Дүйсебай Дәуірбек Құдабайұлы – ақын, шығыстанушы, халықаралық заңгер. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2000 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін, 2020 жылы М.Нәрікбаев атындағы заң университетін тәмамдаған. «Сағынып жүрмін», «Оянып кеткен ақ сәуле», «Саңылауға түскен нұр» кітаптарының авторы.
ДҮНИЕДЕ ЕҢ ҰЗАҚ ЖАСАЙТЫН ӨНЕР – КҮЙ, МУЗЫКА ӨНЕРІ…
– «Шығармашылық – құдайға сыйынудың басқа бір жолы» дейді Франц Кафка. Сізді бұл мінәжатқа не алып келді?
– Өлеңге қалай келдің дегеніңіз ғой… Жақында Алматыда Жазушылар одағының ықпалымен ұйымдастырылған кездесуде де оқырмандар тарапынан осындай сұрақ қойылған еді.
Өнер өлкесіне қарай қадам басуыма алдымен әкем көп әсер тигізді, ақыл-кеңесін берді. Әке арманын жалғастырушымын деп айтсам да болады.
Әкем тілші болуды армандаған. Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға бармақ болғанында, атам: «Жалғыз ұлымсың. Алысқа жібере алмаймын. Тағдыр жалғыздарға өш келеді. Онан да мына жақын жердегі Тәшкенде оқы», — деп, Алатау жаққа жібермей қойыпты. Тәтем (әкем) атамның сөзін аттап кете алмайды.
Әкем өзі жетпеген арманға балам жетсін деп, мені, баласын, Алматы қаласындағы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мектеп-интернатқа берді. Интернатқа конкурс арқылы түстік.
Оқушы кезімде ауылда жүріп, жазушы Ә.Нұршайықовқа хат жазып, батасын алдым. Әзілхан атамыз Бауыржан Момышұлымен түскен суретін жіберіп, «осы атаңдай дана, даңқты бол» депті.
Республиканың түкпір-түкпірінен дарынды балалар жиналған бұл интернат мен үшін жаңа жол, жаңа тыныс ашты. Газет-журналдарға өлең-мақалаларым шығып тұрды. Айтпақшы, «Көктем келді» деген алғашқы өлеңім 5-сыныпта оқып жүргенімде аудандық «Ленин өсиеті» газетіне басылды.
Қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаларда қазір жұртқа белгілі болған қаламгер-тілшілер – Бақыт Беделханұлы, Данияр Меңілбеков, Ержан Алаштуған, Есей Жеңісұлы, елші Мадияр Меңілбеков және т.б. жігіттерге ілесіп, топ жарып жүрдім. Бұлар сол кездің өзінде қаламгер, әдебиеттанушы ретінде ой-пікірлері қалыптасқан жастар еді.
Сол кезде, толық ойды өлеңмен жеткізе алмайсың деген стеоротип қалыптасқан еді. Соны бұзған Есей Жеңісұлы болды. 1993 жылы республикалық олимпиадада «Есей шығарманы толық өлеңмен жазыпты, мұнысы бекер болыпты» деп жатты білгіштер. Бірақ, Есей бірінші орын алды. Кейін үздік шығармалармен танысқанда М.Меңілбековтің, Е.Жеңісұлының және тағы бір қыздың (аты есіме түспеді) шығармаларына разы болдық. Үздігі Мадиярдың шығармасы болды. Қазақ тәуелсіздігін сәби мен қыран символымен бейнелеп көрсетіп, ерекше стильмен жазыпты.
Ал, Е.Жеңісұлы кестелі өлеңмен тақырып пен мазмұнды шебер ашыпты. Әбден ырза болдым. Содан кейін бүкіл шығарманы өлеңдетіп жазатын болдым. Аздап төселе келе, атам мен әкемнің өмір жолы туралы кішігірім дастан жаздым.
Мақалаларым «Қазығұрт тынысы», «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне басылып тұрды. Осы газеттерде жұмыс істеген Әшірбай Еркебаев, Бектай Шетенов сияқты аталарым өз ақыл-кеңестерін беріп жүрді.
1994 жылы мектепте ақын Фариза Оңғарсынова апамызбен кездесу болды. Кездесуде Танакөз Ілиясова және т.б. жас ақындар өлең оқыды. Солардың қатарында мен де «Күзгі қайың» деген өлең оқыдым. Фариза апай өлеңдерімізді жақсы бағалады. Ол кісі қасына шақырып, суретке түстік. Сонда:
– Әй, бала, сен маған, редакцияға кел! – деді.
– Сізге барайын ба, апай? – деп сұраппын алаңғасарлықпен.
– Немене, мен сені өзім іздеп келейін бе? – дегені зілді естілді.
– Жо-жоқ, өзім сізге барамын ғой, — дедім.
– Сен маған өлең жазып бердің бе? – деп сұрады сосын.
Интернаттың жазғыштары Фариза ақынға беруге альбом дайындап, ішіне өлеңдеріміз бен әңгімелерімізді қолмен жазған едік. Ол кезде компьютер жете қоймаған.
– Иә, бердім, -дедім.
– Қанша өлең бердің?
– Біреу.
– Сен немене, өмір бойы бір ғана өлең жазғансың ба? – деп таңырқады.
– Жоқ, басқа өлеңдер де бар. Бірақ, мынау сәл көлемділеу еді.
– Ол не поэма ма? Қанша шумақ?
– 60-70 шумақ.
– Жарайды, мен оны оқып көрейін, — деді ақын апайымыз.
«Ұрпақ туралы жыр» еді бергенім. Беруін беріп алып, қалай қабылдар екен деп екіойлы болып жүрдім.
Фариза апайды екі рет іздеп, «Ақжелкен» редакциясына бардым. Бірінші рет кездесуде түскен суреттерді апарып берсем, екіншісінде тағы бірдеңелер апардым. Екі кезде де апайымыз редакцияда болмады. Кездесе алмадым.
Атам туралы жыр «Ақжелкенге» 1994 жылдың аяғында басылды. Ақша жоқ, қағаз жоқ заман еді. Журналдың саны кешігіп шығып, қолымызға кештеу тиді. Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің 1-курсында оқып жүргем. Журналистика факультетінің қыздары журналды әкеп көрсетті.
Айттым ғой, қолмен жазып бергеміз деп. Редактор-тілшілер кейбір жерлерін түсінбеген болуы керек, біраз сөздер қате басылыпты.
Одан кейін Фариза апайымызды 2004 жылы депутат кезінде Парламентке іздеп бардым. Алғашқы кітабым шыққан еді. Естісе ұят болар деп, өзім апарып бермек болдым. Апай жақсы қабылдады. Біраз әңгімесін айтты.
– Басқа тілек-өтінішің жоқ па? – деді ақын апайым кетерімде.
– Жоқ, -дедім.
– Қайда тұрып жатырсың?
– Жатақханада.
– Жер керек пе?
– Қандай жер?
– Осы маған келгендердің көбі жер учаскесін алуға көмектес деп сұрап жатады.
– Жоқ, апай, оны қалай игерем?
Ол кезде зорға күн көріп жүрген мен шынында да жерді қайтіп игерем деп ойладым. Кейін пәтерден-пәтерге көшіп-қонып шаршағанымда сол жерді алып, құжыра болса да тұрғызып алмаппын деп өкінген кездерімнің болғаны рас.
Бұған қоса, мектепте оқып жүргенімде Алматыдағы «Пионерлер сарайында» «Жас қанат» деген әдеби үйірме болды. Бір топ ұл-қыз сол үйірмеге барып қатысып жүрдік. Онда Әдібай Табылдиев, кейін Кеңесжан Шалқар сияқты ақындар тәлім берді. Өлеңдерімізді газеттерге шығарды, радиодан оқытты. Бізді демеп-жебеген сол кісілерге мың алғыс айтамыз. Қатарластарымыздың ішінде Шадияр Өстемірұлы деген ақын бала болды, ақындар соның жырларын ұнататын. Кейін бұл досымыз белгілі тілші болып, өзекті мақалалар жазып, келелі мәселелерді көтеріп жүрді. Міне, осындай мектеп көрдік.
Одан бөлек, атамыз жас кезіндегі айтыстарынан үзінді шумақтар айтып отыратын. Әкем де құр жаяу емес еді. Табанда өлең шығарып айта салатын. Ауыл жақта біраз тойларды басқарды. Газеттерге үзбей мақалалары шығып жататын. ХІХ ғасырдың 90-шы жылдары елдегі күйзеліс, мәдени ошақтардың жаппай жабылып қалғаны туралы мақала жазды. Сол мақаланы маған Алматыға жіберіп, «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртазаға апарып бер деді. Апарып бердім. Басқа кісі болса, мұндай сыни мақаланы басар ма еді, баспас па еді, Шерхан атамыз бас газетке бірден жариялады. Кейін сол мақаланы өзге газеттер, соның ішінде орыс басылымдары аударып, көшіріп басты.
Тәтемнің кейде тілінің тікені бардай көрінетін. Өлеңдерінің көбісі есте қалмапты. Жазып алмаппыз. Тірі жүре беретіндей көрініпті бізге. Есімде қалған әкемнің мына бір әңгімесін айтып берейін.
«Бірде мақта теруге я Жетісай, я Шардара жаққа бардық. Айтыс қайта жанданып жатқан кез еді. Мақташылар қосынының аспазы менің өлеңге икемім бар екенін біліп: «Мен де ақынмын. Айтысайық», — деді. Көпшілікке қызық керек, олар да қолқалап қоймады.
Содан ол домбырамен, ал мен жастықты гармон қылып, айтысып, біраз жерге бардық. Қарсыласым әжептеуір ақын екен. Көп сөзі қитығыма тиіп кетті. Сол кезде қызбалықпен:
Ау, көке, осы өңірдің ақынысың,
Бірақ, қазан-ошаққа жақын ісің.
Әркімнің ауқат істер қатыны бар,
Сен осы көпшіліктің қатынысың, — деп айтып жіберіппін. Көпшілік ду күлді. Қарсыласым сап тыйылды. Айтарға аузына сөз түспей, түтігіп кетті. Маған өкпесі қара қазандай. Содан біраз күн аш жүруге тура келді».
Міне, осылай, әкем көпшіліктің көңілін табу үшін көп жерде солардың пайым-өрістеріне орай жеңіл немесе күрделі жырларды суырып салып айтатын, айтыса беретін.
Әкем менің де айтысқанымды қалады. Домбыра үйренуге берді. Домбыраның құлағын келтіре алмадым. Даусым да келмеді. Айтыс – ақын, музыкант, әртіс, сараптамашы сияқты сан қырлы дарын, кәсіп пен өнер қосындысы. Осылардың бірі жетпесе, үлкен айтыскер ақын бола алмайсыз.
Жалпы, өнер өлкесіне келуіме әкемнің, оқыған мектебімнің, оқытқан ұстаздардың, кітаптың, жоғарыда айтылып өткен ақын-жазушы, тілші апа-ағаларымыздың тигізген септік-шарапаты зор болды. О кісілерге рахмет!
– Сіздің Иран елшілігінде қызмет атқарып жүргеніңізді білеміз. Соғыс ауанын майдан ортасындағы жауынгерден гөрі, сыртындағы барлаушы жақсы аңғарады дегендей, шетел асып, қазақ қоғамының, мәдениет, әдебиетінің қандай осал тұстарын байқадыңыз?
– Сыртта жүргенде елді, қазақ қоғамының мәдениеті мен әдебиетінің озық үлгілерін мақтан етіп жүремін.
Қазақтың күй өнеріндей ғажайып дүние көп елдерде кездесе бермейді. Жұбайым – күйші, домбырашы. Қазақ күйі тартылғанда, шетелдік аудитория зор ықыласпен тыңдайды.
Дүниеде ең ұзақ жасайтың өнер – осы күй, музыка өнері екен. Күй – біздің рухымыз, тарихымыз. Халқымыз терең философияны үш-ақ минуттық күйге сыйғызғанын зерттеуші-ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Осындай асыл мұраларымызды сыртқа көптеп дәріптегеніміз абзал болар еді.
– Парсының Лахути деген реалист ақыны бар, оны өзіңіз де білсеңіз керек. Сол Лахути жасаған ерліктерді жасауға, батылыңыз жетер ме еді?
– Иран ақыны Лахути революциялық қозғалыстарға белсене қатысып, ақырында Кеңес одағын паналаған екен. Оның алғырлығы, білімділігі, өнері болар атын өлтірмей отырған.
Біздің қайраткерлер революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуымыз керектігін айтып жүр. Мұнымен келісуге болады.
Бізге дәл қазір тыныштық, тұрақтылық керек екені мәлім. Елдегі кез-келген дүмпуді көрші алпауыт ел өз мүддесі тұрғысында пайдалануға құштар екені жасырмай айтылуда. Украина, Грузия сияқты посткеңестік елдердегі жағдайдан, оларға жасалған шапқыншылықтан көкейге көп мән түюге болады.
Сондай салдарларға апарып соғатын алғышарттарды ескеруіміз керек. Бұл орайда, соңғы кезде елімізде орын алған билік сабақтастығы, естуші билік, парламенттегі көппартиялылықты қамтамасыз ету, қоғамдық сенім кеңесін құру және т.б. сияқты сауатты қадамдар, өзге де саяси-экономикалық реформалар жасалуда. Саясаттанушылар қуатты билік құру идеясын бекер айтып жүрген жоқ. Реформаларды жүзеге асыруда өкіметке қоғам болып жәрдемдескен жөн.
Рас, жүйеге өзгеріс, реформа керек болса, оны жан-жақты саралап, байыппен жүзеге асырған абзал, себебі алпауыттардың араны ашылып, халықаралық құқықты ойланбай бұзып, белден басып отырғаны шындық қазір. Оларды ауыздықтау үшін халықаралық тетік табылмай отыр. Оларға қарсы қолданылып жүрген санкциялық шаралар көп жағдайда тиімді бола бермейді. Сондықтан, дәл қазіргі уақыттағы кез келген шайқалыс, шалт қимыл тиімсіз кері әсерге алып келуі ықтимал екенін қаперде ұстаған жөн.
ОТАРЛЫҚ ҚАМЫТТАН ШЫҚҚАН ХАЛЫҚТАРДА КӨҢІЛГЕ АЛАҢ ҰЯЛАТАР ЖАЙТТАР КӨП КЕЗДЕСЕДІ
– Тұтас ұлтымыздың тағдырын ойлап қарағанда, көңілге алаң салатын жайттарды айтып өтіңізші.
– Отарлық қамыттан шыққан халықтарда көңілге алаң ұялатар жайттар көп кездеседі. Солардың қатарында мыналарды атауға болады:
- Кембағалдық түйсік. Өзгені зор, өзін қор санау қасіреті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өз жұртын, өз мәдениетін, өз тілін кемсітушілік жайттары көп кездескені шындық. Уақыт өткен сайын ұлттық сана нығая түскеніне орай, бұл кембағалдық түйсік ақырындап еңсеріліп келе жатқанын көріп отырмыз.
- Жікшілдік. Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысудың орнына тобырлық майда мақсаттарды күйттеу. Білімде, өнерде, спортта, жалпы кез келген салада жікшілдік келеңсіздігі артқа тартып келеді.
- Жемқорлық. Бұл індет барлық мемлекеттерде кездескенімен, жас елдер үшін аса қауіпті. Құқықтық жүйесі жаңадан қалыптасып жатқан мұндай елдер үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өмірлік маңызы зор. Жемқорлықты жеңу жаңаша дамудың басы болмағы кәміл.
- Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмау да аса қатерлі құбылыс екенін посткеңістік елдердегі аумақ өзгерісіне алып келген жағдайларға қарап, анық көз жеткізуге болады.
- Ұлттық ғылым-білімді мемлекет тілінде дамытуға селсоқ қарау да ел келешегіне теріс әсер етуі мүмкін.
Жалпы, ел болып қалу үшін ел басшылығы назар аудартқан ұлттық кодты сақтаудың маңыздылығы айрықша.
Жасөспірімдерді мемлекетшілік мұраттарға адал болуға тәрбиелегеніміз жөн.
– Қазақстандағы жүзеге асып та, аспай да жатқан жобалар жайлы сауатты пікір қалыптастырған азаматсыз. Оны жазба, мақалаларыңыздан оқып, байқадық.
Қазақ мәдениетіндегі тарихи сана феномені туралы айтып өтсеңіз.
– Тарихи сана феномені саяси-әлеуметтік дамуда ерекше маңызды рөл атқарады. Тарихи сана қалыптасу үшін адам алдымен өз тарихын жетік білуге тиіс. Біздің тарих кезінде өктем жұрттың мүддесі тұрғысынан жазылғаны жасырын емес. Қазіргі заманда біз үшін үлкен міндет – тарихымызды түгендеу. Ол үшін тарихқа объективті тұрғыдан қарау қажет.
Тарихи тамырымызға зор мән беруіміз керек деп жатырмыз. Елбасы да, Президент те тарихымызға, оны зерттеуге қатысты келелі ой-пікірлер айтты. Тарихшыларымыздың әділ көзқарастағы еңбектері көптеп жарық көрсе, сондай рухани қайнардан жас буын сусындап, тәрбиеленсе, тарихи санамыз жаңғыра түседі деп сенеміз.
Посткеңестік кеңістікте отарлық сана мен тәуелсіз сана текетіресінің күрделі сипатта өтіп жатқаны байқалады. «Рухани жаңғыру» – мәні зор бағдарлама. Кіріптарлық санадан тәуелсіз санаға көшу оңай үдеріс емес екеніне көз жетуде. Негізгі күрес өз ішімізде жүруде. Ескі отарлық сана күні біткенін біледі. Сонда да орнын бермеуге жанталасып жатыр. Жалмауыздай көне таптаурын сарын жаңа жас екпінді жақтырмайды. Өткенді аңсап, жаңа көкжиекке беттегісі келмейді. Ескі отарлық сана инерциямен біраз жерге баруы мүмкін.
Санасы тәуелсіз жас ұрпақ бізді тығырықтан алып шығатынына үміт зор.
– «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана. Ал, мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» көсем Әлиханның сөзі. Шығыс әдебиетіне қанық екеніңізді аудармаларыңыз-ақ айта жатар. Батыс әдебиеті туралы не айтар едіңіз? Әлем әдебиеті қазақ әдебиетіне орын бере ме?
– Батыс әдебиеті – әлем өркениетінде өзіндік орны бар әдебиет. Абай бабамыз сусындаған үш негізгі қайнардың бірі Батыс әдебиеті екендігі белгілі. Құнанбайдың баласы осы әдебиеттің озық туындыларын өз халқына аударып, таныстырды. Қазақтың бас ақыны бұл іске жүрекпен, кемеліне толған кезде келді. Жазушы Г.Бельгер Абай аудармасының неміс тіліндегі түпнұсқаға мейлінше жақын келетінін ашып көрсетті.
Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін Лермонтовтан аударды. Ал, Лермонтов Гетеден тәржімалаған. Г.Бельгер Абай өлеңі Гете өлеңіне Лермонтовтікіне қарағанда барынша жақын келетінін дәлелдеп көрсетеді. Мұның сыры ұлылар ой-толғамдарының өзара үндестігінде жатыр.
Абай сияқты шетел шығармасын түпнұсқадан алшақтатпай әрі өз тіліңде жатық етіп аудару – ұлы өнер, ғажап қабілет. Батыстан болсын, Шығыстан болсын, шығармалар аударғанда Абай дәстүріне зер салып, қаперге алғанымыз абзал.
Абай жолын жалғастырып, Батыс әдебиетінің озық туындыларын әлі де аудара түскеніміз жөн деп ойлаймын.
Өзге жұрттан үйренетін де, жиренетін де тұстар баршылық. Еуропалықтардың білімпаздығын, еңбекқорлығын, үнемшілдігін, ғылымға бейілділігін, техникаға жүйріктігін, ашықтығын үлгі етуге болады. Дәстүр-таным, жаратылыс ғұрпымен үйлеспейтін, жаңа болғанымен, адамшылыққа жат бағыттар мен ағымдар кездесуі мүмкін. Бірақ, Еуропа жаңа ғасырда озық технологияның, жалпы өркендеудің бесігі болып отырғаны шындық. Кейбір Шығыс елдері не себепті артта қалып келе жатқанына мән беріп, солардың қателіктерін қайталамауға тырыспақ лазым.
Ұлттық мәдениет-дәстүрін сақтай отырып, батыстық технология негізінде жаңа өркениетке бет бұрып отырған Жапония, Қытай, Корея, Сингапур сияқты Шығыс Азия елдерінің жолы үлгі етуге лайық.
ТӘРЖІМА – КҮРДЕЛІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮДЕРІС
– Шығыс шайырларының жырларын қазақшалап жүрсіз. Аудармаға қалай келдіңіз? Болашақта тағы кімдердің шығармашылығын тәржімалау жоспарыңызда бар?
– Елімізде шығыстану ғылымы – жас ғылым. Профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі ҚазҰУ құрамында Шығыстану факультетін о баста қазақ тілді оқу орны етіп ашқан. Осы факультетке түсу үшін қала оқушылары қазақ мектебіне ауысып жататын. Сондықтан, Шығыстану факультеті ұлттық университеттің ұлттық факультеті болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы факультеттен түлеп ұшқан жас шығыстанушылар алдында сыртқы саясатты, қауіпсіздікті нығайту, шығыстану ғылымын дамыту және өзге де көптеген міндеттер тұрды. Сондай міндеттердің бірі Шығыстың жауһар жырларын тікелей қазақша сөйлету болды. Ұстаздарымыз осы мәселені көп көтерді. Осы орайда, парсы шығармаларын өз тілімзге аударып берсек деген аңсар оянды.
Алғашқы аударманы студент кезде Иран ақыны Пәрвин Етесамидың «Жетімнің көз жасы» деген өлеңін тәржімалаудан бастадым. Ұстаздарымыз жақсы бағалады. Кейін де азын-аулақ тәржімалар жасай бастадым. Аударматану ілімін зерделеп, поэтикалық аударма өте қиын өнер екенін түйсіндім. Көркемдігін бергенмен, мән-мазмұны ашылмай қалуы мүмкін, ал мағынасын ашсаң, көркемдігі кемшін тартатын тұстар кездеседі. Бір ғана шумақты аударуға көптеген айлар сарп етілді. Бір шумақтың бірнеше нұсқалары жасалды. Азын-аулақ тәржімалар «Саңылауға түскен нұр» деген кітапқа бір бөлім болып енді.
Алдағы кезде парсының өзге де шайырларының жырларын аударсам деп армандаймын.
«Сенің әдебиетке қандай қатысың бар?»
Осы ғасырдың алғашқы жылдарында Астанада университетте шығыс тілінен сабақ беріп жүрдім. Шығыстану кафедрасы мен академик Р.Нұрғали басқаратын Қазақ және шетел әдебиеті кафедрасы төртінші қабатта қатар орналасқан еді. Қазақ әдебиеті аспирантурасына құжат тапсырдым. Өтініш беріп жатқанымда, академик: «Сенің әдебиетке қандай қатысың бар?» — деп сұрап қалды. Профессор Дандай Ысқақұлы сонда отыр еді. «Бұл бала – ақын. Қазақ тілі мен әдебиетінен оқушылардың республикалық олимпиадаларында бірінші орын алған. Балғынбек, Дәулеткерейлермен бірге ҚазҰУ-да қатар оқыған», — деді. «Е, онда мейлі»,- деп академик өтінішіме қол қойып берді.
Академик Р.Нұрғали өте мейірімді кісі, жүрегі кең азамат екен. Сол кісі, жетекшім Д.Ысқақұлы екеуі көп ақыл-кеңестерін айтып жүрді.
Диссертациямды алғаш бастан-аяқ оқып шыққан досым магистрант М.Меңілбеков болды. Ол ғылыми жұмысымды аударып-төңкеріп, теориялық, практикалық, методологиялық тұстарын толықтыруға көп қол ұшын берді. Ескертулер мен жетілдіру жолдарын айтты. Шамам келгенінше түзедім, шамам келмеген жерлері сол күйінде кетті.
Жұмысымды жетекшіме апарып едім, оқыды да, бірден академик Р.Нұрғалидың алдына кіргізді. Академик ырза болып: «Сен, бала, неге мына жазғандарыңды газетке бермей жүрсің? Мұны жұрт білуі тиіс»,- деді. Академик қорғауымда да көп көмектесті. Кейін де өлеңге көңіл бөлу керектігім жөнінде ақылын айтып, мол қамқорлық жасады. Міне, осындай алып тұлғалардың көзін көріп, ақылын алғаным үшін Құдайға мың да бір шүкіршілік айтып отырамын.
– Қазақ әдебиетінің өнімдері парсы тіліне аударылса, парсы тіліндегі қазақ әдебиетінің құны қандай болмақ?
– Аударманың сапасы алдымен тәржімашының қарым-қабілетіне байланысты болмақ. «Абай жолы» роман-эпопеясы, Абай шығармалары парсы тіліне аударылған.
М.Әуезов эстетикалық құндылықтар, тарихи реализм, әдеби көркемдік тұрғысынан тарихи роман жазып, қазақ әдебиетін әлемдік жоғары деңгейге көтергені белгілі. «Абай жолы» роман-эпопеясы ХІХ ғасырдағы қазақ халқының көшпелі тұрмысына қойылған алып рухани ескерткіш сынды. Осы ескерткіштің парсы тіліне қалай жеткені – бөлек әңгіме. Негізінен, орыс тілінен аударылғандықтан, парсы оқырманына көшпелі тұрмыстың кейбір елеулі тұстары толық сипатта жете қоймағаны шындық. Романды парсыша қотарған тәжірибелі аудармашы Назлы Асғрзадемен сұхбаттасқанымызда, роман-эпопеяны аудару аса қиын болғанын жасырмады. Бұл заңды да. Себебі, көшпелі тұрмыстың кейбір көріністері, таңсық қырлары орыс тәржімасына жете бермеген.
Мысалы, көшке ілесе алмай, жұртта қалған бейшара Қодар сияқтылардың бір-екі жылқысы, екі-үш сиыры, отыз-қырық шақты қой-ешкісі бар. Сондай-ақ, Құнанбай құдасы Алшынбайға алты жүздей асыл текті құла жылқы береді. «Құнанбайдың құласы деп жұрт айтып жүр. Алшынбайдан аянарым жоқ», — дейді. Одан бөлек, алтын жамбы, тайтұяқ, сырға-білезік сияқты алтын-күміс әшекейлер беріледі. Қысқасы, романда көшпелі салт-тұрмыстың салтанаты көп ашылған.
Міне, осындай салтанатты тұстар орысша аудармада түсіп қалып отырған. Ал, М.Әуезовтің орысша аударманы өзі тікелей қадағалап, түзеп отырғаны бізге мәлім. Бәлкім, «феодалдық дәуірді дәріптеді» деп айып тағылған М.Әуезов мұндай тұстарды орысшаға абайлап жеткізуді көздеген болуы ықтимал. Негізгі себеп өктемшіл жұрттың, соларды пір тұтатындардың «қызғаныш-қытығына» тимеу болған.
Енді роман шет тілдеріне орыс тілінен аударылғандықтан, ұлт тұрмысының осындай маңызды, құнарлы, көркем суреттері әлем оқырмандарына жетпей қалып отырғаны өкінішті.
Дегенмен, тәржіма – күрделі шығармашылық үдеріс екенін ескеруге тиіспіз. Аудармашының қабілет-қарымына қарай бірлі-жарымды жағдайлар болмаса, тәржімалардың көбі өзге тілге жүз пайыз түпнұсқадағыдай қалыпта жете бермейтіні ақиқат. Осы тұрғыда, бұл аударманың өзін әдебиетімізді сыртқа танытудағы үлкен ұмтылыс деп сипаттауға келеді.
Кейінгі кезде «Абай жолы» роман-эпопеясы орыс тіліне қайта аударылып шықты деп естідім. Ол аударма қолыма түспеді. Ештеңе айта алмаймын. Менің айтып отырғаным – бұрынғы аударма. Роман, негізінен, шет тілдеріне «сүзгіленіп» нәр-маңызы алынған ескі аударма арқылы тарады. Әлгіндей кемшіліктерімен тарады.
Көріп отырғанымыздай, «Абай жолын» шет тілдеріне қазақ тіліндегі түпнұсқаға сүйене отырып аударудан ұтарымыз көп. Сонда ғана «Абай жолы» әлем әдебиетінде лайықты орны бар ұлы шығарма екені танылар еді. Бұл да бір – ел шығыстанушылары мен әдебиетші-аудармашылары алдында тұрған үлкен міндет.
Абай шығармалары да парсы тіліне бастапқы аудармада орысшадан аударылғаны көзге ұрып тұрды. Тіпті аударма-өлеңді оқығанда Абайдың қай өлеңі екенін біле алмай дал болатынсыз.
Бұл қателікті Ирандағы қандасымыз дүлдүл аудармашы Мұхаметқажы Шатқам түзеді. Ол Абайдың барлық шығармаларын парсы тіліне толық аударып шықты. Абай пайымдарын парсыша салыстырмалы түрде дәл жеткізе алғанына қатты разы болдым. М.Шатқам былтыр осы еңбегі үшін Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Мұхамметқажы ағамыз жақында ғана дүниеден озды. Руханиятымызды шет жұртқа танытуда елеулі еңбек сіңірген бұл ағамызға құрметіміз бен ықыласымыз ерекше. Жаны жаннаттық болғай.
Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, асыл құндылықтарымызды әлем білсін, танысын десек, алдағы уақытта әдебиетіміздің жауһарларын қазақ тіліндегі түпнұсқаны негізге ала отырып, шет тілдерге аударуға мән берсек деген тілегім бар.
– Сұхбатыңызға көп-көп рақмет! Сәулелі ізденістермен, келелі еңбектеріңіздің еселене беруін тілеймін!
СЕЗІМ МЕРГЕНБАЙ
Leave a Reply