ОТБАСЫНДА КІТАП ДӘРІПТЕЛСЕ, БАЛА КІТАПТЫ ІЗДЕП ОҚИТЫН БОЛАДЫ

Күлия АЙДАРБЕКОВА, журналист-жазушы:

«ОТБАСЫНДА КІТАП ДӘРІПТЕЛСЕ, БАЛА КІТАПТЫ ІЗДЕП ОҚИТЫН БОЛАДЫ»

Құрметті оқырман, естеріңізге салсақ Шымкентте 28-29 мамыр күндері «Farabi offline: ПарақTimes» кітап жәрмеңкесі өткен болатын. Кітап сүйер қауымның думанды мерекесіне республикалық баспалар мен кітап дүкендері, қалалық кітапханалар қатысты. Жәрмеңкенің аясында ақын-жазушылармен, зиялы қауым өкілдерімен сүбелі сұхбаттар болып, келелі әңгімелер айтылды. ПарақTimes-тағы кездесуді әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерге ұсынғанымен, желінің бетінде ақпарат желдей есіп өтіп кетеді. Бірі байқаса, екіншісі көрмей қалады. Сондықтан, тікелей эфирден қағаз бетіне сұхбаттарды түсіруді жөн көрдік. Бұл жолы журналист-жазушы Күлия Айдарбековамен өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

«БІЛІМДІ КІТАПХАНАШЫЛАР КӨП БОЛСА ДЕЙМІН»

– Шымкентте кітап жәрмеңкесі екінші рет өтіп жатыр. Алғашқысында Көрме орталығында өтсе, екіншісі ел аяғы үзілмейтін Арбаттың бойында болып жатыр. Бұл кітапты көпке насихаттауға, кітап пен кітапхананы дәріптеуге сеп болып отыр. Осы орайда қазіргі қоғамда кітап және кітапхананың орны қандай?

– Кітап – адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі. Әр уақытта кітап оқитындар да, оқымайтындар да болған. Бала – біздің айнамыз. Отбасында кітап дәріптелсе, бала міндетті түрде кітапты іздеп оқиды. Ата-анасы салғырт қараған дүниеге баласының қызығушылығы танытуы сирек кездеседі. Немесе үйде кітап оқылмаса да, мектептегі мұғалімнің, кітапханашының арқасында оқымысты бала шығып жататыны бар.

Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан парасаттылық пен білімнің ошағы. Ал, кітапханашы – киелі орданың иесі, оқырманның ең жақын досы.  Сондықтан, кітапханашыға үлкен жауапкершілік артылады. Жас оқырманның ынтасын жықпай, сан сұрағына жауап табуға көмектесіп, бағыт беру – кітапханашының міндеті. Баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға таңдаулы топтамаларды ұсынып, шығарманы талқылап, сырлас дос болуға ұмтылғаны жөн. Кітап оқитын баланы көрмей қалуға болмайды. Осы орайда ой-өрісі жоғары, білімді кітапханашылар көп болса деймін.

«ӨЗ ТӘЖІРИБЕМДІ ҰСЫНАМЫН»

– Кітапхана басшысы болып тұрған уақытта «Ақерке» балалар залын ашқаныңыз көптеген кішкентай оқырмандардың кітапхана жағалап жүруіне септігін тигізді. Жалпы, үйдегі немерелеріңізге кітапты қалай оқытасыз?

– Бүгінде балалардың кітапты жиі оқымауының бірден-бір себебі – ұялы телефонға телміруі.Үлкен-кіші тегістелефонға тәуелді. Біздің заманымызда керемет эмоцияның бәрін кітаптан алған болсақ, қазір сол сезімді ұялы телефоннан іздейтін болды. Балалардың қолына телефон беру арқылы біз олардың  уақытын ұрлап жатырмыз.

Баланы кітап оқуға 4-6 жастан баулу қажет. Өйткені, кейін баланың ынтасы жоғалуы мүмкін. Қолымдағы үлкен немерем керемет суретші. Тіпті, күні бойы сурет салудан жалықпайды. Немеремнің өзім оқыған ертегі кейіпкерлерін салғанын жиі байқаймын. «Сол кейіпкердің орнында сен болғанда не істер едің?» деген сұрақты қойып баланың қиялын дамытуға болады. Қазір көп баланың арманы жоқтығына қынжыламын. Келер күзде сол үлкен немерем мектеп табалдырығын аттағалы жатыр. Кітап оқып, сауатын қалыптастырғанның арқасында жәй мектепке емес, «Зияткер» мектебіне сынақтардан өтіп, грантқа түсті. Бір қызығы, емтиханда немерем 20 санына дейінгі есептерді шығаруда қол саусақтарының жетпейтінін байқап, туфлиін шешіп,  аяқ саусақтарын пайдаланып есептепті. Бұл – баланың тапқырлығы. Немерем кез келген жағдайда кідіріп қалмай, шешімін тапқанына ерекше мақтандым. Негізі, ата-әжесі бар балалар бақытты ғой. 

Үйімде жеке кітапханам бар.  Онда жұмыс үстеліме жазу жазып, кітап оқуға қолайлы етіп қойғанмын. Немерелерім өз бөлмелерінде оқу үстелі бола тұра менің орныма құмартып тұрады. Кейде сол орныма өзім жете алмай қалған жағдайда да қуанамын. Баласы бар үйлерге өз тәжірибемді үлгі етіп айтқым келеді. Міндетті түрде балаға кітаптары көп, үстел мен орындығы бар арнайы бұрыш жасауды ұмытпаңыздар. Балаңыздың кітап оқуына қаншалықты әсер еткенін бірден байқайсыз. Қай жерде, қай қалада жүрсем де базарлыққа кітап алып келемін. Кітап жәрмеңкесінен де бір сөмке кітап алып жатырмын. Балалық шағымызда ең құнды сыйлық – кітап болатын. Жігіттердің, қыздардың мейрамында, туған күнде кітап сыйлайтынбыз.   

 «ОҚЫРМАНДАР ОҚЫП, БАҒАЛАП ЖАТСА, НЕГЕ ЖАЗБАСҚА?!»

– Бүгінде әлеуметтік желіде белсенділік танытасыз. Біраздан бері «Бай ата» деген тақырыппен фейсбук парақшаңызда жазбаларыңыз жарияланып жатыр. Жалпы «Бай ата» деген кім? Бұл туынды қалай басталды?

– Осыдан 7-8 жыл бұрын әке-шешемнің мәңгілік мекеніне құран оқитын жер салғызған едім. Сол жерге барып әруақтарға құран бағыштап отырғанымда, ойыма түрлі жақсы ойлар келеді. Бір күні дұғадан кейінгі үнсіздікте  «Біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боласың» деген сөздер ойымда тұрып қалды. Бірер уақыттан соң, сол ауылдың бүкіл аталары көз алдымнан өткендей болды. Көп атаның есімдерін ұмытып та қалыппын. Дегенмен сол заманның, соғыстан кейінгі қиын уақыттағы қариялардың бәрі бір-біріне ұқсас болды емес пе? Аталардың өмірін, өзінен кейін қалдырған құнды мұраларын ойлап, бәрі де бір атаның баласы ғой, бөліп-жармай «Бай ата» деп атауды жөн санадым. Негізі біздің әулеттің үлкені – Отарбай деген атамыз болған. 105 жыл жасаған ғұмырында еш пенденің ала жібін аттамай, бес парызы түгел, ғибратты өмір сүргенін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырамыз. Қазақ үшін өнегелі өмірден артық не бар дейсіз?

 Анаға тағзым жасауды, әкеге құрмет көрсетіп, қызды төрге шығаруды жаздым. Енді неге қоғамдағы аталардың тағлымды өмірі жайлы жазбасқа деген ой келді. Содан бірінші жазбамды жазып, жазушы-драматург Сая Қасымбекке көрсеттім. Қанша дегенмен орыс мектебін бітіргенім бар. Сондықтан да кейде бір нәрсе жібермей тұрғандай көрінетінін жасырмаймын. Жазбамды оқығаннан соң Сая: «Мынау деген ерекше дүние екен, керемет. Бұрын қызметте жүргенде босамайтын едіңіз, қазір зейнеткерсіз, уақытты тиімді пайдаланыңыз. Осы әңгімеңізді әлеуметтік желіге өзіңіз неге жариялап отырмайсыз?»,  деді. Мен негізі фейсбукте парақшам болғанымен, оны өз деңгейінде қалай жүргізу керегін білмеймін. Мысыр еліне барғанда қағазға жазғанымды фейсбукке салып беретін адам жоқ. «Ысылғанның пайдасын қысылғанда көресің» дегендей, өздігімнен үйреніп кеттім. Алғашқы пікірлерді оқығаннан шабыттанып, марқайып, түнде ұйықтамай екінші жазбамды жаздым. Оразаның кезінде таңғы сәресінде «Бай атаның» бір жазбасын жариялап отырдым. Бүгінде Бай атаның  жалғасын сұрайтын оқырмандар көбеюде. Жазғанымды оқырмандар оқып, бағалап жатса неге жазбасқа?!

– Дұрыс айтасыз, сізге әрдайым шығармашылық шабыт тілейміз. Жазарыңыз таусылмасын.

Сұхбаттасқан Айнұр ҚАРАТАЙ

Назарларыңызға «Бай Атаның» екінші жазбасын ұсынамыз. Бірінші жазбасын газетіміздің алдыңғы нұсқасынан оқи аласыздар.

БАЙ АТА-2

Ол кісі әңгімені асықпай айтатын және тыңдата білетін. Ең қызық жеріне келгенде шәйді ұзағынан ішетін. Тыңдаушылардың сабырлығын сынағандай көзін бір ашып, бір жұмып, аузындағы тәттіге балқып отырып қатарынан 2-3 кесені ішіп алады. Әңгімені аяқтауға асықпаған соң, қасындағылар сұрақтарды жаудырады келіп. Атамыз болса жалындырғанды ұнататын. Кейде «тегін нәрсе тез болмайды, әбден тегін әңгіме тыңдап үйренгенсіндер, қызық болса онда біреуің аяғымды уқалап беріңдер» деп ауыратын аяғын созып жататын.

Бай Ата десе, ол кісінің ылғи бірнеше жастықты жастанып жатқан бейнесі елестейді. Содан ортадағы ең жасы әңгімесінің соңын есту үшін аяғын уқалауға кіріседі. Жанына жақса көңілденіп, әдемі әңгіме өрбиді ғой…

Бірде Бай Ата қалай үйленгенін айтып бергені есімде. Соғыс жылдары әбден ауыр жұмыс істеген анасы күндердің бірінде үй шаруасына да шамасы келмей, төсек тартып жатып қалады. Таңның атысы, күннің батысы ауыр жұмыс істейтін баласы шаршап шалдығып келіп, үй жұмысына да көңіл бөлуге міндетті болады. Анасының денсаулығы күннен күнге нашарлай береді. Содан анасы көзінің тірісінде келін әкелуін өтінеді. Өз төркінінен бір қызға көзі түскен екен. Сол бойжеткенмен нағашы жеңгесі таныстырады. Екі кездесуден кейін жігіт шешім қабылдап, құда түсуге дайындалады.

Колхозда астық жинау науқаны қызып тұрған уақыт екен. Әр жұмыс қолы санаулы, әр күн қымбат. Үй жағдайы, анасының денсаулығы тым ауыр, амал жоқ бастығына бар шындықты айтып бір-екі күнге сұрану керек. Үйленетінін айтып, қаржылай көмек сұрайды. Ашуланған басшысы: «Науқан аяқталсын, жиын-терім бітсін, күзде үйленесің. Бар да жұмысыңа кіріс» деп саусағын шошайтып, шығатын есікке жол сілтейді. Күйіп кеткен жігіт жаны ашымаған колхоз бастығына: «Жарайды. Тек науқан аяқталғанша өз әйеліңізді маған беріңіз, науқас анама қарай тұрсын. Күзде үйленген соң қайтарам. Келісесіз бе?!», — дейді… Мынау қып-қызыл жынды екен ғой деп колхоз басшысы айқай салып, бас есепшіні шақырып бір қап үн, май-шәй жаздыртып, жалақысын бергізіпті. Келінді алып келу үшін ең күшті ат пен арбаны беріпті.

Жалғасы бар.

Күлия АЙДАРБЕКОВА

Журналист-жазушы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика