«МІРЖАҚЫП. ОЯН, ҚАЗАҚ!» ФИЛЬМІ ЖӘНЕ АҚИҚАТ ЖЕҢІСІ

Кинотеатрларда көрсетілген «Міржақып. Оян, қазақ!» фильміне билет табу қиын болды. Ақыры сәті түсіп, бір күні түн жарымда барып көрдік. Фильм көпшілікті толғандырып, көп әсер қалдырды. Жылап отырып көрді. Қалың жұртшылықтың аталған фильмді кинотеатрларда көрсету мерзімін ұзарту өтінішіне орай, Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева және өзге де жауапты кісілер бұл фильмнің көрермен тарапынан мұншалықты сұранысқа ие болатыны күтілмегенін айтып, ағынан жарылып жатты.

Қарапайым көрермен ретінде өз алған әсерімді жеткізгім келеді. Бұл туындының көрермендердің жүректеріне жол табуының мынадай басты сыр-себептері бар деп пайымдаймын:

  1. Фильмде азаттық жолында құрбан болған ұлт тұлғасының өмірі, еркіндік үшін күресі әсерлі бейнеленген.
  2. Отарланған ұлттың ауыр тағдыры тереңнен қозғалады. Туындыда тарих пен заман ақиқаты ашық айтылған. Фильм сценарийін жазушылар мен түсірушілер ұлттың асыл мұрат-мүддесін басты орынға қойғаны аңғарылады.

Халқы үшін басын бәйгеге тіккен Міржақып Дулатұлының ұлт азаттығы жолындағы жанқиярлық еңбегі, бастан кешкен қиындықтары нанымды суреттелген. Орыс империясы, Кеңес одағының отарлық саясатының зардаптары айқын көрініс тапқан.

Фильмде ұстаз Міржақыптың балаларға оқытып жатқан әңгімесінің мазмұнына назар аударайықшы. Әкесі қалада оқып, жазда ауылына келген баласына қолына тырнауыш алып, шөп жинауға жәрдемдесуді әмір етті. Жұмыс істегісі келмей, жалқаулыққа басқан бала қалада түрлі ғылым оқып,  қазақ сөзін ұмытқанын айта келе: «Тырнауыш» деген не?» – деп сұрайды.  Бірақ, бала сыртқа беттегенде есік алдында жатқан тырнауыштың басын абайсызда басып кетіп, сабы басына сарт ете қалғанда оның: «Тырнауышты аяқ астына тастаған қандай ақымақ еді?» — деген жан дауысы шығады. Баланың өтірігі ашылады. Осы жайтқа оқушылар ду күлді. Мұғалімнің «Оқыған кісі өз тілін ұмыта ма?» деген сұрағына оқушылар: «Жоқ!» — деп жауап береді. Сонда ұстаз Міржақып: «Оқымыстылар қазақ тұрмысынан, өмірінен ажырамауы керек. Әйтпесе, күлкіге қалады һәм жетесіздік болады», — деген өнеге айтады.

ХХ ғасырдың басындағы оқушылар әлгі оқымысты баланың қазақтың бір сөзін «ұмытып қалғанына» күліп отыр. Себебі, олар үшін мұндай «ұмыту» – ақылға сыймайтын нәрсе, сол кезде оны елестетудің өзі мүлде мүмкін емес жағдай. Ал, қазір біз бұған күле алмаймыз. Өйткені, біздің заманда бір сөз түгілі, тұтас ана тілін ұмытып қалғандар бар. Бұл – біздің қасіретіміз. Фильм түсірушілер осы бір мысал арқылы көрерменге өрелі ой салып отыр. Осы тұрғыда фильм қоюшылар халықтың көкейіндегі ойын, аңсар-мұратын тап басқанын атап өткен жөн.

Көрермен қауым бұған дейін тарихи тұлғалар өміріне арнап түсірілген «Құнанбай», «Біржан сал» сияқты киноларға оң баға берді. Оларда тұшымды ой айтылып, ұлт мұраты қозғалғаны мәлім. Ал кейбір фильмдердің арзан ойын жасап, арсыз күлкі шақыру, сол арқылы оңай табыс табу мұратымен түсірілгеніне қарнымыз ашып жүр еді. Солардың бірі – «Бизнес по-казахски». Алдымен, аталмыш киноның атауы орынсыз. Комедия аты «Бизнес по-дурацки» дегендей естіледі. Бұдан қазақты тұқырту мақсаты көрінеді. Кейбір бизнесмендердің күлкі шақыратын ақымақтық, сорлы қылықтары неге жаппай қазаққа телінуі керек? Кинодағы біршама келеңсіздіктер қоғамымызда кездеседі. Бірақ, жаппай ұлттық сипатқа ие емес. Сондықтан, бұл киноның атауы өзгертілуі тиіс.

Сол сияқты «Келін» және өзге де фильмдерден «боратшылдық» стилі, яғни, халықты күстаналау, жарымес етіп көрсету, теріс имидж қалыптастыру пиғылы аңғарылады.

Қысқасы, ұлтымызға жала жабатын фильмдер түсіріп, жұртқа көрсету – үлкен қателік, тіпті қылмыс. Тамырымызға балта шабу, болашаққа қиянат жасау. Мұндай қателіктер сананың отарлануынан, қараңғылығынан, оянбауынан туындап жатыр.

Міржақып туралы кино көркем өнердегі тұшымды туындылар қатарына қосылып отыр. Фильмнен өз халқына «Оян!» деп ұран салған арысымызды бұрынғы һәм кейінгі отарлық билік аяусыз қудалағанын көреміз. Өйткені, сол режімдер бұл қарекеттен үлкен «қауіп» көрді. Кинода орыс империясының шенді өкілі халықты ояту ниетін патша билігіне қарсылық деп қабылдайды. Расында, қол астындағы бүтін бір халықтың ұлттық санасының оянуы оларға тиімсіз болды. Сондықтан, бас көтерген күрескер-қайраткерлерді жер аударып, түрмеге жапты, азаптап, атып өлтірді.

Фильмде екі бірдей заманда да ұлт басына төнген зобалаңның себеп-салдары көрермен көкейіне жеткізілген. Отаршыл жүйелердің зымиян саясаты, зорлық-қиянаты, ақ пен қызылдың шапқыны, ашаршылық, ұлттық кемсітушілік және өзге де мәселелер орынды ашып көрсетілген.

Осы туындыда ақиқат пен әділдікке деген үміт пен сенім дәріптеледі. Қызылдар қазақ ауылын тонағанда тартып алып кеткен Ағыбай қылышын Міржақып бастаған әскердің иесіне қайтаруы – әділет нышаны, рухтың оралуы әрі ақиқаттың жеңісі.

Ұлт санасының оянуы – азат болу, өркендеу үшін алдымен қажет болатын фактор. Сондықтан, Алаш арыстары өз халқын оятуға көп күш салды. Ол үшін А.Байтұрсынұлы «Маса» болып «ызыңдады». Сол сияқты, Міржақып ақынның:

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты, —

деп жырлап, ұран тастауы өткен ғасыр басында тарихи, саяси қажеттіліктен туындаған қарекет екенін осы фильмнен анық аңғарамыз.

Бұл ұран, әсіресе, бүгінгі заманда аса өзекті екені шындық. Тәуелсіздікті, ұлттың ұлы мұраты мен мемлекет тілі мүддесін баянды етуіміз үшін санамызды оятып, көзімізді ашып қарау әрбіріміздің парызымыз болып отыр.

Халықтың оянуын қаламайтындар, оны оятушы қайраткерлерге, еліне қарсы кедергі, опасыздық жасаушылар қай заманда да табылмақ. Сондайлардың кесірінен отарлық режім жасаған ашаршылық, қуғын-сүргін  секілді зобалаң-апаттардың салдары ауыр болды.

Елді ашаршылықтан құтқармақ болған Алаш Орда өкілдері өз ұясына қауіп төнген қарлығаштай жан ұшыра шырылдады. Халықты құтқармаққа қарекет қылды, билікке хат жазып, дабыл қақты, жұрты қатты ашыққан өңірлерге мал айдады. Кейіпкер Базарбек сияқты Кеңес империясының биліктегі өкілдері оларға көп тосқауыл жасады. Нәтижесінде, миллиондаған қазақ аштан өлді. Ашаршылық – тарихымыздағы ең қасіретті тұстардың бірі. Фильмнің ашаршылық туралы «Әке, қарным ашты» деген бөлімін жанарға жас алмай көру мүмкін емес.

Өз жұртын оятып, санасын сергітуді мұрат тұтқан арысымыз Міржақып Дулатұлы қаншама қорлық-сұмдықты бастан кешті. Ату жазасына кесілді, 10 айдай ату жазасын күтті. Бірақ, мойымады. Себебі, өз ісінің ақиқат екеніне сеніп өтті.

Тек Міржақып қана емес, сонымен қатар Алаш Орда зиялаларының көбі түбінде қазақтың тәуелсіз ел болатынын, ұлттық мемлекет құратынын ақиқат деп білді, соған сенді. Бұған олардың саяси күресі мен туындылары дәлел. Фильмде Алаш Орда көсемі Ә.Бөкейхан зиялылар назарына «Қазақ елінің уставы» деген құжат ұсынады. Онда өз алдына жұрт болатын қазақ мемлекетінің құрылысы мен негізгі атрибуттары белгіленген еді. Ә.Бөкейхан «қазақ өз алдына ел болып қана қоймай, қандай ел болудың үлгісін тарихта әлденеше көрсеткен жұрт екенін» кесіп айтады. Бұл тұрғыда бүгінде Қазақстанның егемен ел болғаны – ақиқат жеңісі.

Елді оятпақ болғаны үшін азап шегіп, құрбан болған М.Дулатұлы шамамен 70 жылдай уақыт өткен соң ақталды. Міржақып сынды арыстарымыздың ақталғаны – ақиқат жеңісі.

Ақиқатты, тарих көрсетіп отырғанындай, билікпен, күшпен, зорлықпен уақытша ғана бүркемелеп отыруға болар. Бірақ, түптің түбінде ақиқат үстем болады, қыннан суырылған алмас алдаспандай жарқ етіп шығады.

Көрермен санасында серпіліс тудырған бұл фильмнен осындай ой түйдік. Ұлт мұратын ту еткен тың туындылар көбейе бергей.

 

Дәуірбек ДҮЙСЕБАЙ

Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен алынды

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика