалықты, мұндай саяхатқа арналған жолдамалардың барлық дүкен сөрелерiнде  шұжық, сырмен қатар  сатылуы таңсық емес.

Немiстер белгiлi бiр фирманың автобусымен көбiрек саяхаттайды, ал, француздар керiсiнше, таныс жүздердi көргiсi келмегендiктен, жеке көлiкпен қыдырғанды қалайды. Олар, сондай-ақ, ағылшын тiлiнде қызмет көрсететiн орындардан гөрi француз тiлiнде сөйлейтiн жерлерге тоқтайды.

Американдықтардың басым көпшiлiгi демалыстарын туған өлкеде өткiзгендi жөн санайды.  Гавайяның жұмақ бұрышын айтпағанның өзiнде, климаттық аймақтардағы Флорида, Калифорния курорттары да көңiлден шығады. АҚШ-тың әрбiр тұрғыны өмiрiнде кемiнде  үш рет: балалық шағында,кейiн өзiнiң балаларымен, үшiншi кезеңде немерелерiмен  Дисней (алуан аттракциондар) паркiнде болуды парызы санайды. Зейнеткерлер де Диснейлендке жиi келуге тырысады. Американдықтардың шетке шыққысы келгендерi көбiнесе көршi Мексиканың демалыс жағажайларын жағалайды. Янкилердi Англия тарихи отаны ретiнде қызықтырады. Бiрқатар американдықтарда тереңнен тартқан тегi болмағандықтан, тамырын iздеп Англияға барады. Париж де американдық туристердiң осындай мақсаттағы сүйiктi астанасы. АҚШ азаматтары өздерiн ерекше жақсы көредi және барлық жерде өзгелердiң де өзiн ұнататынына сенiмдi. Мұның тағы бiр себебi орташа көрсеткiш деңгейiмен есептегенде, олар еуропалықтардан әлдеқайда бай болғандықтан, кез-келген елдiң қуана қарсы алатын қонағы болып табылады. әсiресе, қызмет көрсететiн қонақ үй қызметкерлерi, даяшылар мен такси жүргiзушiлерi олардың мәрттiгiн ұтымды пайдаланғысы келедi. Шет жерлерде американдықтар өздерiн бала секiлдi ұстайды. Көпшiлдiгiмен, тiл табысқыштығымен де ерекшеленедi. Қатты сөйлейтiндiктен дауыстары алыстан-ақ естiледi және саяхат туралы күнделiк жазуды ұнатады. Кейбiр өзен-көлдердiң жағасында немесе балшығында отырып-ақ құстардың әрбiр қимылын тапжылмай, жiтi қадағалауды да жаны сүйедi. Сол үшiн де ақшасын аямай төлейдi. Ал, бiздегiлер керiсiнше құс атқанды керемет демалысқа санайды.

Ал, жапондықтар жиi саяхаттайды деген пiкiр болғанмен, шын мәнiсiнде олай емес. Күншығыс елiнiң тұрғындары негiзiнен саяхаттауға құлықсыз. Туристiк орындарда кездестiрiп қалғандарының өзi АҚШ-та, Еуропада жұмыс iстейтiн, не оқитындары. Жапония тұрғындарының шетке шықпайтынының бiрнеше себептерi бар.  Орташа жағдайда өмiр сүретiн жапондықтар бай емес, сондықтан саяхат шығындары қымбатқа түседi. Екiншiден, олар әрдәйiм жұмысбасты, кезектi еңбек демалыстары да екi аптадан аспайды. Тiптi, ондаған жылдар тиесiлi еңбек демалысынсыз-ақ жұмыс iстей бередi. Саяхаттай қалғанның өзiнде де жолға шығатыны материалдық жағдайы жеткiлiктi зейнеткерлер. Осыдан бiрнеше жылдар бұрын алты күндiктен бес күндiк жұмыс режимiне көшкенiне қарамастан, бұрынғы дәстүр сақталып қалған. Олардың менталитетiнде жұмыс орнының қадiрi өте ерекше. Мәселенки, жұмыс уақыты алтыда аяқталатындығына қарамай, сағат сегiзге дейiн жұмыс орнында отыру олар үшiн жазылмаған заң. Бастықтан бұрын үйге қайту деген мүлдем болмайды. Демалыс күндерiн де дұрыс жоспарламайды. Егер бастығы демалыс күндерi гольф ойнағысы келсе, оған бағыныштылардың бұл ұсыныстан бас тарту деген ұғым қаперiне кiрiп те шықпайды. Алайда, мұнда жер тапшы болғандықтан, гольф алаңында ойнау да қымбат.

Алда-жалда жапондықтар шетелге шыға қалса, тобымен жүредi және топты басқаратын бастығы болады. Оған бағыну, айтқанын мүлтiксiз тыңдау қалыптасқан шарт. Мәселен, Парижге аттанса, Луврда болатынын бiледi және белгiлi бiр сағатты ғана бөлiп, сол мерзiмдi қатаң сақтайды. Немесе “Шанель” дүкенiнен  ғана сөмке алуды бiледi, тобымен сонда барып, бәрi бiрдей сөмке сатып алады. Мәскеуде жүрсе  бағдарлама бойынша мiндеттi түрде үлкен театрда, үлкен циркте және Арбатта болады. Олар тау шаңғысымен айналыспайды, теңiз жағасында демалуды да уақытты бекерге өлтiру деп санайды. Күн астында қыздырынудан мүлдем қашады. Жалпы, Қытай, Оңтүстiк-Шығыс Азияның кез-келген тұрғының өзi күн қақпаған ақ дененi әдемiлiкке балайды. Жапондықтарға Африканың немесе Таяу Шығыстың экзотикалық ерекшелiктерi түк те қызық емес. Осыған қарамай ресми мәлiмет бойынша туризмге шығу жөнiнен ең алдыңғы қатарда Жапония мен Австралия тұр.

 

Қазақтардың демалысы әлеуметтiк жағдайына қарай жiктеледi

 

Қазақтардың демалысы әлеуметтiк жағдайына қарай жiктеледi. Бюджеттiк салада қызмет ететiндердiң көпшiлiгi еңбек демалысына берiлген қаражатына  жинаған ақшасын қосып, үйiне кондиционер сияқты тұрмыстық заттар, жиһаз сатып алғанды жөн көредi. Кейбiреулерi демалыс уақытын үйiн жөндеуге арнайды. Қазекеңдер еңбек демалысын тынығуға жоспарлай бермейдi. Ағайын-туысқа бiр-екi күнге қыдырып баруды да бiткен iске санайды. Сенбi-жексенбiде той-томалақ, құдалыққа барып, қалған мерзiмде үйiнен шықпайтындары да бар. Ауылдағы ағайындардың көпшiлiгi жұмыссыз болғандықтан, олар өздерiн онсыз да “отпускiде” жүрмiз деп әзiлдейдi.  Орыстар демалысын жыл бойына жоспарлайды. Айлығынан жырымдап қаражат жинайды. Әлеуметтiк жағдайы орташаларының өзi шетелге демалуға асық. Негiзiнен бала-шағасымен баруға тырысады. Сенбi-жексенбiнi де отбасылық демалысқа, саяжайда тынығуға жоспарлайды. Ал, балық аулау, аңға шығу орыс пен қазаққа тән бiрдей қасиет.

Қалтасы қалыңдар шетелге шығып, ел, жер көргендi жөн көредi. Олар өз елiмiздiң табиғаты керемет, көрiктi жерлерiн онша менсiнбейдi. Өйткенi, ондай аймақтарда демалушылар үшiн мүлдем жағдай жасалмаған. Таулы бөктердiң тұрғындарынан сыр тартсаңыз, тәулiктiк қонатын жер iздеп келушiлер көп. Ал, оларға қызмет көрсетiп, ақшасын алып қалуға ауыл тұрғындары құлықсыз. Ары кетсе, қымыз, айран, пiскен жұмыртқа сатудан аспайды. Экотуризмдi дамыту ешкiмнiң де ойына кiрiп шығар емес. Бiр күндiк “майевкамен”  шектелушiлер жаны ашымастықпен орындарында ыбырсыған қоқыс қалдырып, әсем табиғатты сұрықсыз күйге түсiредi немесе темекi тұқылын өшiрмей тастап, өрт шығарып кетедi. Оны қадағалайтын жан тағы жоқ. Ал, отандық туризмнің ішкі жалпы өнімнің қанша пайызын құрайтынын айтуға ауыз ұялатындай. Жергілікті әкімдіктер аймақтық ыңғайына қарай туризмнің қызмет көрсету саласын дамытуға күш салмайынша, жағдай осы қалпында қала бермек. Мәселен, Алакөлге апаратын жолдың азабын айтыңыз! Ойдым-ойдым асфальт машинаңызды талқандаумен қатар, жүйкеңізді тоздырады. Ондағы қызмет көрсету сферасы салыстырмалы түрде алсақ, әрине, Ыстықкөлге жетпес. Дегенмен, бағасы қолжетімділігімен қызықтырады. Апарар жолды түземей, сапа стандартына сәйкестендірмей, көл маңындағы бизнес құрылымдарды жаңғырта алмаспыз. Демалушылардың талғамына сай алуан қызмет орындарын лайықтамасақ, қатарын қалай арттырармыз?

Қазір дағдарыстың шетелге барып демалушылар мен ем алушыларды тығырыққа тірегенін көріп отырмыз. Доллардың шексіз өсуі туристік компаниялардың жұмысын тұйықтауда. Демек, ішкі туризмді дамытуға мол мүмкіндік ашылып отыр. Десек те, әлі қауқарсызбыз. Неге? Себебі белгілі. Туризм менеджменті дамымаған.

 

Дұрыс демала бiлу—мәдениеттiлiктiң белгiсi

 

Қазақстандық демалушылардың басым бөлігі Бурабай сияқты айтулы орындарды таңдап отырғаны байқалады. Оңтүстік өңірде де демалатын көрiктi орындар көп. Қасқасу, Сайрамсу, Бiркөлiк, Өгем, Ақсу-жабағылы, Машат, т.б.!  Алайда, жоғарыда атап өткеніміздей, жатын орындар тапшы, демалыс-сауықтыру кешендері жеткілікті ұйымдастырылмаған. Тым болмаса ат спорты, атпен серуендеуге жағдай жасалса, оған да қызығушылар табылар еді. Сайрамсу мен Өгемге барушылар ағаштан жасалған моншаға буланып, таудың сүйек қарыр мұздай өзеніне күмп бергенде, анадан жаңа туғандай жадырап шыға келетінін тамсанып айтады. Таза ауа мен табиғат пейзаждарының өзі жанға дауа. Ал, тауға жамырай қаптаған аршалар сұлулық қана емес, кислородтың көзі. Медицинада екі аршаның арасында операция жасаған практикалар болған. Оның қасиеті айналасындағы микробтарды жойып жібереді екен. Тынығушылар үшін оңтүстіктегі ғажайып, көрікті мекендердің тамсандырар тұстары мол. Тек ақпараттық, жарнамалау жағы жоқтың қасы. Осы орайда Түркия сияқты мемлекеттердің туризмді қалай дамытқаны жөніндегі тәжірибесі ойға орала беретіні бар. Бұ тақырыпқа да сәл кейнірек тоқталармыз.

Дұрыс демала бiлу—мәдениеттiлiктiң белгiсi. Жақсы тыныққан адамда денсаулық ойдағыдай, күш-қуат мол, көңiл-күйi көтерiңкi болады. Жұмысыңыздың  алға басуына оның тигiзер септiгi зор.

Табиғат  экотуризм тұрғысынан алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысына  керемет сый берген. Көз тоймайтын көрікті мекендердің  мол болуы – шымкенттіктердің бақыты. Көктем, жаз, күзді айтпағанда, қыста да қызығы таусылмайтын демалыс орындары баршылық. Соның бірі – Шымкент қаласынан 50 шақырым қашықтықтағы «Алатау» тау шаңғысы базасы. Төлеби ауданының Нысанбек ауылы төңірегінде тау бөктеріне орналасқан базада жақын арада нағыз думан қызады. Теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан шыңнан шаңғымен ойқастап түсу де бір ғанибет.

— Мұнда тек жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдіктер де жиі келеді. Әсіресе, малайзиялықтар мен ағылшындар  да шаңғы тебуге машықтанып жүр. Демалушылар үшін 4-7 мың теңге аралығында қарапайым бөлмелерден бастап, люкс бөлмелерге дейін бар. Арнайы коттежде  шомылатын душ, асхана да қызмет көрсетеді. Одан бөлек, ағаштан жасалған әсем асханалық коттедж де келушілердің думанды ордасына айналуда. Қазақстан бойынша ең төменгі қызмет көрсету бағасы бізде. Шаңғылардың  қарапайымын -1200, жақсыларын 2500-3000 теңгеге жалға алуға болады. Одан бөлек шана, сноуборд та жалға беріледі, – дейді «Алатау» тау шаңғы базасы» ЖШС-нің әкімшілігі.

— Айналаға қараңызшы, қандай керемет пейзаждар, — дейді іссапармен келген «Қазақстан» телеарнасының спорт шолушысы Индира Бектенова. – Таза ауа,  қысқы климаты да қолайлы, әрі бағасы да тұрғындардың қалтасына салмақ салмайды. Әбден қызыққа батқан демалушылардың  қуанышын тамашалаудың өзі ғажап екен! – деген еді бір келгенінде.

Шымкентте жер қарайып жатқанмен, мұнда қар молынан түседі. Серіктестік директорының айтуына қарағанда, осы базада қар аз жауған жылдың  өзінде маусымда 5 млн 866 мың теңге кіріс түсіпті.  Аумағы 82 га жерді алып жатқан базада небәрі 12 адам қызмет істейді және қай-қайсысы да кемі екі мамандықтан игерген.

Бәрі шетінен электрик. Өйткені, 1370 метрге дейін тасымалдайтын аспалы бугельді қанатты жол тоқтап қалмауы керек. Бұзылып қалмас үшін керекті жерлерін уақтылы майлайды, кешке жұмыс уақытының аяқталғанына қарамастан, ұжым болып жабылып, ақауларын тексеріп, жөндейді. Бұзылып  қалатын жабдықтарын алдын-ала тапсырыспен алдырып отырады.  Негізгі табыс осыған кетіп отырады. Электр қуаты қымбат болғанымен, көп пайданы көздемей-ақ, демалушылар  үшін бағаны қалтаға қарай ыңғайлап отыр.

 

Жастар қазір шаңғыдан бөлек, сноубордқа да қызыға бастады

tories/snoubordsport10852908951.jpg» width=»410″ height=»336″ alt=»snoubordsport10852908951″ /> 

– Өйткені, адамдар салауатты өмір салтын ұстануы керек. 14 жасқа дейінгі балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Біріншіден, бізге келушілер денсаулығын түзейді. Екіншіден, әуесқойлықтан басталған спорт түрі арамыздан болашақ олимпиада чемпиондарын шығарып жатса, үлкен қуаныш емес пе? Жастар қазір шаңғыдан бөлек, сноубордқа да қызыға бастады. Сноуборд та спорттың керемет түрі емес пе? Шетелдерде дамыған спорттың бұл түрі бізде енді қарқын алатын шығар, қазірдің өзінде бізде үйреніп жатқандар көп. Біздің  қызметкерлеріміз нұсқаушылықты да үйренген, азғана ақыға демалушыларға шаңғы тебуді жылдам үйренуге көмектеседі,  – дейді серіктестік басшылығы.

Біз осында демалушылардың біразымен сөйлестік.  Шымкент қаласының тұрғыны Ержан Шалов  – осында жиі келіп тұратын клиенттің бірі. «Маған мұнда демалған керемет ұнайды, шаңғы тебу – адамды шаршатпайтын, миын тынықтыратын керемет спорт екен, – дейді ол.

Тау шаңғысы базасына журналистер де жиі келеді екен. Бір кездері осы базаны салған, сол кездегі облыс әкімі, кейін Парламент Сенатының депутаты болған Болат Жылқышиевтің атына да алғысымызды жаудырып жаттық. Ләйім, елдің игілігіне қызмет ететін, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін осындай  орындар көбейе берсе екен!

Таудың керемет бөктеріне орналасқан  «Алатау» тау шаңғы базасы» жанында «Тау самалы»  заманауи демалыс кешені бар. Көпқабатты демалыс орнымен бірге ағаштан жасалған коттеждерге де тапсырыс бере аласыз. Әрине, бағасы сәл қымбаттау дегенмен, мұнда келушілер де көп. Есесіне кешеннің бассейнде арнайы өсіріп жатқан форель балықтарын тамашалап отырудың өзі бір ғажап!  Ақылы түрде аулауға да болады. Сол төңіректе ауылдың балалары аттарын жетектеп жүреді. Атпен серуендеймін дейтіндердің қарасы мол. Сағатына келісім бойынша 300-500 теңге аралығында саудаласуыңызға болады. Қарда жүретін моторлы шаналар да (снегоход)  жалға беріледі.

Бір әттеген-айы, мұндағы жерлердің бәрі кәсіпкерлерге берілгенмен, өз кәсібін бастамағандар бар. «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты «Алатау» тау шаңғы базасына» да жазғы бассейндер, қосымша ғимараттар салу үшін қаражат ауадай қажет. Коммерциялық негізде істейтін база өз күштерімен мұндай тірлікті атқаруы қиын. Әлі мұнда жазғы велосипедпен серуендеу, жазғы спорт алаңдарын, т.б. салу қажет-ақ. Ішкі туризмді айтпағанда, шетелдіктерді көптеп тарту үшін атқарылатын шаруа шаш-етектен болып тұр. Бұл мәселелердің бәрі шешімін тапса, ауыл тұрғындары үшін де қосымша жұмыс орындары көбейер еді. Жақын маңдағы ауыл қазірдің өзінде бие байлап, сүт-айранын да, құрт-ірімшігін де, етін де келушілерге ұсынуда. Сосын шетелдіктер үшін жарнама жеткіліксіз. Әрине, мұның бәріне қаржы қажет. Әйтпесе, тау шаңғысының құмарлары үшін мұндай арзан баға еш жерде кездеспес. Бала – болашағымыз десек, мектеп оқушылары үшін де түрлі мәдени-спорттық шараларды өткізуге өздігінен-ақ сұранып тұрған өңір бұл. Расында, осы төңіректе қысы-жазы жұмыс істейтін «Тау самалы» балалар лагері бар. Сол лагерьді Қазақстанның «Артегі» деп атайды. Кезінде небәрі 80 мың теңгеге сатылып кеткен лагерьді облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет меншігіне қайтарып, қайта жөндеуден өткізіп, жасөспірімдердің игілігіне айналдырған. Әр әкім осындай бір қамқорлықтан жасап тұрса, осы демалыс аймағының керемет орынға айналары сөзсіз. Дегенмен…

Иә, дегенмен бір нәрсені айтпай кетуге болмайды. Мысалы, еліміздің тәуелсіздік алуы туристік қызметті реттеу мен халықтың  тарихи және мәдени мұрасын жаңғырту үшін мол мүмкіндіктер ашты. Туризмнің  тез және тұрақты өсуін, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық саласына және қоғамның әл-ауқатына күшті ықпалын назарға ала отырып, Үкімет туризмді Қазақстан экономикасының  маңызды секторы деп анықтағанмен, бұл салада әлі де жетімсіз тұстар көп. Ең бастысы, аудандарда туризм менеджерлері жоқтың есебі. Сонда аталмыш саланы қалай жаңғыртамыз? Рас, мемлекет тарапынан тарихи кешендерді, мәдени мұраларды жаңғыртуға тұрақты қаржы бөлінуде. Іс осымен ғана бітпейді ғой. Мәселен, екінші Мекке атанып жүрген Түркістанға жылына миллионға жуық адам келетін көрінеді. Соның нәтижесі шығар, сол қалада шағын және орта бизнестің дамуы қарқынды өскен. Мейрамханалар мен қонақ үйлер көптеп ашылып, басқа да қызмет көрсету сфералары алға жылжыған.

Ал, кезінде Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет Бурабай аймағын дамыту туралы арнайы бағдарлама бекіткен. Соған байланысты 2012-2013 жылдың өзінде  13 миллиард теңге бөлінген. Солай біраз іс-шаралар атқарылғанымен, ондағы туризмнің керемет дамып кеткенін көрген жоқпыз. Бурабай да туризмді дамыту үшін құдайдың Қазақстанға берген сыйы деуге болады. Мұнда қазір 200-ден астам демалыс үйі мен отель бар. Жылына туризмнен шамамен облыстық бюджетке миллиард теңге табыс түседі. Ойын бизнесінің өзі (казино, т,б.) миллиардтан астам  теңге кіріс әкеледі екен. Десек те, дұрыс орналасу, тамақтану, жататын орын, сервис, бәрі-бәрі әлі де дұрыс жүйеге түсірілмеген. Бұл енді Бурабайға ғана қатысты емес, республикамыздың барлық аймағында да осыған ұқсас жағдай. Мемлекеттің кәсіпкерлікке кең өріс ашып жатқанын бизнесмендеріміз де толыққанды пайдалана алмай отыр. Жер жаннаты Бурабайға көршілес Ресейден де демалушылар көп келеді. Біз арнайы барып, зерделеп көргенімізде қызмет көрсету саласының кемшін түсіп жатқанын байқағанбыз. Тамақтандыру орындарының қалыптаспағаны бірден аңғарылады. Әрі тамағы қымбат, әрі дәмді тамақ табу қиын дейді келушілер. Қай қызметте болсын, бағаның қымбаттығы да маңызды рөл ойнайды. Біздіңше, мұның бәрін біршама үйлестіру керек сияқты. Осы жерде нені айтуға болады?  Туризм потенциалын жоғары деңгейде дамыту үшін  аталмыш салаға кәсіпқой менеджмент пен маркетинг ендірілуі қажет. Сонда ғана туризм құрылымдарының әрқайсысы өзінің нақты міндеттерін  тиімді жүзеге асыра алар еді. Алайда, теориялық дайындығы мықты, кәсіпқой маман-менеджерлер санаулы немесе жоқтың қасы. Оның үстіне туризмді дамыту жөніндегі тәжірибеміз аз, әрі аталмыш салаға маркетинг пен менеджмент жүйесі енді ғана дендеп еніп келе жатқандықтан, оны игеру үшін билік пен ғылым тарапынан да үйлесімді де нәтижелі бағыттарға көбірек күш салынып, тынымсыз жұмыс істеу керек. Туризм басқармаларындағы мемлекеттен жалақы алып отырған қызметкерлерден табыстың тиімділігін сұрайтын уақыт жетті. Олар бар мәліметті жинақтап, сайтқа салумен, қағазбастылықпен айналысумен шектелмеуге тиісті.

Рас, жарнама ең бірінші кезекте тұруы керек. Сонымен қатар, ішкі туризмді дамыту үшін шетелдіктерді кеңінен тартуда түрлі тілдерді білетін менеджерлер мен гидтерді даярлау да – уақыт талабы. Кәсіпкерлікті дамытуда қаржылық менеджменттік басқаруды үйрету де күн тәрбіндегі өткір мәселе. Бұл орайда олардың көпшілігінен  өрісті кеңейтуге бағытталған стратегиялық жоспарларды көре алмайсыз. Қолындағы барын ұсынып отыру, біздіңше, бизнестің өрісі емес. Туризм — бұл экологиялық жағынан таза табыс көзі ғана емес, игерілмей жатқан шексіз ғылым.

 

Аң аулау Қазақстанның мәдениетінде ерекше орын алады

 tories/ulttyqsport.kz.jpg» width=»448″ height=»299″ alt=»ulttyqsport.kz» />

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында мінәжат ету мен емдеу-сауықтыру туризмі ғана қалыпты даму үстінде. Ал, экологиялық демалыс әлі баяу қалпында. Балық, аң  аулау туризмі сондай күйде. Соңғы екі бағытта шеттен саяхаттап келушілерді тартуда мардымды жұмыс көріп тұрғанымыз жоқ. Облыстың  Ордабасы, Қазығұрт, Төле би, Созақ, Түркістан, Түлкібас, Отырар және Бәйдібек аудандарында аң аулауға пайдаланылатын жерлер мол. Қазақы тазы жүгіртіп, бүркіт, сұңқар сияқты кұс салу сияқты ұлттық аңшылыққа негізделген туризмге ден қоюшылардың қызығушылығын арттыра түседі. Аң аулау Қазақстанның мәдениетінде ерекше орын алады. Саяхатшылық қола ғасырынан бері мәлім. Аң аулау үшін қаршыға мен ірі сұңқарлар жаттыққан. Қолыңда жыртқыш құсы бар салт атты – азиялық даланың символы іспеттес. Шымкенттіктер үшін аңшылыққа, балық аулауға шығу үшін Оңтүстік Қазақстанда көптеген өзендер етек алып жатыр. Ең ірілері – Сырдария, Арыс, Бадам, Боралдай, Бөген. Сосын Бөген, Шардара, Тоғыс сияқты су қоймалары да бар. Жазда мұнда демалушылар аз емес.

Қайықтар, катамарандар барлық оңтүстіктердің арсеналында бар. Экстималды туризмді ұнататындардың қатарына қосылуға немесе арнайы аңшылық дүкендерінде керекті құралдарды сатып алуға болады.

Осы жерде бір ескеретін нәрсе, балық аулауға жазда құмартушылар көп болғанмен, қыста қармақ салушылардың легі толастайды. Өйткені, жататын орын жоқ. Кейбір қалталылар Сырдарияның бойынан фазендаларды заңдастырып алғанмен, тек өздері үшін демалыс аймақтарына айналдырған. Олар аз ғана ақымен демалушылар үшін жағдай жасаса, қысы-жазы келушілер үзілмес еді. Көксарай су қоймасының маңайында жаздың аптап ыстығында да балық аулаушылар қаз-қатар тізіліп, дүйім елді құрайды. Бірақ, онда кәсіпкерлік жүйе құрылмағандықтан, қазынаға пайда түспейді. Бұл жерге Ресейден де ат арытып келіп жатқандар бар. Плотина маңында шоршыған ірі балықтарды қызықтап қарап тұрудың өзі бір ғанибет! Ал, балық аулаудың нағыз құмарлары үшін жердің шалғайлығы сөз емес. Демек, мұнда да туризмнің инфрақұрылымдарын жасау қажет.

Қырғызстан мен Өзбекстанның тауларымен шектесетін Өгем шатқалындағы өзендерде ханбалықтарды – маринка мен форельдерді аулауға болады. «Сайрам — Өгем» ұлттық паркіне қарайтын бұл аймақ ақылы және бағасы да қолжетімді, дегенмен, балық аулауға рұқсат жоқ. Бұл өңірге тікұшақтармен туризмді ұйымдастыруға болады. Жаз мезгілінде тек жол талғамайтын көліктермен бара аласыз. Есесіне, адам аяғы баспаған дәрілік шөптердің аңқыған иісі мұрын жарып тұрады. Моншасы мен жатын үйлері туралы мақаламыздың орта жағында айтып өттік. Бұл өңірде негізінен орманшылар әулеті тұрады. Қыста жол жабық болады. Білетіндердің айтуына қарағанда, кейде екі көлік сыймайтын жалғыз жол тоғыз километр биіктікте. Жанынан қарағанда құз секілді. Әдемі пейзаждардың нағыз көзтартар осы аймағында демалған да, демалмаған да арманда. Құдайдың құдіреті-ай десеңізші, саф ауасын айтпағанның өзінде, «Қырық қыз» сияқты  табиғаттың өзі жаратқан ескерткіштерін  көз тоя тамашалаудың өзі неге тұрады? Осында бір күн демалудың өзі – бір жылға күш берер азық. Жергілікті тұрғындармен келіссеңіз, атпен серуендетіп, не жаяулатып тау үстіндегі Сусіңгенге апара алар еді. Шымкент қаласында жаздың күндерінде кейде күннің қызуы 50 градусқа барғанда, Сусіңгенде ала-ала боп қар мен мұздықтар еріп жататын кездер де болады. Аңызға сүйенсек, Шымкенттегі Қошқар ата өзені осы Сусіңгеннен бастау алады. Облыс орталығындағы осы қасиетті өзенге тұрғындар негізінен дертіне дауа іздеп түседі, бірі спорттың бір түрі ретінде денешынықтыру мақсатында шомылады. Суы тастай ол өзенге кейде аяғын батырып көрген ер азаматтарымыз да шомылуға дәті шыдамай жатады. Оңтүстікке қыдырып келушілер кейде осы өзенге түсіп, оның қасиетіне таң-тамаша қалатынын талай көріп те, естіп те жүрміз.

Бұдан өзге Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудандарында атпен және жаяулап саяхаттаушыларға, сондай-ақ туризмнің басқа да түрлеріне кең жол ашылған.  

Әрине, біз бұл мақаламызда жетіспей жатқан кемшін тұстар мен бар нәрсені шамамыз жеткенше саралап көрдік. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда туризмнің дамуына біржақты баға беруге де болмас. Іскер кәсіпкерлердің арқасында қонақ үйлер бизнесі де қанатын кеңге жайып тұр. Қазіргі заманға сай мейрамхана, турбаза, кемпинг, басқа да орналастыру нысандарының құрылысы мен қайта құрылысына, сонымен қатар, келушілерге ұсынылатын түрлі тағам мен демалыс орындары, мейманхана, кафе құрылысына зор көңіл бөлінуде. Біздің айтпағымыз, қазіргі қаржы дағдарысында шетелге шығу азайған тұста еліміздегі туризмде менеджменттік жүйені одан әрі сабақтастыра түсіп, жүйелілігін қамтамасыз етсе, кешенді түрде бұрынғыдан да мол қаржы мен күш жұмылдырылса деген тілек. Өйткені, дәстүрлі маркетинг пен қызмет көрсету маркетингі одан әрі күнделікті дамыта түсуді қажет етеді. Өте қарапайым мынадай мысал келтіріп көрелікші: Түркияға жылына шамамен он миллионға жуық  саяхатшы келеді. Әр мейман Түрік елінен 200 доллардың тауарын сатып алғанның өзінде, 2 миллиард доллар тастап кетеді екен.  Туризмнің ерекшелігі де сонда, тек қызметті ғана емес, тауарларды да сатады. Біздің ел де осындай табыстарға қол жеткізе алар ма еді? Әрине, қол жеткізе алады. Ішкі туризм нарығынан импорттық нарыққа бейімделетін уақыт жетті. Туристік маркетинг пен менеджменттік жүйені қолдануға, жетілдіруге қабілетті мамандардың қажеттігін сөз еткеніміз де сондықтан.

  

                             Дидар Бегалиев

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика