А.ӘМІРХАМЗИН, өлкетанушы:
«ҰЛАНҒАЙЫР ДАЛАМЫЗДЫҢ ҚАЙ ТҮПКІРІН АЛСАҚ ТА ҚАЛА ЖҰРТЫН КЕЗДЕСТІРУГЕ БОЛАДЫ»
«Жүргенге жөргем ілігеді». Қазақтың осы бір мақалын біз, жиһанкездер қауымы жақсы көреміз. «Жөргем» дегеніміз тек қолға іліге кететін пендеуи түсініктегі пайда көретін материал ғана емес, рухани азық пен эстетикалық ләззат та болуы мүмкін. Батыстың қолы қалт ете қалса ел кезіп кететін саяхатшыл қауымының дүниетанымы да сол – біз тоқталған екінші құндылық болар. Бұл қасиетті қазірше, экономиканы бірінші орынға қоямыз деп ақшаны алға шығарып жіберіп, айналамызды қоқысқа толтырған біздің қоғам түсіне қоймас.
Жә, жарар, осымен-ақ бүгінгі тілге тиек етер тақырып жайын түсінген боларсыз. Қазақтың тарихы мен табиғатын қал-қадірінше насихаттап жүрген азаматтар бар арамызда. Солардың бірі – фейсбук әлеуметтік желісінде өлкетанушы, журналист, тарихшы әм фотограф ретінде танылып жүрген ағамыз Амандық Әмірхамзин. Наурыз бен Түркістан тақырыптарын қатар қамтыған қалған сөзді әңгімеден сусындаңыз.
«САЯХАТ ТУРАЛЫ КІТАПТАР БАЛАНЫҢ ӨМІРГЕ ІҢКӘРЛІГІ МЕН ҚИЯЛЫНА ҚАНАТ БІТІРЕДІ»
– Амандық аға, әңгімемізді оқырманға өзіңізді таныстырудан бастасақ. Торғайдың тумасы екеніңізді білеміз, тарих пен өлкетану ісіне қалай келдіңіз? Білім алған жеріңіз, еңбек жолыңыз, қазір немен айналысып жүрсіз?
– Иә, әркімнің туған жері ыстық болатыны түсінікті ғой, туған жерім Қостанай облысы, Жанкелдин ауданының Көкалат ауылы. Бала кезімізден әр қазақ баласы сияқты әдеби-тарихи кітаптарға құмартып өстік. Оқушы шағымызда ауыл маңына саяхат жасап, кейін өзімізше картаға түсіріп (шимай ғой жәй), әкемнің қасында жүрдім. Ол кісінің бір қасиеті, әр баласы мектепке барғанша жанында ертіп жүретін еді. Балалық шақ ең есте қалатын дәуір екен. Өзге өңірге, өзге елге барсаң, өз ортаңа басқаша қарайсың, қабылдайсың. Осы бала кезден қалыптасты. Әкемнің жанында жүріп жұртты білуге деген қызығушылығым оянды. Менімен қатарластадың мектеп оқушысы кезінде саяхат туралы кітаптарды жастанып оқымағаны кемде-кем шығар. Әсіресе, «Он бес жасар капитан», «Менің атым Қожа», «Капитан Гранттың балалары» сияқты кітаптарды құмарта оқыдық, бұл кітаптар баланың өмірге іңкәрлігі мен қиялына қанат бітіргендей еді. Ауылдан 80 шақырым жердегі басын қасиетті Ұлытаудан алатын Ұлы Жыланшық өзенінің бойында отыратын қырдағы (қойшы ауылдағы) нағашымның ауылына баруым қазақ даласына деген ғашықтығымды одан сайын арттыра түсті.
Осы тарихқа, саяхатқа жақындығым кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне алып келді. Аталған білім ордасына 1990 жылы оқуға түсіп, 1995 жылы тәмамдадым, кейін мектепте, одан соң институт пен университетке оқытушылық қызмет атқардым.
Бас қаланың астанаға айналуына байланысты 1998 жылы Мемлекеттік кіріс министрлігіне қызметке кіріп, көп жылдар орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істедім. 2010 жылы Индустрия және жаңа технология министрлігінің құрамындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы болып қызметке кірістім. Осы уақытта, біздің қоғамның қызмет салаларының бірі – туризм болатын. Міне, осы кезеңде саяхатқа деген бұрынғы құмарлығым қайта оянып, кейін тарих, бұқаралық ақпарат құралдары саласымен қатар ішкі туризмге де бет бұра бастадым.
Осылай бауырларыммен бірлесіп қолға алған Қостанай облысының оңтүстік аймағы үшін «Тылсым Торғайға тур» атты жобамыз дүниеге келді. Содан ішкі туризмді, оның ішінде, туған өлкем – Қостанай облысы туризмін кеңірек насихаттай бастадық. Кейін ол жобаны республикалық деңгейге шығарып, Қазақ радиосында «Туған жер» (мәдениет, тарих, саяхат тақырыбы) атты авторлық бағдарламамды жүргіздім, кейін «Қазақ туризм» акцонерлік қоғамының қолдауымен ол таза ішкі туризмге арналған «Saparlike» атты радиобағдарламаға айналды. Мұндағы мақсат – әуелі қазақ тілді контентті күшейту, екінші, елімізде таза ішкі туризмге арналған бағдарлама жоқтың қасы еді, осы олқылықты толтыру болды. Бағдарлама Қазақ радиосындағы танымал ондыққа кірдік. Әрине, дүние жүзіне әсер еткен пандемия бағдарламамызды тоқтатуға мәжбүр етті.
Үшінші – Қостанай облысының тәуелсіз қазақ тілді ақпарат құралдарын дамыту үшін ниеттес жігіттермен бірігіп «Тобыл-Торғай.кз» атты сайт дүниеге келді. 2016 жылы біздің сайт Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры ұйымдастырған «Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» байқауында «Шынайы өмір» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.
Біз өз қал-қадірімізше ішкі туризмді насихаттау үшін еңбек етіп жүрміз.
Өткен аптада «Saparlike» бағдарламасының жобасы аясында Данияр Агайдаров пен балам Арыстан Амандықұлы және мен — үшеуміз Түркістан шаһары мен облысына биылғы алғашқы сапарымызды бастадық. Екі күннің ішінде аймақтың басты туристік нысандарына жетіп, оларды фото-бейнеге түсірдік. YouTube арнасына шығардық.
«МЕНІҢ АРҒЫ АЛЫС АТАМ – ҚЫПШАҚ СЕЙІТҚҰЛ»
– Торғай мен Оңтүстік өлкесін байланыстыратын тарихи оқиғалар көп. Басқасын былай бойғанда, Қыпшақ Сейітқұл мен Кенесары көтерілісінің өзі неге тұрады. Осындай байланыстырушы «көпірлер» жайында бірер сөз қозғасаңыз.
– Бір қызығы, менің арғы алыс атам – Қыпшақ Сейітқұл. Өз жұртымен Ыбырай Алтынсариннің ол туралы әңгімесінен білгенімдей, Түркістан түбінде өмір сүріпті. Әрине, шежіре болсын, аталарымыздан естіген ауызекі тарих болсын, Қыпшақ Сейітқұлдың Түркістан топырағында туып, Торғай жерінде егіншілік, бақшашылықты дамытқанын білеміз.
Жалпы, Торғай мен Түркістан арасын байланыстыратын тұлғалар көп. Ол өзіңіз айтқандай Кенесары. Аңызда (тарихта) айтылатындай Қоқан залымдары мұндағы ағайынға тізесін батырғанда оның алыстағы Торғайдан оңтүстікке келіп, жаудың сазайын тарттырғаны белгілі.
Айтқандай, Абылай ханның бас батырының бірі Шақшақ Жәнібек батыр Түркістанда жерленген. Бір қызығы, Түркістанда көрген собық тастарды (құлпытас)Торғай даласынан да көрдім.
Қазір Торғайға жету үшін жарты Қазақстанды айналып, бас қала арқылы жетуге болады. Ал, бабаларымыз Түркістаннан шығып, Сырдың бойын жағалап, Торғай жеріне топ ете қалатын болған. Бабаларымыз үшін қашықтық деген түсінік жоқ. Оның үстіне, жаз жайлауы Сібірдің қарағайлы ормандарына дейін жететін Алаш жұрты қыстау үшін Түркістан, Сыр бойына өтіп, тіпті Жиделі-Байсынға дейін жеткен. Сондықтан, шығысы мен батысы 5 мың шақырым қашықтықтағы қазақ жұртының тілі мен ділінде, мәдениеті мен тұрмысында айырмашылық жоқ. Мәселен, Дағыстанның бір ауылы екінші ауыл жұртының тілін түсінбейді.
Бірді айтып бірге кеттім, мынадай сауал туады. Біздің батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік жұрты өзге аймақтардағы өзгерістерді біле ме? Осы тұрғыдан келгенде біздің бір өлкеден екінші өлкеге сапарлауымыз маңызды, біз бір-бірімізбен аралас-құралас болуымыз керек. Қазір өзі тұратын облыс аймағындағы туристік нысандарды білмейтін адамдар бар. Қысқаша айтқанда, осындай олқылықтарды жою керек.
– Соңғы кездері өзіңізді Түркістан, Шымкент, Тараз өлкелерінде жүргеніңізді жиі байқап қаламыз. Оңтүстік несімен тартады?
– Біздің қазақ даласының кереметін мынадан байқауға болады. Мәселен, өткен айдың 27-28 ақпаны күні еліміздің солтүстік өңірлерінде қарлы боран болып жатса, Түркістан облысының оңтүстік аудандарында қырыққабат гүлдеп жатыр еді. Ал, біз сияқты жылу іздеген саяхатшы адамдарға бұл кезең ең ыңғайлы мерзім дер едім. Күн ыстық емес әрі соңғы кезде ұлттық лоукостердің іске қосылуымен мәселен, еліміздің өзге өңірлерінен Түркістан, Шымкент шаһарларына жетуге мүмкіндік туды. Бастысы, сапарыңызды ерте жоспарлағаныңыз жөн. Қазір, тіпті Түркістан арқылы Стамбұлға ұшуға мүмкіндік бар.
Мысалы, Түркістан облысын алайық, Қазақстанның 4,5 процент аумағын ғана алып жатқанымен, мұнда қазақ халқының көптеген тарихи-мәдени нысандары орналасқан. Және, салыстырмалы түрде екі күнде негізгі туристік нысандарға жетуге болады. Жамбыл облысына қатысты да осыны айтуға болады.
Оның үстіне, оңтүстіктің сервис қызметі, асханасы мен арзандығы кез-келген отандық, не шетелдік туристі бей-жай қалдырмасы анық.
«САМАРҚАННЫҢ КӨК ТАСЫ ЕРІДІ» ДЕГЕН СӨЗ – ТАС ЕКЕШ ТАСТЫҢ ӨЗІ ЖІБІДІ, АДАМДАР БІР-БІРІНЕ МЕЙІРІМІН ТӨКСІН ДЕГЕН МАҒЫНАДА
– Фейсбуктегі Үкаша ата жайлы постыңызға бір оқырманыңыз аңыздың түбірінде исламға дейінгі дәуірдің белгілері бар депті. Өлкетанушы ретінде исламға дейінгі ауыз әдебиеті объектілері жайында сөз қозғасаңыз.
– Негізі, бірінші мына жайтты ескеру қажет. Саяхатшылардың бәрі зияратшылар емес, дегенмен, бұл жайтты да еске сақтау қажет. Мысалы, Түркияда не Гүржістанда аңыз-әфсаналар ойдан шығарылады. Ал, қазақ даласында, оның ішінде, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі нысандардың Исламға дейін пайда болуы да мүмкін. Әрине, Ислам діні қазақ халқының тұрмыс-салтымен біте қайнасып кеткен, тіпті, біздің ұлт болып ұйысуымызға да әсер етті. Ал, Сіз айтып отырған Үкаша ата жайлы әңгімелер Исламмен, оның таралуымен тығыз байланысты деп ойлаймын.
Бірақ, Қаратаудың қойнауындағы петроглифтердің Исламға қатысы жоқ екені түсінікті. Тіпті, кейде Ислам дінін таратушылар жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, ұштастырған деп санаймын. Кейбіреулері, бірнеше дінге де қатысты болуы мүмкін. Мысалы, Өзбекстандағы Қожа Даниярға қатысты аңызды алайық. Үш монотеистік дінге қатысты. Кешен Әмір Темір кезінде салынған болуы мүмкін. Сол сияқты, қазақ даласындағы, жалпы Орталық Азиядағы чашма (бұлақ) не киелі жерлер – қадамжайлар да тарихы жағынан қызық.
Кейде ойлаймын, осындай киелі жерлер деген ұғым тіпті адамзаттың пайда болуы кезеңінде, адамдардың үңгірлерді мекендеу заманынан бастау алды ма екен, Қазақстандағы әулие үңгірлермен де байланысты емес пе екен деп. Бір ой бір ойды жетелейді демекші, осындай табиғаты ерекше жерлердің өзіндік аурасы да болатынын жоққа шығара алмаймын.
Әрине, бәрі бір Алланың қолында екеніне, Мұхамбеттің үмбеті екенімізге шәк келтірмейміз, бірақ, кейде әфсаналардың түбінде шындық та жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Қалай десек те, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен туралы аңыз-әңгімелердің әрісі Нұх пайғамбар заманы, берісі Исламның қазақ даласына таралуы уақытын қамтитынын көреміз.
Әрине, Ислам сахараға келген кезде жергілікті ерекшеліктерді де бойына сіңіруі мүмкін. Мысалы, оқыған-тоқыған әдебиеттерімізде Ғайып Ерен, Қырық Шілтен ұғымының шілтені шырақшы деген сөзбен сабақтас екенін білеміз. Екінші жағынан сопылықтың да ізі болар деп ойлаймын. Қырғыздың «Манас» жырында да шілтендер туралы айтылады екен, ал енді шілтендердің пайда болуын зерттеушілердің еншісіне қалдырып, өзім көзіммен көрген жайттарға тоқтала кетейін. Айтқандай біздің елдің (Торғай елінің) уақ Жұмабай атты ақынының бір өлеңінде:
«Мойнында келіндердің алтын бұршақ,
Қырық Шілтен, Ғайып Ерен келші бермен» деген сөздерді оқыған едім.
– Исламға дейінгі аңыздар тақырыбын жалғасақ. Қазір төл мейрамымызға айналған Наурыз мерекесі жайлы айтарыңыз бар ма? Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз «Наурыз Қазығұрттан басталған» депті. Жалпы, Наурыз жайлы ой өрбітсек.
– Бір анық нәрсе, ол – Исламға дейін пайда болған. Және өзіңіз білетіндей Наурыз негізінен түркі және парсы жұртына тән.
Кішкентай кезімізде үлкен кісілер «Самарқанның көк тасы еріді, Наурыз келді» деп айтатын. Шынында, ол сөзді тура мағынасында қабылдайтын едік. Кейін есейе келе зер салып қарасам, бірнеше мағынада қолданылады екен.
«Самарқанның көк тасы еріді» деген сөз – тас екеш тастың өзі жібіді, ал адамдар бір-біріне мейірімін төксін деген мағынада деп түсінемін. Тағы бір мағынасы былай деп айталады. Ескі бір заманда Мәуреннахрды билеген бір қазақ билеушісі (бәлкім, Жалаңтөс баһадүр болар) Наурыз күні өз тағынан түсіп, кез-келген қарашаға (қарапайым адамға) бір күнге өз орнын береді екен. Мұның негізінде , «біз бәріміз Жаратушының алдында теңбіз» деген мағына жатқан сияқты.
Самарқанда билеуші болған, атақты Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек Самарқанда өз дәуіріне сай обсерватория салдырғаны мәлім. Зерттеу жүріп жатқанда дәл Наурыз күні, күн мен түннің теңесетін күні табиғаттың кереметі – тастың өзі де жібуі мүмкін.
«ҚАРНАҚ – ТҮРКІСТАНДА ОРНАЛАСҚАН ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ АСТАНАСЫНА КЕЛЕТІН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ АРНАЛҒАН МЕЙМАНХАНАСЫ»
– Сіздің әлеуметтік желідегі оқырмандарыңыздың бірімін. Қарнақ пен Сауранға қатысты қызық дерек келтірдіңіз. Соны тарқатып айтып берсеңіз?
– Қарнақ, Шорнақ, Жүйнек, Иқан, Хантағының атына бұрыннан қанықпын. Оқыған тарихи кітаптарымда бұл қала-қамалдардың қазақ тарихында ерекше орын алғанын білемін. Неліктен Қарнаққа ерекше тоқталатынымның себебін түсіндірейін.
Қарнақ – Түркістан шаһарының іргесіндегі қала (кент), сол заманның өзінде Қазақ хандығы астанасының қазіргі тілмен айтқанда агломерациясы болған. Оған Қарнақтың тағы бір атауы Ішкі кент — Ишкент те дәлел бола алады.
Негізі, Қарнақтың тарихы Қазақ хандығынан да әрі жатыр, дәлірек айтсақ оғыздар заманымен байланыстырамыз. Оған дейін де қоныстың болуы әбден мүмкін. Темір дәуірінің қорымдары да бар деседі. Оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы текетірестер оғыз тайпаларының батысқа жылжуына себеп болған еді, оғыздардың қазақ даласынан кеткенін бәріміз білеміз.
Арғы жағын қазбаламай-ақ, Әмір Темірдің Түркістандағы атақты қазандықты осында құйғаны туралы тарихи деректер бар, соған қарап-ақ, Қарнақтың қару-жарақ, оқ-дәрі, құйма, металлургия өндірісі орталығы болғанын көреміз. Қазіргі Кентау Қарнаққа тиіп тұр. Қарнақтың Қазақ хандығы дәуірінде де мемлекеттің оқ-дәрісін өндіріп, қорғасынын балқытатын орталығы болғаны түсінікті. Өзімше Түркістан мен оның іргесіндегі қала-қоныстарда еңбек бөлінісі болған деп ойлаймын. Ұстазым Жамбыл Артықбаевтың жазуынша Әз-Тәуке заманында бұл өңірде (оңтүстікте) қазақ жұртшылығының отыз екі қаласы болған.
Қарнақтың тағы бір ерекшелігі – оның Түркістанда орналасқан қазақ мемлекетінің астанасына келетін меймандары тоқтайтын арнайы қонақ үй іспеттес орынның болғандығы. Қазіргі тілмен айтқанда мейманхана, қонақ үй, қонақ жай дегенге келеді. Мемлекет болған соң, кейбір мәселелер бойынша өзге елден ат арытып келген меймандар ұзақ кідіруі де мүмкін ғой. Осы орайда, ежелгі түркілердің жатжұрттықтар келген кезде оларды оттың арасынан өткізіп, аластайтын дәстүрі есіме түсіп отыр. Осы дәстүрдің орындалуы да мүмкін, біз айтып отырған қалажұрттарда.
Қорыта айтқанда, Қарнақта дипломатия орталығы орналасқан, қазақтың сұлтандары мен батыр-билерін бала жастан тәрбиелеп, мемлекет ісіне дайындаған орын болған.
Қарнақтың тағы бір ерекшелігі, Ислам діні, білім-ғылым орталығы болған. Оған куә Исламның қазақ даласына таралуымен сәйкес келетін 1300 жылдық (кейбіреулер мың жылдық деседі) тұт ағашы Қарнақта әлі жайқалып тұр. Ортасы шіри бастағанымен ағаштың бұтақтары әзір мығым. Осында оңтүстікте көп өсе бермейтін ақ қайыңдар да кездеседі. Тұт ағашына 5-6 адамның құшағы жетеді, оны көріп жүрміз. Жан-жағы ескі қорым. Дәл осы жерде қазандық құйылған деген жер бар (әрине, нақ осы тұт ағашы түбінде құйылғанына нақты дерек жоқ).
Қарнақта заманында жиырма екі медресе болыпты, белгілісі үш-төртеуі ғана. Осындағы медреселерде қазақтың біртуар ұлдары – Шортанбай Қанайұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Мұса Байзақұлының тәлім алғаны белгілі. Бұл белгілілері ғана. Аталған дәстүр кеңес заманында да жалғасын тапқан.
– Жиырма екі медресе бар болса, Қарнақтың халқы көп болғаны ғой…
– Мысалы, 18-19 ғасырларда кентте 10-11 мың халық тұрған. 19 ғасырдың соңында 2 мың халық мекендеген, ғасыр басында халқы қайта төрт мыңға жеткен. Қазір кент халқының саны 15 мың шамасында екен. Қарнақтың бірде өсіп, бірді құлдырауы бұрын да болған, мәселен, монғол шапқыншылығы кезінде қала күйреп, 15 ғасырда қайта қалпына келтіріледі. Кейінгі тағдыры белгілі.
Тағы бір деректерде мұнда қылует болғаны айтылады.
Қалай десек те, қазақ халқының рухани һәм мәдени-тарихи өмірінде Қарнақтың алатын орны айрықша.
– Сауран туралы не айтасыз?
– Туристердің баруға тиісті нысандарының ішінде Сауран да болуы керек. Мұнда орта ғасырлық қала қабырғалары әлі тұр. Қалаға жету онша қиын емес, Түркістан қаласынан бар болғаны 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Кезінде Ақ Орданың астанасы болған.
Егер, Түркістан қаласына жолыңыз түсетін болса, онда Сауран қала жұртының орнына баруға кеңес берер едім. Және жету үшін жол сайрап жатыр. Қаланың ең гүлденген кезеңі орта ғасырларға тән. Әуелде қала VI—XIII ғасырларда қазір Қаратөбе қалашығы деп аталатын, бұрынғы қаладан 3 шақырым қашықта орналасқан еді. Қазіргі Сауран қаласының орнында XIII—XVIII қала тіршілігі қайнап жатқан болатын, одан кейін қала жұрты босып кеткен. Дегенмен, сол дәуірдің өзінде Сауран Қаратау жотасы мен Сыр бойы арасындағы өлкені бақылауда үстаған маңызды сауда-экономикалық орталығы болды, ол бойынша керуен жол өтті. Қаланың ең гүлденген уақытында ғалымдардың айтуынша шаһар тұрғындарының саны 3-15 мың аралығында болды. Дәл Сауран жерінде Қазақстанда алғаш рет кәріз жүйесінің белгілері табылған болатын.
Ал, орта ғасырлық араб географы Мақдиси Сауран туралы былай деп жазып кетіпті «Сауран (Сабран) — жеті қабырғасымен қоршалған үлкен қала, қаланың ішінде жұма мешіті бар». Қамал қабырғалары 7 метрге жетеді, ал, қабырғаларының орны 3 метрге жетеді, қақпаларының ені 5-6 метр.
Қаланы жоңғар шапқыншылары 1723–1727 жылдары басып алды. Қала тұрмысы тоқтады деуге болады. Дегенмен, қаланың соңғы тұрғыны қаланы 19 ғасырдың басында ғана тастап кетті. Бір қызығы, Сауран қала жұртынан 14 шақырым қашықтықта Сауран ауылы бар, ал, күні кеше ашылған Сауран ауданы қаланың атын енді ұмыттырмас!
Егер, тарихымызға қарайтын болсақ, астананың орнында Бозоқ қаласы, қасиетті Ұлытау маңында, Ертіс бойы мен Жетісуда қаншама қалаларымыз болған?! Батыстағы Сарайшық ше? Қысқаша айтқанда, ұланғайыр даламыздың қай түпкірін алсақ та қала жұртын кездестіруге болады.
Солардың қатарында қазіргі Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағындағы, яғни Оғыз, Дәшті Қыпшақ, Қазақ хандығы мен Қазақ КСР дәуіріндегі – Жент, Жанкент, Үзгент, Сығанақ, Сауран, Созақ, Түркістан және Қызылорда қалаларының орны ерекше.
«СІБІР ТАТАРЛАРЫНЫҢ БІЗДІҢ ЖҰРТҚА ТУЫСТЫҒЫ, АРАЛАС-ҚҰРАЛАСТЫҒЫ ДАУ ТУДЫРМАЙТЫН ЖАЙТ»
– Алдыңғы жылы Қаратау қойнауында өткен «Біздің таулар» фестиваліне ұйымдастырушылар тау пейзажын суреттеген сіздің де еңбектеріңізді қойды. Фотосуретке түсіру өнері, оның сырлары, қызықтары жайлы әңгімелесеңіз. Жалпы, біздің өңірдің тауларына жиі келесіз бе?
– Түркістан өңіріне келген сайын оны әр қырынан танимын. Ең алғаш сапарларымның бірін киелі Түркістанға арнаған болатынмын, одан кейінгі сапарлардың әртүрлі мақсаты болды. Алдағы уақытта Түркістан өңіріне қатысты екі жоспар бар. Бірінші, өңірдің табиғаты көркем жерлерімен, яғни, тау-қорықтарымен танысу. Екінші жоспар, облыстың теріскейімен шектес аумағына бару. Өйткені, Созақ ауданы әлі де толық зерттелмеген аймақ деп санаймын.
Ал, табиғатты суретке түсіруге қатысты айтатын болсақ, әлі де фотосурет өнерін жете меңгергенімді мойындаймын. Бастысы ниет болса, кәсіби маманға айналуға болады деп санаймын.
– Биыл Түркістанның төрінде түркітілдес мемлекеттер басшылары бас қоспақ. Өзіңізді Сібір татарларын зерттеп жүрген кісі ретінде білеміз. Сол сібірліктердің қасиетті орындар тізбесінде Кашлықтағы (Искер) Зеңбі баба, Түмен облысындағы Хаким ата (Бақырғани), Хуппи-Хуча (Үппі қожа), Чалялетдин-Хуча (Жәлеладдин қожа), Амбар-Ана (Анбар ана) секілді әулие-әнбиелерге орнатылған сәулет ескерткіштері бар. Аталған тұлғалардың барлығы дерлік Исламның сопылық ілімі, оның ішінде яссауия тариқатының өкілдеріне жатқызылып жүр. Демек, бір кездері Түркістанның рухани әсер ету шеңбері қазақ жерінен шығып, Сібір жеріне де жетті деген сөз ғой?
– Кезінде орыс ақсүйектерінің көпшілігі Алтын Ордадан шыққан. Мысалы, Томск халқының үштен бірінің қызметші халқын (орысша айтқанда служливые люди) том және чат татарларынан шыққан мырзалар құраған екен. Мұнан басқа Сібірдегі Сібір татарлары қалаларының орнында кейін Ресей (орыс) қалалары пайда болғанын көруге болады. Алысқа бармай-ақ, Тюмень (Сібір татарларының Чинги-Тура қаласы), Қыштым, Қашлық (қазіргі Искер), Томск (Томскінің орнында Йәүштә атты Сібір татар ауылы болған), Тура сияқты қалаларды айтсақ та жеткілікті.
Жалпы, Сібір татарларының біздің жұртқа туыстығы, аралас-құраластығы дау тудырмайтын жайт. Бұл ретте, Сібір ханы Көшімнің басы-қасында Ораз-Мұхамед сұлтанның және Қыдырғали Жалаиридің табылуы тегіннен-тегін болмаса керек. Оны айтасыз-ау, талай тарихи әңгімелерге арқау болған Сүзге ханым да қазақ даласынан шығып, барған жеріне тастай сіңіп, өз өмірін Көшімнің мұраты жолына арнағаны аян.
Елордамыздың атауымен аттас «астана» деген сөз Сібір татарларының тілдік қорында «әулие» деген мағына береді екен.
Сібір татарларының этникалық дамуына Сібір қалаларында бұхарлықтар (сібірлік бұхарлықтар) немесе сарттар деп аталған Сібірге ауып келген орта азиялықтар — өзбектер мен тәжіктердің (қазақтар да болуы мүмкін деп санаймын, олай дейтінім, кейінгі олардың ауылдарының атаулары қазақ ауылдары атауларымен сәйкес келеді) және Сібірге ХV-ХVІІ ғасырларда Еділ бойы мен Орал бойынан ауып келген татарлардың да үлесі күшті болды. Бұлардың бәрін де Сібір татарлары ассимиляцияға ұшыратты және олар ХІХ ғасырдың ортасында Сібір татарларының негізгі компонентіне айналды.
Ал, Сіз айтып отырған Ислам дінімен байланысты Түркістанның рухани әсер ету шеңбері қазақ жерінен шығып, Сібір жеріне де жетті дегеніңізбен қосыламын, тек оны кей ағайындар мойындағысы келмей жүр.
«ТҮРКІСТАН 5 МИЛЛИОНДАЙ ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ТУРИСТЕРДІ ҚАБЫЛДАЙ АЛАДЫ»
– Байқаймын, Түркістан шаһарының тарихын көп зерттеген сияқтысыз. Тек тарихы ғана емес, туризміне де еңбек сіңіруді қалап жүргендейсіз…
– Иә, дұрыс бағамдапсыз. Еліміздің ішкі туризмі, оның ішінде, Түркістан (қаласы мен облысы) туризмі үшін тамаша мүмкіндіктер туып отыр. Мәселен, өткен жылы Түркістанға жарты миллион турист келген, қазіргі уақытта 1,5 млн турист қабылдауға мүмкіндігі бар. Егер өңір Орта Азия елдерімен туризмді дамыту жөніндегі ортақ жобаларды іске асырған жағдайда тіпті 5 млн-ға дейін отандық және шетелдік туристерді қабылдай алар еді.
Түркістанға дәл Мағжан ақындай баға берген ешкім жоқ шығар, десе е Түркістан туралы түсінікті толықтыра кетсем.
Түркістан түркі жұртының ұлысы, екінші, Түркістан дегеніміз көп жағдайда Орталық Азия елдерінің бәріне (ортақ атау) қатысты айтылады. Осыдан 1500 жыл бұрын Түркістан қаласының пайда болуын табиғи заңдылық десек дұрыс болар, өйткені оның орналасқан жері тоғыз жолдың торабы еді. Кейінгі кезеңде ашылған археологиялық қазбалар қаланың мәдени қабатының қалың болғанын көрсетеді. Мысалы, Қошқорған, Шоқтас сияқты тас дәуірінің ескерткіштері көп жайттан хабар бергендей. Әріге бармай-ақ, 4-6 ғасыр кезеңіндегі Күлтөбе, 7-10 ғасыр кезеңіндегі — Шойтөбе қалашықтары орнының өзі неге тұрады?!
Түркістан шаһары кейінгі дәуірінде Түрік және Батыс Түрік қағанаттарына қарады, қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Заманында Дәшті Қыпшақтың жауһарларының бірі еді. Жоғарыда айтқанымдай 8 ғасырдың екінші жартысында Сыр бойы мен Талас аңғарына қарқұлқтар иелік еткені мәлім. Бұл кезеңде Шауғардың (Түркістанның) және Фарабтың (Отырардың) аттары қатар аталатын еді.
Одан бері Түркістанның тарих сахнасында бірде Шауғар, кейін Йассы, соңында Түркістан атауымен орын алуы заман өзгергенмен қала жұртының орнында сақталуы ғажап құбылыс.
9-10 ғасырлар Түркістанның (Шауғардың) ең гүлденген кезеңі десек қате айтпаймыз. 10 ғасырда қаланы өз көзімен көрген әл-Мақдиси былай дейді: «Шауғар — маңында көптеген елді мекендері бар үлкен қала, қаланы қоршай орналасқан қамал қабырғаларын көруге болады. Шығыс қалаларына тән базар жанында мешіт те бар. Ол басты жолдан әріректе жатыр». Осы жазбаға қарап қаланың аумағын, қамалмен қоршалғанын және базарлары мен мешіттерінің барын білуге болады. Өйткені, 19 ғасырдың өзінде (салыстырмалы құлдырау кезеңі) Түркістанда 12 мұнара, 20 шақты мешіт, 4 қақпа, 22 су диірмені, қаншама медресе мен базар болғанынан хабарымыз бар.
Түркістан төңірегіндегі Шымкент, Сайрам, Отырар, Сауран, Шірік-Рабат, Женд, Жанкент, Үзгент, Сүткент қалалары мен Қарнақ, Шорнақ, Жүлек, Иқан сияқты өзге де қала-кенттердің бір бірімен іркес-тіркес болғаны сондай, «Шымкенттің қала қорғандары қабырғаларына шығып кеткен марғау сол қалпымен Түркістаннан тоқтамай өтіп, одан әрі Арал теңізі жағынан бір-ақ шығады» екен деген әңгіме бар. Әрине, аңыз болар, дегенмен аңыз түбі ақиқат екенін ұмытпайық.
Кейінгі деректер бойынша тек Қазақ хандығы дәуірінде Түркістан төңірегінде 32 қаланың болғаны тарихтан белгілі.
Жалпы, Түркістан Хиуа мен Самарқандтан, Бұқарадан келетін, Сарыарқа арқылы Сібір мен Еділ-Жайық бойына және шығысқа Тараз арқылы шығатын керуен бойының, яғни Ұлы Жібек жолының басты тармақтарының бірі еді. Дәл, осы Түркістан жері арқылы азық-түлік, ыдыс-аяқ пен қару-жарақ тасымалданып, дүниенің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатты.
Осы ретте, оның Қазақ хандығының астанасы болғанға дейін Түркістан шаһары төңірегіндегі қала-кенттердің әрбірінің өз функциясы және еңбек бөлінісі болды деп санаймын. Айтқандай, ежелгі Түркістан туралы деректерді қарастыру кезінде Тайқазанның қазіргі күндегідей аяқсыз емес, екі үлкен қола аяқтары барын байқаймыз, олар жоғарыға өрлеген шеңбер тәріздес. Тағы бір қызығы Тайқазанның астында арнайы тас тағаны болған екен!
Түркістан туралы ертедегі араб жазбаларында жазылып қалған. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: «Көне Шауғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІ ғасырдан бастап қала орталығы Йассыға көшті», — дейді. Бұл деректерді еліміздің археолог-ғалымдары да растайды. Қытай жазбаларында да Түркістан туралы деректерді жолықтырамыз.
Йассы туралы Шараф әд-Дин Әли Йезди де жазып кеткен. Рузбехан Исфағани болса «Михманнаме-и Бухари» атты шығармасында Йассыны былайша сипаттайды: «Аса қасиеті Қожаның (Қожа Ахмет Йассауиды айтып отыр — автор) сағанасы орналасқан Йассы қаласы өрісі кең әрі құнарлы жер, Түркістан аймағының орталығы. Йассы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізіледі де, сол жерде оларды сату басталады. Сондықтан ол көпестердің тең-тең жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын өзге елге аттандыратын орын болды».
Әрине, Түркістан қала мәдениеті мен дала мәдениетінің ұштасқан жерінде орналасқандықтан түркі дүниесінің рухани һәм мәдени астаны десек артық айтқандық емес. Өйткені, Түркістанды түркі, жалпы мұсылман әлемінің діни рухани көшбасшыларының бірі — Қожа Ахмет Йассауи есімімен байланыстырамыз. Ол Түркістанның Ислам дүниесінің «кіші Меккесі», яғни «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген ұғымымен де жанасып жатыр. Түркістанның діни-мәдени орталық ретінде зияратшылардың көптеп келетіндігі жөнінде және Қожа Ахмет Йассауи кешенінің бұрынғы сопылар қауымы орнында жалғасып келе жатқандығы туралы Шереф ад-дин өзінің «Зафар-Наме» атты еңбегінде де айтып кеткен.
Түркістанның тек түркі дүниесі ғана емес, әлемдік деңгейдегі танымалдығына оның жоғарыда айтқандай Ислам елдерінің діни ошақтарының бірі болуы да әсер етті.
Шын мәнінде, біз Түркістан тарихы мен оның түркі дүниесі ғана емес, Әлемдік орнын әлі де бағалай алмай жүрген сияқтымыз!
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Түркістан қаласы
Leave a Reply