Ақмола облысындағы «ұйқыдан көз ашпай отырған» Калачи ауылының «дертіне» қатысты нақты қорытынды жасалмай отыр. Соңғы рет ауыл тұрғындарына жасалған медициналық тексеріс нәтижесі олардың сау екенін көрсеткен, сондай-ақ топырақ, ауа мен суға жасалған сараптама да нормаға сәйкес болып шықты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен мәжілісте сала жетекшісі Қасымжан Ташметов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Калачи ауылының тұрғындары бойларындағы жайсыздықты, атап айтқанда: енжарлық, әлсіздік, бас айналу, ұйқышылдық, есінен тану, жүйке-жүйенің тозуы сынды белгілерді екі жылдан бері байқап келеді.
«Осындай шағымдармен жүгінгендердің бәрі аудандық ауруханада тиісті ем-домбарын қабылдап жатыр. Сондай-ақ Ақмола облыстық ауруханасының дәрігерлерінен – токсико-лог, инфекционист, невропатолог, психолог, психиатрдан – жасақталған арнайы көшпелі бригада құрылды. Дәрігерлер науқастардың дені сау екеніне көз жеткізіп қайтты. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын жаппай медициналық тексерістен өткізу жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күні 70 адам тексерістен өтті. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, ауытқулар мен халінің нашарлауы ешбір тұрғынның бойынан байқалмайды деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы халық сау», — деп әңгімеледі Қасымжан Қалижанұлы.
Ауыл тұрғындарын белгісіз дерттен айықтыру үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Оның құрамына санэпидқызмет, денсаулық сақтау органдары, ТЖМ мен ІІМ қызметкерлері кірді. Сондай-ақ бірнеше ғылыми институттар да атсалысып отыр: Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты (Семей), Еңбек гигиенасы мен кәсіби дерттер ғылыми орталығы (Қарағанды) және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің экология кафедрасы.
«Кеше ғана комиссия жұмысын аяқтап, жергілікті жердегі қоршаған ортаның, радиациялық жағдайының, сыртқы ортаның барлық нысандарының (топырақ, ауа және т.б.), азық-түлік, су мен бау-бақша өнімдерінің сапасына баға берілді. Нормадан ауытқушылық байқалмады, олардың құрамынан радионуклейн, ауыр металл тұздары табылған жоқ», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Leave a Reply