Бүгінгі сұхбат аланың қонағы – филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым Жанымгүл Камалқызы. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де ұзақ жылдар ұстаздық еткен, бүгінде зейнет демалысындағы профессордың ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағылымы тұрғысында айтары аз емес.
Әрбір бала – тағдыр, оған немқұрайды қарауға да, оны адастыруға да болмайды
– Жанымгүл апай, Фейсбук парақшаңызда «…Діни ағартушы ақын Ақылбек Сабалұлы: «Бала оқытпақ – пайғамбар фатихасы» деген. Оқыту – пайғамбарлар салған қасиетті жол. Сол жолды таңдаған мұғалімнің міндеті ауыр, үдесінен шыға алса – абыройлы орны биікте» деп жазыпсыз. Өзіңіз де өмір бойы ұстаздықтық еттіңіз. Сіздің қабылдауыңыздағы ұстаздың келбеті қандай? Қазіргі қоғамдағы ұстаздың орны қай дәрежеде?
– «Ұстаз деген кім?» деген сұраққа бізден бұрын өткен ойшылдардың сөздерінен алынған дайын үзінділермен оп-оңай жауап беруге болар еді. Бірақ бүгінгі күнгі қоғамдағы ахуалды көріп біліп отырып, әдейі сұрап отырғаныңды сезіп отырмын. Сондықтан өмір бойы мұғалім болған жан ретінде өз ойымды ғана айтайын. Ұстаз, бір қарағанда, өте бақытты жан. Өйткені, ол жүрегі кірлемеген, өмірден тек жақсылық күтіп жүрген жастармен бірге жүреді. Солардың өміріне енеді.
Ал, олардың өміріне ол кім болып енеді? Осынысымен оның бағасы, орны анықталады. Яғни, ұстаз кез келген адам сияқты, өз өмірлік бағасын өзі шығарады. Егер жас баланың жанын аялай алса, оның дұрыс жол табуына ықпал етсе, өмірлік дүниетанымын қалыптастыруда адастырмай, адал мақсатқа бұра алса, ол – құрметке лайық жан. Ал, егер жас баланың жанына жара салып, сәл жерден оның жүрегін кірлетіп алса, ол – қадірсіз, қарғыс арқалаған жан болып шыға келеді. Жоғарыда өзің келтірген ФБ парақшамда: «мұғалімдер қоғамның емшісі», деп те жазғанмын. Бұл мүмкін пайғамбарларға, Әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Абай сияқты ұлыларға лайық баға болар. Пайғамбарлар – ұлы жаратушы Алланың ақиқат ілімін жеткізушілер. Сол арқылы қараңғылыққа кетіп бара жатқан адамзатты жарыққа жетелеуші, жаралы қоғамды емдеушілер. Құран оқиғалары осыны дәлелдейді. Перғауындар пенделер жеткен ең биік өркениетке жетті, бірақ қатты адасты. Сосын Мұса пайғамбар келді. Қоғамды емдемекші болды. Шағын жарты аралда өмір сүріп жатқан араб елдері де қатыгездіктің шегіне жеткен кезде, Мұхаммед с.ғ.с. келді. Бір араб елін ғана емес, әлемнің біраз бөлігіне жарық берді, қоғамды емдеді. Сол ілімнен жарық алған мұсылман ғалымдары – хакімдер табиғаттың тылсым сырларын ашып, ғылымды өркендетті. Ғалымдар жаңалық ашпайды, тек Алла жаратқан заңдылықтың сырын біледі, соны түсіндіреді. Сол арқылы адамзаттың көкірек көзін ашады. Бүкіл адамзатқа ұстаз болады. Ал ғалымдар қателессе, оның соңынан ерген қанша адам баласы қателікке ұрынады. Адамзат апатқа ұшырайды. Мысалы, Чарльз Дарвинді алайық. Адам баласына сұмдық суық ой салды. Ұлы жаратушы құдай жоқ, жаратылыс бір клеткадан өз-өзінен дамып бүгінгі қалыпқа жеткендігін «дәлелдеп» шықты. Демек, оның орны о дүние де жоқ, адамзаттың бүгінгі ісі үшін сұрауы да болмайды.
«Қазаннан қақпақ кетті». «Обал», «ұят»,«қиянат», «сауап», т.б. адам баласының өз-өзіне тосқауыл қойып отыратын тыйымдарының бәрін сыпырып тастады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген бабалар сөзі шындыққа айналды. Ал қарапайым ұстаздардың да мойнында ауыр міндет бар. Ең бірінші, олар адаспайтындай таза білімді, дұрыс тәрбиені, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек. Әрбір бала – тағдыр, оған немқұрайды қарауға да, оны адастыруға да болмайды. Егер өзіне сенген баланы адастырса, оның обалын, ол жасаған күнәлі істердің ауыртпалығын мұғалім арқалайды. Мұғалімнің міндеті ауыр дегенім осы. Ал, бала дұрыс жолға түсіп, білім мен тәрбиені адам игілігіне жұмсап жатса, мұғалімнің алар сауабы да өлшеу сіз. Мұғалім – қоғамның емшісі болатыны да анық.
Қазіргі барлық оқыту бағдарламаларында әдебиетті, қазақ әдебиетін өлтіруге бағытталған әрекеттер жүріп жатыр
– Осыдан 5-6 жыл бұрын «Абай.kz» порталына шыққан сұхбатыңызда мектептерде әдебиет пәнінің оқытылуына сын айтыпсыз, әдебиетті тереңдеп оқытудан гөрі тест жаттатуға мән беретініне қынжылған екенсіз. Әдебиет пәнінің оқытушысы, ғалым ретінде, әдебиет пәнінің оқытылуының қазіргі жағдайына қалай баға берер едіңіз?
– Қазір мектептерде әдебиет пәні оқытылып жүр ме? Филология факультеттеріне балалар келмейді, себебі төртінші пән – әдебиет, соны тапсырудан қорқады, өйткені әдебиет пәні мектепте жүйелі оқытылмайды. Мектептерге де, ЖОО-ға да түрлі пәндерді тықпалап, әдебиет курсы, тіпті филология факультеттерінде де толық оқытылмайды. Журналистика, тарих, дінтану т.б. гуманитарлық факультеттерінен әдебиетті алып тастаған. Әдебиет – әр ұлттың рухы, рухани қазынасы. Ұлтқа жаны ашитын кез келген азамат әдебиетке жаны ашуы керек. Өз әдебиетінен бар керегін табар еді. Бізден бұрынғы ұлылардың барлығы ұлттық әдебиетті сүйіп, содан жоғын тауып, халыққа берерін содан алған.
ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының жолына қарасаңыз да осыны көре аласыз. Халел Досмұхадедов – дәрігер, ол орыс тілінде Қазақ әдебиетінің тарихын жазды. Жазғанда қандай етіп жазды. Қазіргі Әдебиет тарихында жүрген Махамбет ақын, Шернияз туралы т.б. құнды мәліметтерді Халел Досмұхамедов жазған. Әлихан Бөкейханов орман шаруашылығы институтын бітірген ( экономист, заңгер). Сол тұста роман туралы теориялық түсінік жариялап, қазақ романына жарияланған бәйгенің бас сарапшысы болған – Әлихан Бөкейханов. Әдебиет туралы керемет сын мақалалар жазып, әдебиетке қатал бақылау жасап отырған. Абайтанушы ғалымдардың басында да Бөкейханов тұр. Алаш ардақтылары әдебиетті көрінгеннің ермегі етіп, халықты адастыратын жолға жібермеу керектігін жақсы түсінген. Тіпті, Сәкен Сейфуллин бұл екі алыпты сынайды ғой. «Алаштың мүйізі қарағайдай басшылары әдебиетке араласа бастады. Әлихан өзінің есеп-қисабымен, Халел емші құшнаштығымен жүре бермей ме», дейді. Бұлар өздері ұлттың бар қуаныш, қайғысын, өткен тарихын, мықтылығы мен әлсіз тұстарын тек әдебиеттен үйренді. Әдебиет – бізге жеткен бабалар рухы. Кез келген аңызды, әнді, жыр мен ертегіні алыңызшы, бәрінде ұлттың жаны шырылдап тұр. Керек емесі жоқ. Ал жыраулар толғаулары мен тарихи жырларды, бертінгі ақындар шығармашылығын, кейінгі ғасырлардағы көркем әдебиетті айтуға тіл жетпейді.
Неліктен Алаш зиялылары қазақ романның жазылуына соншалық жағдай жасады? Себебі, роман халықтың тұтас өмірін, жүрер жолын толық көрсететін ерекше жанр. Халық санасын ояту үшін осындай жеріне жеткізе суреттелген әдебиет керек еді. Бұл жазушы үшін емес, халық үшін, ұлт үшін өте қажет болатын. Алаш көсемдері осыны жақсы білді. Әлкей Марғұлан археолог, тарихшы. Бірақ әдебиетті бір адамдай меңгерді, әсіресе ежелгі жыр аңыздарды зерттеді. Себебі, ұлттың бар жаны сонда екенін жақсы білді. Қаныш Сәтбаев – геолог, «Едіге» жырына керемет алғы сөз жазып, баспадан шығарды. Сол жырдағы ұлтқа қастерлі ойларды таныды. Бір ғана сәби Едігеге өлім қаупі төнгенде, оны асырап отырған құсбегі Құттықия өз баласын құрбандыққа шалып, Едігені аман алып қалатыны бар ғой. Мұнда қандай хикмет бар? Едіге – болашақта Алтын Орда мемлекетінің бас иесі болуға тиіс еді. Құттықияның баласы ол дәрежеге жете алмайды. Ұлттық, елдік мүдде жеке бастың мүддесінен биік тұр. Осы үйде төрт жасар Едіге деген бала бар деп іздеп келген жасауылға өзінің төрт жасар баласын беріп жіберген әкені ешкім кінәламайды. Оқырман да, тыңдарман да. Ол – қорқақтық немесе опасыздық жасап отырған жоқ, тұтас ел мүддесі үшін өз перзентін құрбандық етті. Осындай елдік мүдде үшін өмір сүрген қарапайым жандарды нағыз ер деуге болады. Бұндай оқиғалар бала жанына қаншалықты әсер ететінін тек сезіну керек. Әдебиет өлмеу керек.
Қазіргі барлық оқыту бағдарламаларында әдебиетті, қазақ әдебиетін өлтіруге бағытталған әрекеттер жүріп жатыр. Ол дегеніңіз ұлтты өлтіру. Осының әсерінен мектепте де, басқа оқу орындарында да әдебиетті оқымайтын, түсінбейтін болмысы өзгеше жастар өсіп жетілді. Оқыту технологиясы деген желеумен ұлттық оқыту жүйесін теріс жолға оп-оңай түсіріп жіберді. Қазір оқытудың жаңа әдістерінің сыртқы формасын пайдаланып, әдебиеттің ішкі асылына бармайтын сабақ емес, қызылды-жасылды шоу жүріп жатыр. Бұл – ұрпағымыздың өсіп жетілуіне орасан зиян келтіруде. Ұрпағымызды қолдан көзқаман жасап жатыр. Неше түрлі тіл біледі, әлем жаңалықтары мен, ғылыми жетістіктерін меңгереді, әлемдік эстетика мен этиканы қабылдайды. Бірақ ұлттық құндылықтардан жұрдай, ұлтқа, еліне, жеріне жаны ауырмайтын өзінің кім екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді.
Әдебиетті көркем мәтіннің өзін оқымай, оны проблемалық оқыту үдерісімен талдамай қалай оқытуға болады? Тест тапсырмаларын жаттату – әдейі әдебиеттің құнын түсіру. Қазір оқушылар да, студенттер де көркем мәтіннің өзін емес, соған негізделген тест жауаптарын жаттап алады, емтиханнан өткен соң оның ешкімге керегі жоқ. Міне, осылай оқымайтын қауымды қолдан жасады. Ғасырлар бойы жауымыз қол жеткізе алмаған мәңгүрттікке, көзқамандыққа билік қысқа мерзімде өз қолымен жеткізді. Жауымызға беріспеген ұлттық рух оп-оңай сынып түсті.
Әдебиеттің мазмұнын меңгерту, ондағы негізгі оқиғаларды ретімен баяндауды талап ету – есте сақтауы мен тіл дамытудың құралы. Көркем мәтіннің берер тәлімі барлық педагогикалық талаптарға жауап деуге болады. Құрғақ үгітпен тұлға дамымайды. Әдебиет – өмір сабақтары. Өмірге үйретеді. Қазіргі оқыту мақсаты жеке тұлға қалыптастыру деп көп айтылады. Бірақ нағыз тұлға қалыптастыратын пән – әдебиет сабағын өз дәрежесінде өтуге мән берілмейді. ҰБТ-ны саясат құралына айналдырып алдық, мектептер рейтинг қуып, баланың біліміне емес тесттен жиған ұпайына қарай мұғалімді бағалайтын науқаншылдық үрдісі белең алды.
«Жапонияда мұғалімдер күні жоқ» деген мақала оқыдым
– «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылданды. Кейінгі кезде министрлік те мұғалім мәртебесін көтеріп, төрге шығаруға көп жұмыс жасап жүр. Сүйінерлік, әлбетте. Қалай ойлайсыз, бұдан былай мектептерге ер мұғалімдер көптеп келер ме екен? «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» дегенді Алаш Ұстазы (А.Байтұрсынұлы) бекер айтпаған. Қазақ қоғамында ұл баланың тәрбиесі ақсап жатуын мектептерде ер мұғалімдердің жетіспеушілігімен байланыстыратындар бар. Қисынды. Ұстаз бала үшін – идеал емес пе? Сіздің пікіріңізді білсек.
– Ұстаз мәртебесін заңмен көтеру дегенде маған осы кері кеткен уақыттың тал қармауы сияқты болып көрінеді. Өткен ғасырлардан жеткен деректерде естілмеген жағдай. Ұстазды құрметтеу оған лайықты орын белгілеумен іске аспайды-ау… Ұстаз отырған кез келген жер құрметті болатындай ең алдымен ұстаздың есіміне лайық білімі, мінезі мен әдебі, өнегесі, өмір сүру дағдысы болуға тиіс. Қоғам ұстаздық қызметтің құрметті екенін мойындайтын, ешбір күштеусіз құрмет көрсететін ерекше пайымды болғанда ғана ұстаз мәртебесі туралы айтуға болады. Өткенде «Жапонияда мұғалімдер күні жоқ» деген мақала оқыдым. Жапонияда мұғалімге барлық уақытта құрмет екен, сондықтан бір күнді белгілеудің қажеті жоқ.
Біздің қоғамда ең қорғансыз, әлсіз, ешбір құқығы жоқ қауым – мұғалімдер мен дәрігерлер десем артық айтты демессің. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Бірақ, ең маңызды тұлға да мұғалім мен дәрігер. Мұғалім мәртебесін тек мұғалімдердің өздері ғана көтере алады. Себебі, басқа мамандықтар жансыз нәрселермен жұмыс істейді, олар өз қалауын іске асыра алады. Ал, мұғалім адаммен жұмыс істейді. Жаңа жетіліп келе жатқан жас өскінмен жұмыс істейді. Егер оның жанын баурай алса, оның жан дүниесін тани алса, әрбір баланы жеке тұлға, оның өз дегені бар, өз қалауы мен ұстанымы бар Адам екенін ұғынса ғана ол құрметтеледі. Сондықтан мұғалімдік мамандыққа келетін жастарды алдымен, осы мамандыққа лайықтылығын анықтау керек болар. Содан кейін мұғалімдердің тұрмыстық жағдайы дұрыс болатындай еңбекақы төлену керек. Сонда мұғалім өзінің шәкіртінен төмен дәрежеде тұрмайтын болады. Еңбекақы жоғары болса, ер азаматтар да мектепке келетін шығар.
Кейінгі кезде: ұл бала мен қыз баланы бөлек оқытқан дұрыс болар ма еді? – деген ой туады менде
– Ұл баланың тәрбиесі, қоғамдағы ер адамның әйел мінезденіп, ұсақталып бара жатқаны ойлантады… Сіз не дер едіңіз?
– Ұл бала тәрбиесі тек мектепте емес, үйде де ақсап тұр деп ойлаймын. Кеңес педагогі, пролетариат көсемі В.И.Лениннің жары Н.Крупская, ұлдар мен қыздар тәрбиесін теңестіру туралы ұсыныстар жасап, мақалалар жазған. Соның әсерінен мектептерде ұл мен қызға бірдей талап қойылатын болды. Бұрын ұл мен қыз бөлек оқытылған. Бұл ұстаным үйде де басшылыққа алынды. Отбасында әйелдердің ықпалы күшті ғой. Кез келген ер азамат Құнанбай бола алмайтыны сияқты, кез келген бала да Абай бола алмайды ғой. Кез келген әйел Ұлжан мен Зере анамыз бола алмайтыны тағы рас. Ұл тәрбиесінде көп қателіктер бары көрініп тұрады. Бұған себеп, көп айтылып жүрген ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, А.Байтұрсынұлы айтқандай ұлды ұлша емес, құлша тәрбиелеу белең алды. Ұл баланың жасынан сағын сындырып, оның биікке самғар қанатын топшысынан сындырып отырғанын, ең бірінші, өз ата-аналары біле бермейді. Ұл балаларға «сүмелек», «жексұрын», «хайуан», т.б. сөздермен жерге тығып ұрысып жатқан аналарды көргенде, «Алла берген ғажап сыйын сонша сыйламайтын мынау неткен қатыгез жан?» деген ой келеді. Күніне осындай сөздерді ең жақыны анасынан ести берген балада өзіне деген сенім қала ма? Алдымен құлағы, еті үйренеді, сонан соң өзі де сондай екеніне мойынсұнады. Үміт оты өшеді. Одан кейін мектепте де осы бағытта тәрбие жүреді. Өзің білесің, ер балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес, олар қыз балаларға қарағанда, кештеу жетілетінін ғылым дәлелдеген. Демек, ұл балалар алғаш мектепке келгенде өзімен қатар қыз балаға қарағанда баяулау, босаңдау, қабылдауы да төмендеу болады. Бұл ерекшелікті ескермей, бастауыш сынып мұғалімдері, көбінесе, еті тірілеу бірнеше қыз баладан белсенді топ құрап алады да, тек солармен жұмыс жасайды. Ұл балалардың қабілет белсенділігін оятуға, олардың ойларымен санасуға көңіл бөлмейді. Балада тағы да өзіне сенімсіздік, енжарлық пайда болады. Қызығушылығы біртіндеп азая береді. Бұны хакім Абай «жан құмары» немесе «білмекке құмарлық» деп атайды. «Жан құмары» бар балада болады. Оны аялап, тәрбиелеп өсіретін де, аяқасты етіп, өшіретін де сыртқы орта. Ең бірінші ата-ана, сосын мұғалім. Бар «жан құмарын» өсіру, тәрбиелеу, дамыту оңайырақ, ал өлтіріп алған соң оны «тірілту» қиынның қиыны. Себебі оны жандандырып тұрған ішкі энергия көзі – сенім жоғалып кетеді. Өзіне сенімінен айрылған соң баланың болашағы қиындай береді. Алла тағала адам баласын бірдей етіп жаратты деген ойлар айтылады діни кітаптарда. Бұл шындық деп қарауымыз керек. Әр балаға сондай сеніммен қараса, әр баладан ұлы тұлға күтсек, ең болмағанда ол бала нағыз азамат болып шығатынына сенуге болады. Бәрі бірдей ғалым, бәрі бірдей ірі қызметкер болу шарт емес, ал азамат болу міндет. Кейінгі кезде: ұл бала мен қыз баланы бөлек оқытқан дұрыс болар ма еді? – деген ой туады менде. Сонда физиологиялық ерекшеліктердегі бастауыш сыныптардағы айырмашалықтың әсерінен ұл балалардың кейіндеп қалуы жойылар еді.
Мектепке ер азаматтардың тартылуы кезек күттірмейтін мәселе, бірақ оны айтуға ғана оңай. Бұл жақын арада шешіле қоймайтын болар. Педагогикалық ЖОО-ның жағдайын барынша жақсарту керек. Базасы мықты, талап күшті болу керек. Бітірген соң, жұмыс орындары, еңбекақысы өмір сүру нормасына сай болса, ер азаматтар мектепке көбірек келетін шығар. Мұғалім жан-жағына төменшіктемей қарай алатын болса, мұғалімдікке жақсы бітірген талапкерлер ойланбай барады. Білімді, бәсекеге төтеп бере алатын мықты педагог сабақ берсе, балалардың тәрбиесіне де оң ықпалы болады.
Қазақ қоғамы бұрын «қалдықсыз қоғам» болған
– Сізді қоғамдағы басқа да қандай мәселелер алаңдатады?
– Мені алаңдататын нәрселер жоғарыдағы әрбір сұрағыңа берілген жауабымда көрініс береді. Ұлт болашағы, ұрпақ қамынан өзге алаңым жоқ. Еліміздегі білім мәселесіне де ұрпақ болашағы үшін алаңдаймын. Дін мәселесіне де, дәстүр, тәрбие, желге шашылып жатқан байлық, бәрі ұрпақ қамы үшін алаңдатады. «Нені қор етсең, соған зар боларсың», дегенді де біздің бабаларымыз айтқан. Біздің қазақ қоғамы бұрын «қалдықсыз қоғам» болған. Яғни, зиянды, пайдаға жарамсыз үйіліп жатқан қалдық болмаған. Көшкен жұртты тек күл қалған. Малдың бар өнімін кәдеге жаратқан. Еті мен сүтін айтпағанда, жүні мен терісі, сүйегі мен тезегіне дейін қажетін өтеген. «Қой терісін қорлама, қамқаны қайдан аласың?» дейді. Қамқа тон – сәнді, жылы, қымбат бағалы тон, соны қойдың терісінен өздері тіккен. Сүйекті шеберлер жиһаздарды әсемдеу үшін пайдаланса, үйде аналарымыз сүйекті қайнатып, соның майына өсімдік күлін қосып, сабын жасаған. Менің әжем үкіметтің сабынын пайдаланған емес. Өзі жылда соғым сүйектерін жинап, күн жылына қайнатып, сабын істеп алатын. Тек сол сабынмен киімін, шашын жуатын. Әрбір тал жүн олар үшін қадірлі еді. Қазір жүнді өртеп жатыр. Ешкім алмайды, пайдаланбайды. Ауыл әйелдері де синтетикалық тегі белгісіз нәрселерден жасалған жасанды көрпе, көрпешелерді пайдаланады. Баяғы аналарымыз тіккен жүн көрпе, жүн көрпеше істейтін әйел қалмай барады. Қолдан алаша, кілем тоқу, киіз басу мүлдем тоқтады. Жоқтан бар жасауды қойдық, нәтижесінде «тұрмысы төмен отбасы» деген қауым пайда болды. Бұрын да әртүрлі деңгейдегі отбасылар болды. Бірақ алақан жайып, өмір сүргенін міндетсу болған жоқ. Қазір ине ұстайтын әйел қалмай барады. Отқа өртеліп жатқан тегін жүнді алатын, оны керегіне жарататын жан жоқ.
Құрбандық шалғанда ішек қарнын ешкім алмай қоқысқа тасталады екен. Оны да ешкім алмайды. «Обал болады», дейтін аналарымыз. «Ысырап жасау – кесапаттық, ол қатерге ұрындырады, ысырап жасамаңдар», деп қатаң ескертетін. Қоқыс төгетін жәшіктерден таза тамақтар мен шашылып жатқан нандарды көргенде, жүрек дір етеді. Осының тақсіретін ұрпағымыз көрмесе жарар еді деген ойда боламын.
Тағы бір алаңдайтын нәрсем – ұстазым, профессор Алмагүл Мүтәліпқызы Қыраубаева өзі «Сенім бағдарламасы» деген атпен ерекше ұлттық оқыту жүйесін теориялық негіздеп, өзі осындай мектеп ашқан. Бірақ, ол мектептің ғұмыры ұзақ болмады. Бірақ артында мәңгілікке жететін бағдарлама қалды. Марқұм ұстазым аманат етіп еді. «Шамаларың келсе, осындай мектеп ашыңдар, жойқын жаһанданудан ұрпағымызды құтқарса, осы бағдарлама құтқарады. Әр бала – ұлттың бір бөлшегі, оны жаттың қолына беруге болмайды. Әр қайсысың осыған күш салыңдар, осы бағдарламамен қанша бала тәрбиелей алсаңдар, ұлтты құтқаруға үлес қосқандарың», деген еді. Сол аманатты орындай алмадым. Ондай мектеп ашатын бізде қаржы болмады. Жан-жақтан өзге елдің бағдарламаларын тықпалап жатқан Білім мен Ғылым билігіндегілер бұл бағдарламаны көргісі де келмейді. Осы аманат мойнымда кететін болғаны қатты алаңдатады.
– Әсерлі әңгіме-сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен: Әтіргүл ТӘШІМ, Нұр-Сұлтан
Leave a Reply