Саят ҚАМШЫГЕР, балалар ақыны, аудармашы-баспагер:
«ПАНДЕМИЯҒА ҚАРАМАЙ КІТАП ДҮКЕНІ АШЫЛЫП ЖАТСА, ОҒАН СҰРАНЫС БАР ДЕГЕН СӨЗ»
Шымкентте 28-29 мамыр күндері «Farabi offline: ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі өтті. Кітап сүйер қауымның думанды мерекесіне республикалық баспалар мен кітап дүкендері, қалалық кітапханалар қатысты. Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының қолдауымен «Серпіліс» қоғамдық қоры ұйымдастырған жәрмеңкеге жергілікті ақын-жазушылармен қатар, Астанадан ақын, журналист Серікбол Хасан, Алматыдан балалар жазушысы, ҚР ақпарат саласының үздігі, ақын Саят Қамшыгер келді. Алғашқы күннен кездесу шатырында зиялы қауым өкілдерімен сүбелі сұхбаттар жүргізіліп, келелі пікірлер айтылды. Ашылу салтанатынан кейін Саят Қамшыгермен өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
«ЖАЗУШЫ БАСПАНЫ ЕМЕС, БАСПА ЖАЗУШЫНЫ ІЗДЕГЕНІН КӨРДІМ»
– Саят аға, Шымқалаға қош келдіңіз! ПарақTimes-тағы кездесуге қош келдіңіз. Бұған дейін «Жастар кітап оқымайды» дегенді естісек, соңғы кездері «Ешкім кітап оқымайды» деген түсінік пайда бола бастады. Бүгінгі кітап жәрмеңкесі ол пікірлерді жоққа шығарып тұрғандай, қаптап демей-ақ қоймайық, дорбалап кітап алып жатқандар бар. Драматург Сая Қасымбек пен журналист Гүлмира Әшірбекованың бір кітапқа таласып қалғанын көрдік. Өзіңіз баспагерсіз әңгімені осы «кітап оқыла ма, жоқ па» дегеннен бастайықшы.
– Иә, жасыратыны жоқ «Кітап оқылмайтын заман» деген түсінік бар бүгінде. Бірақ, біздің байқағанымыз, баяғы 90-жылдарға қарағанда кітап қазір жақсы оқылады екен. Жақында біздің Алматы қаласында «Кitapal» деген дүкеніміздің үшіншісі ашылды. Пандемияға қарамай кітап дүкені ашылып жатса, оған сұраныс бар деген сөз ғой. Карантин басталғалы бері адамныңбасым бөлігі үйінде. Оқуды да, жұмысты да үйде атқарып, адам денсаулығына, рухани жан дүниесіне көңіл аудара бастады. Былтырдан бастап кітап оқу 3 пайызға артыпты. Кітаптың офлайн саудасына қарағанда, онлайн саудасы да қыза түскен. Біздің «Кitapal» дүкенінің сатуға жауапты үш операторы бар. Бір күнде 350, 600 мыңға, тіптен 1 млн теңгеге дейін онлайн сауда жасалады дейді, сауда агенттері. Осыған қарап, біз кітап оқылмайды дей алмаймыз.
– Кітап оқылады екен, енді соның өріс ала түсуіне не кедергі?
– Бұл жерде айтатыным кітап насихаттау жұмысына көңіл аудару керек. Әрқайсымыз кітапты насихаттауымыз керек. Мысалы, мен «Тастамашы ана» деген кітапты аудардым. Осыдан үш жыл бұрын «Самға» деген баспадан шығардым. Екі мың данасы сатылып кеткен соң, тағы шығарып, нәтижесінде 10 мың дана кітап шығып сатылды. «Тастамашы ана» сұранысқа ие кітап болды. Бұл Айгиз Баймухамбетов деген 33 жастағы жазушының туындысы. Өзі балалар үйінде тәрбиеленіп, басынан кешкендерін жазып шыққан. Кітаптың 99 пайыз оқиғасы шын өмірде болған оқиға.
Оқырмандар кітапты оқыған соң, дүкенге келіп: «Біз бұл кітапты жылап оқыдық. Әкемізбен, шешемізбен бірге оқыдық. Осы сияқты маған тағы қандай кітап ұсынасыз?», — деп сұрайды екен. Байқап отырған шығарсыздар, оқырмандар қандай кітап аларын білмей, сатушылардан сұрайды. Сосын баспа өкілдері қолқалап: «Саят аға, өзіңіз жазасыз ба, жоқ аударма жасайсыз ба, білмейміз. Бізге осы кітапты жалғастырып, оқырмандарға ұсынатын шығарма керек», — деді. Өзімнің жазатын уақытым болмай, Айгиз Баймуханбетовке қайта хабарластым. Ол кісі «Тастамашы ананың» жалғасы «Ертегісіз өткен балалық шақ» деген кітабын ұсынды. Бұл шығарма бір айдың ішінде жылдам аударылып, белгілі бестселлер туындыға айналды.
Біздің жазушылар баспаны іздейді, бұл жолы баспаның өзі авторды іздегенін көрдім. Әлгі екі кітаптан соң мен тығырыққа тірелдім. Баспа тағы да кітап сұрағанда «Сол Айгизді аудара берейін бе, әлде өзім жазайын ба» деп ойландым. Енді маған сол автор мүлде басқа тақырыптағы «Көше балалары» деген кітабын ұсынды. Үш жыл бойы көшедегі қаңғыбастарды зерттеп, не үшін ондай күйге түскенін біліп, осы кітапты жазып шыққан. Сөзімді қорытындылай келе, менің айтпағым – кітапты насихаттағаннан кейін ғана ол оқылады екен. Кітапқа жарнама болмаса, шаң басып қала береді.
Мысалы, «Тастамашы ана» кітабын сатып мен 1 млн 500 мың теңге табыс таптым. Автор екенмін деп кітап дүкендеріне кітабымды беріп қойғаным жоқ. Ол кезде «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторымын. Мектептерге, оқу орындарына кездесулерге шақырады. «Оқуға қандай кітап ұсынасыз?» дегенде осы «Тастамашы ананы» айтамын. Әрбір тапсырыс берген оқырманыма өз қолтаңбамды жазып беремін. Кітапты оқып біткен соң, оқушылар қайтадан мені кездесуге шақырып, өздерінің сезімдерімен бөліседі. Екінші кездесуде кітапты алғысы келген басқа оқушылар тағы да кітапқа тапсырыс береді. Сонымен қатар, мен ол мектепті, оқушыларды республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына шығарамын. Осындай қайнап жатқан процестер арқылы кітапқа насихат жүргізіліп, оны өскелең ұрпақ оқитын болады.
«БІР КІТАПТЫ САТҚАННАН ТҮСКЕН ҚАРАЖАТ, ЕКІНШІ КІТАПТЫҢ ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШАДЫ»
– Авторды іздеген баспаны бірінші рет көрдім дедіңіз. Баспа ісі дамыған шет мемлекеттерде жас авторларды баспалар өздері іздейді. Өйткені, «жаза алатындардың сата алмайтынын» біледі. Өзіңіз жазып та, сатып та жүрсіз ғой. Қазіргі кезеңде сатылатын кітап шығару үшін не істеу керек, қалай жазу керек?
– «Мөлдір бұлақ» балалар журналында 8 жыл қызмет істедім. Сол журнал мені шыңдады. Өйткені, журналдың жұмыстарымен мектептерді аралап жүріп, мен «Самға» баспасының кітаптарын насихаттай бастадым. Сөйтіп баспа маған қолқа салып, жұмысқа шақырды. 1 сәуірден бастап «Самға» баспасында редактор қызметін атқарып келемін. Біз қазір балаларға арналған қызықты кітаптарды шығаруды қолға алдық. Мысалы, «Ұлттық мереке» деген 16 беттен тұратын, 1-сынып оқушыларына арналған кітапшаның бағасы 200 теңге. Ал, 130 беттен тұратын 3 аудармамды бір қалың кітап етіп шығарып, оның бағасын 3500 теңге десем, көп адамның сатып алуы қиындай түседі. 200 теңге болса, бәрінің де қалтасына қолайлы.
Бізге дейінгі қазақ кітабының сипаты қалың-қалың, қатты мұқабада, бағасы 4000-5000 теңге болатын. Ондай кітаптардың кезеңі өтті. Мектеп оқушыларының өзі қиналмай сатып алуына болатын «Тастамашы ана» 800-ақ теңге тұрады. Бұл – кітап сатудың маркетологы. Тек балалар кітабының емес, жалпы кітаптың.
– Жарнама деп отырсыз, оны жүргізетін де маман болу керек қой…
– Иә, жазылған нәрсені сату үшін оның жарнамасы мықты болуы керек. Өзім, жарнамамен айналысатын осы саланы түсінетін әдеби агенттің жүгін көтертіндей білімі мен біліктілігі бар маманға жүгінемін. Ол – алдымен халықтың арасында сауалнама таратып, «Қандай кітап оқығыңыз келеді?» деген сұраққа жауап іздейді. Мысалы, ұсынып отырғанымыз, «Жердің жойылу процесі» деген тақырыптағы кітап делік. Осы тақырыптағы кітапты жазушы Саят Қамшыгер жазып жатыр, 6 айдан соң жарыққа шығады деген атойлаған хабар әлеуметтік желіде, интернетте таратылады. Менің қолыма кітапты жазуға қаламақы деп 1 000 доллар беріп қояды. Енді 6 айдың ішінде кітапты мен Созақта киіз үй тігіп алып, сонда жатып жазуым мүмкін. Кітап шығатын уақытқа дейін, «Жердің жойылу процесі» деген кітаптың 100 беті жазылды, 200 беті жазылды деген жарнама жүреді. Тіптен, кітаптың алғашқы 5 бетін оқырманға ұсынуы да мүмкін. Бір ай уақыт қалғанда телеарналар Созақтағы киіз үйге келіп «Міне, кітап аяқталып жатыр» деп, қалай аяқтап жатқанымды таратады. Тіптен, әдеби агент алдын-ала мың кітапта тапсырыс алып қояды. Сонымен, кітапты басып шығарғанда оны оқуға мың оқырман дайын отыр деген сөз. Бұл – баспаға да, авторға да, әдеби агентке де пайда әкелетін әрекет. Автор да тың туынды жазуға тырысады. Осылай ел әдебиеті де дамиды.
Кітап шыққан соң, ондағы кейіпкерлерге ойыншықтар, мультфильмдер тіптен смартфонға арналған ойындарда дайындалады. Автор тек жазумен ғана айналысады да қалған дүниенің бәрін әдеби агент ұйымдастырады. Біз әлі күнге дейін кітабымызды біреу сатып беретіндей күтіп жүреміз. Қазақ авторларының көбі кітабын шығарып, балконға жинап, туысқанына, құдасына, жолдастарына автографпен таратуды – бақыт санайды. Егер, бірінші кітаптан қаражат табылса, екінші кітаптың шығуына жол ашады. Осылайша біз кітап сатуды меңгереміз.
Егер, мен өлеңімді жазып, тек сайт пен газетке шығып жатқанына мәз болсам, өзімді кешірмес едім. Ақын болсам да, жазушы болсам да бар мүмкіндікті пайдалануым керек. Құдай берген 1 пайыз талантты 99 пайыз еңбекпен шығаруым қажет. Мен ортаңқол қаламгер болуым мүмкін, бірақ үздік болу үшін осы саланы жан-жақты меңгеріп, жұмыс істеп жатырмын.
«АУДАРМАМЕН АЙНАЛЫССАҢ, СЕНІ ШЕТЕЛ АВТОРЛАРЫ ТАНЫП, ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС ОРНАТАСЫҢ»
– Аға, өзіңіз айтқандай кітап сатумен автор пайда тауып, шығындарын жауып, күнін көріп кете ала ма? Біздің нарық осыған дайын ба, өзі?
– Кейде мынадай жағдайлар болады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Мысалы, «Көше балалары» деген кітапты баспаның ұсынысымен шығарғанда, мен де шарт қойдым. Әр сатылған кітаптан мынанша пайыз менің үлесім деп. Өйткені, оның алдындағы «Тастамашы ана» 10 мың тиражбен сатылды, «Ертегісіз өткен балалық шақ» бестселлерге айналды. Бұл шартқа баспа келісті.
Ал, кейде бір кітап шығарғанда ол саған пайда әкелмек түгілі, шығынға батыруы мүмкін. Бірақ, ол кітап сенің атыңды танытып, абыройыңды көтереді. Аудармамен айналыссаң, тіптен сені шетел авторлары танып, тығыз байланыс орнатасың. Өзгелер сені таниды да, сен шетел авторын аударсаң ол да сенің шығармаңды шет тіліне аударуы мүмкін. Шығармашылық байланыс орнап, шетелдегілер «Қазақстанда кім бар?» десе, Саят Қамшыгерді айтады.
Біздің кітап нарығына қазір әдеби агент мамандары қажет болып тұр. Иә, қазір бізде тек қана жазумен күн көретін жазушы жоқ. Бірақ, болу керек. Біз сондай деңгейге табандап-табандап көтерілуіміз керек. Мысалы, Татарстанда Ркайл Зайдулла деген жазушы керемет жазады. Оған баспалар алдын-ала қаламақысын төлеп, кітабын шығаруға дайын отырады. Ол тек жазумен ғана айналысады. Ал, біздің Қазақстанда жазушылықпен күн көру өте қиын. Бірақ, болашақта сондай деңгейге жетеміз.
«МЫҢДАҒАН КІТАПТАР ҚОЙЫЛҒАН ЗАЛДА БІР ҒАНА КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ»
– Саят аға, авторлар осындай мүмкіндіктерді пайдалансын дейсіз. Біздің кітаптарға не жетіспей жатыр, осы? Баспагер-редактор ретінде не айтасыз?
– Біз тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл ғана толған мемлекетпіз. Оған дейін кеңестік баспа жүйесі толықтай орталықтан басқарылатын, мемлекеттік болатын. Ал, еліміз еңсе тіктегенде жеке кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес қолға алынды да баспа ісі кәсіпке айналды. Ал, кез келген кәсіптің ілгері дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуі керек. Өзім де мысалы әлемнің қаншама елдерінде болып, кітапханаларына бас сұқтым. Мыңдаған кітаптар қойылған залда бір ғана кітапханашы қызмет көрсетеді. Тіптен, кітапты ұрлап кетеді деп қорықпайды. Еліміздің бірде-бір кітапханасынан көрмеген осы дүниені мен жақында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби кітапханасынан» көрдім.
Бұрынғыдай кітаптың қай жерде тұрғанын картотекадан қарап, алатын болсаң кітапханашыға жаздырып әуре болмайсың. Әрбір кітаптың ең артқы бетінде магниттік белгі орнатылған. Онда кітап туралы толыққанды ақпарат, қай сөреге қойып, қашан алып кеткенің жазылып тұрады. 200 студентке қызмет көрсететін залда 2-ақ кітапханашы отыр. Егер, бір студент сөмкесіне салып, ұрлап кетіп бара жатса, аппарат дауыс шығарып, белгі береді. Көрдіңіз бе, осындай технологиялар кітапхана саласына қажет. Бұл – оқырманның кітапты алуына, оқуына жағдай жасау.
Дәл осы Шымкенттің кітап жәрмеңкесіне келмес бұрын Ақмола облысының кітапханалар жүйесі ұйымдастырған конференцияға қатыстым. Сонда: «Мен алдағы уақытта Шымкентке кітап жәрмеңкесіне бара жатырмын. Алматы, Ақмола облыстары ұйымдастырмаған кітап жәрмеңкесін Шымкент ұйымдастырып жатыр. Сіздер Ақмола облыстық кітапханалар жүйесі бүтін бір армияларыңыз бар ғой. «Ақмоладағы кітап күні» дегендей жәрмеңкелер өткізіп, көпшілікке көрсетсеңіздер халық біледі ғой сіздерді. Қазір, кітапханаларыңызға осылай қызықтырып адам шақырмасаңыздар болмайды. Бір кітапхананың ішіндегі тірлікпен сіздер өздеріңізді де, кітапты да насихаттай алмайсыздар» дедім. Кітапты оқытуға осындай жәрмеңкелер керек.
Сонымен қатар, Алматы қаласында Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы бар. Күніне бірнеше іс-шара, тұсаукесер, кездесу қатар өте береді. Әрі жастардың оқуына, ноутбук қосып отыруына, шаршағанда бір сәт демалуға жағдай жасалған. Көрдіңіз бе, кітапты насихаттауға, оқытуға осындай нәрселер әлі күнге дейін жеткіліксіз болып тұр.
– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет, Саят аға!
Сұхбаттасқан Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ
Leave a Reply