Білім – ұлттың болашағын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Елдің дамуы мен өркендеуі сапалы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Осындай жоғары талаптарға сай келетін оқу орындарының бірі – Шымкент қаласындағы Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 лицей. Бұл білім ордасы терең тарихымен, жарқын жетістіктерімен және шәкірттерінің табыстарымен мақтана алады. 1935 жылы іргесі қаланған мектеп бүгінде еліміздегі үздік білім ошақтарының біріне айналды.
Мектеп тарихы
1935 жылы Шымкент қалалық атқару комитетінің шешімімен 14 қыркүйек күні орталау мектеп ашылды. Кішкене ғана ғимаратта 2 кабинет және 5 сынып бар еді. Алғашқы мектеп директоры О.М.Балина болды. Одан кейін 1941 жылы мектеп тізгінін қолға алған басшы М.Замилов Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза табады. Одан кейін 1965 жылы директор болған О.С.Некрасова мектепті 23 жыл басқарды.
1945 жылы мектеп 7 жылдық ұлдар мектебі болып, Киров көшесіндегі №13 ғимаратқа көшірілді. 1956-1960 жылдары Советский көшесінде орналасқан бұрынғы педагогикалық институт ғимаратына ауыстырылды. 1969 жылы мектеп Қазақ КСР Білім министрлігінің бұйрығымен 8 сыныптан физика және математиканы тереңдетіп оқытатын арнайы мектепке айналды.
1975-1985 жылдарда аталған білім ордасы қалалық Құрмет тақтасына 8 рет енгізілді. Нәтижесінде мектепке «Үлгілі тәртіп, жоғары мәдениет және эстетика мектебі» атағы берілді. Мектепте мұғалімдердің және оқушылардың ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу дәстүрге айналды. Бұл жұмыстың қорытындысы – 1999 жылы оқушылардың Кіші Ғылым Академиясының ашылуы. Ғылыми зерттеу жұмысы педагогикалық және оқушы ұжымының қалыптасу мен даму тірегіне айналды.
1995-2013 жылдар аралығында мектепті Б.А.Жандосова басқарды. Осы аралық, дәлірек айтар болсақ 2000 жыл мұғалімдердің оқу-тәрбие және ғылыми жұмысының қорытындысы бойынша оқушылардың жоғары интеллектуалді деңгейінің көрсеткішін бекітетін жыл болды. Мектепке жаратылыстану-техникалық лицей статусын беруі, оның Республикалық «Үздік мектеп-2000» байқауында ІІ орынды иеленуі ұжымға берілген жоғары баға еді.
2000 жылы лицейге Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтің есімі беріліп, бір жылдан соң облыстық Әділет басқармасы шешімімен мектеп «лицей» атағын алды. Ал 2002 жылы лицей облыстық білім беру департаментінің қатысуымен «Формула успеха» әдістемелік жинағын шығарса, 2010 жылы лицей «Жылдың үздік мектебі» атағын алды.
2014 жылдан бастап Ө.А.Жолдасбеков атындағы № 9 лицейде «ҰБТ мен ОЖСБ-ға дайындықты бақылау және сараптама» кафедрасы жұмысын бастады. Осы жылы бастауыш сынып мұғалімі Н.И.Ким «ҚР Үздік педагог 2014» байқауының, ал 2016 жылы лицей мұғалімі Н.Н.Әлжанов «Үздік мұғалім» сайысының жеңімпазы атанды. Ал 2018 жылы лицей мұғалімі, деңгейлік бағдарламалық курс бойынша мектеп модераторы, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «1-сентябрь» бүкілресейлік мұғалімдердің фестивалінің бірнеше мәрте жеңімпазы Г.С.Нуржигитова «Жаңашыл мұғалім-2018» байқауының жеңімпазы атанды. 2015 жылдан деңгейлік курстан өткен мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында лицей қаланың 10 мектебіне тірек базасы болып белгіленді.
Бүгінде Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 лицей – 3500-дей оқушы білім алатын, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне лайықты үлес қосып отырған республикамыздағы үлкен білім мекемелерінің бірі. Лицей оқушылары – қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадалар мен зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары.
2018 жылы мектеп және қала тарихында физика, математика, химия пәндерінен алғаш рет қалалық деңгейде академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы оқушылар олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиада құрылтайшылары Шымкент қаласы білім бөлімі және М.Әуезов атындағы ОҚМУ лицей бастамасын қолдап, Жолдасбеков олимпиадасын қала мектептерінің 11 сынып оқушылары арасында өткізді. Топ жарған оқушылар үш білім грантын жеңіп алды. Бұл бастаманы жыл сайын тұрақты түрде өткізу шешімі жаратылыстану пәндеріне қызығушылық танытқан дарынды балалардың жоғары оқу орнына түсуіне зор мүмкіндік болмақ.
Лицей білім беру саласындағы өзгерістер мен Президент саясатын іске асыруда мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын басшылыққа алады. Қазіргі таңда лицей түлектері еліміздің экономикалық дамуына, білім беру, денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосып келеді.
Мектеп жетістіктері
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадасының ІІ (қалалық) кезеңіне Ө.А.Жолдасбеков атындағы № 9 лицейден 37 оқушы қатысты. Нәтижесінде 26 қатысушының білімдері басым түсіп, жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, 6 оқушы I орын, 9 оқушы II орын, 11 оқушы III орын иегері атанды.
І орын – Абайқызы Алина, биология пәні, жетекшісі: Абишева А.С.
І орын – Абдул Фатах Амирсейт, физика пәні, жетекшісі: Шукурова Д.Р
І орын – Зубайдулла Асылжан, қазақ тілі, жетекшісі: Қуатбаева Э.Т
І орын – Кошанов Амирхан, информатика пәні, жетекшісі: Тлеубаева А.Ж
І орын – Абул Фатах Мадина, қазақ тілі, жетекшісі: Джумабекова А.А.
І орын – Садуақас Айжан, орыс тілі мен әдебиеті, жетекшісі: Анартаева Г.У
ІІ орын – Әбдіқадыр Алуа, физика пәні, жетекшісі: Әлжанов Н.Н
ІІ орын – Сулейман Алимжан, география пәні, жетекшісі: Турапбаева С.М
ІІ орын – Оралбай Арсен, география пәні, жетекшісі: Ерескенова Э.О
ІІ орын – Базылев Алан, химия пәні, жетекшісі:Уразымбетова Л.Ж
ІІ орын – Хамидов Арайлым, қазақ тілі, жетекшісі: Айдосова Ш.Т
ІІ орын – Миронов Леон, информатика пәні, жетекшісі: Тлеубаева А.Ж
ІІ орын – Кругликова Аня, орыс тілі, жетекшісі: Надралиева Г.М
ІІ орын – Рамазан Куралай, ағылшын тілі, жетекшісі: Куспанова К.М
ІІ орын – Иса Дарина, ағылшын тілі, жетекшісі: Арыстанбаева А.Е
ІІІ орын – Азимхан Дархан, математика пәні жетекшісі: Каирбекова М.К
ІІІ орын – Абдуллабекова Камилла, математика пәні жетекшісі: Байзакова Н.А
ІІІ орын – Пак Даниил, математика пәні, жетекшісі: Азатов С.Ф.
ІІІ орын – Агабек Аллаберген, география пәні, жетекшісі: Кадирова З.А.
ІІІ орын – Сеитова Софина, История Казахстана, жетекшісі: Дуйсенбаева Г.Д
ІІІ орын – Кайрбек Дарига, химия пәні, жетекшісі: Дилдабекова Б.У
ІІІ орын – Сағындық Бекарыс, биология пәні, жетекшісі: Абдрашова Н.Т
ІІІ орын – Рустемов Борис, информатика пәні, жетекшісі: Тлеубаева А.Ж
ІІІ орын – Балқыбекова Әдемі, орыс тілі мен әдебиеті, жетекшісі:Донаева Б.С
ІІІ орын – Гордеева Анастасия, орыс тілі, жетекшісі: Панченко О.М
ІІІ орын – Аристанова Аяла, ағылшын тілі, жетекшісі: Садықбек И.А
Аталған олимпиадаға мектептің 7-8 сынып оқушылары да қатысты. Мұнда 17 қатысушының білімдері басым түсіп, 4 оқушы I орын, 6 оқушы II орын, 7 оқушы III орын иегері атанып, жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда:
І орын – Юсупова Анеля, жетекшісі: Амангельді Н.С, орыс тілі пәні
І орын – Мадихан Досжан, жетекшісі: Сарсенова Гулнара, биология пәні
І орын – Ибрагимов Ибрагимжан, жетекшісі: Абишева А.С, биология
І орын – Цой Виктория, жетекшісі: Иргашева К.Х, ағылшын тілі пәні
ІІ орын – Ақылтай Қымбат, жетекшісі: Оспанова М, ағылшын тілі
ІІ орын – Дедер Эдгар, жетекшісі: Тлеубаева Т.Ж, информатика пәні
ІІ орын – Сәбитбек Күнай, жетекші: Жандарбекова М.Ж, физика пәні
ІІ орын – Мустафина Нурила, жетекшісі: Петровская А.В, история
ІІ орын – Серікқызы Аружан, жетекшісі: Анартаева Г.У, орыс тілі
ІІ орын – Орынбасар Ақерке, жетекшісі: Кадирбаева А.С, математика пәні
ІІІ орын – Кенжебай Амира, жетекшісі: Ажикабилова Г.А, орыс тілі пәні
ІІІ орын – Сарыбаев Ахмет, жетекшісі: Турапбаева С.М, география пәні
ІІІ орын – Садвахас Томирис, жетекшісі: Байдуллаева Гаухар, химия пәні
ІІІ орын — Тян Андрей, жетекшісі: Нарботаева Б.К, физика пәні
ІІІ орын — Юнусметова Райхон, жетекшісі: Сариева А.С, қазақ тілі
ІІІ орын – Есенбек Дина, жетекшісі: Надралиева Г.М, орыс тілі
ІІІ орын – Ғалымжан Ақжайық, жетекшісі: Бектаева Қ.Б, химия пәні
Ең үздік ғылыми жоба-2024
Малайзия астанасы Куала Лумпур қаласында өткен ғылыми жобалар көрмесінде шымкенттік оқушы Әмина Сәуленбек қола жүлдеге ие болды. Пластик заттарды қайта өңдеп пайдалану әдісін ұсынған бұл жобаның қоршаған ортаны сақтауда пайдасы зор. Болашақ ғалымдар да мектеп қабырғасында шыңдалады емес пе?
KLESF немесе Kuala Lumpur Engineering Science Fair – Куала Лумпур инженерлік ғылым көрмесі орта мектеп оқушылары арасында ғылым мен технологияларға, инженерия мен математикаға (STEM) қызығушылықты арттыру мақсатында өтетін іс-шаралар бағдарламасы ретінде әлемге танымал. Биылғы ғылыми көрмеге әлемнің түрлі елінен 1 200 оқушы қатысты. Олардың арасында қазақстандық екі оқушы бар.
Әмина Шымкент қаласындағы О.Жолдасбеков атындағы №9 лицейде оқиды. Ғылыми жобаның идеясы оған үш жыл бұрын, ерікті болған кезінде келіпті.
– Біз апта сайын сенбілік ұйымдастырып жүрдік, сол кезде қоршаған ортаның ластанып кеткенін көрдім. Бұл көрініс маған ой салды. Осылайша, табиғатқа аз да болса көмек көрсетудің жолын табамын деп шештім. География пәні бойынша жоба даярлап, оны экологиямен ұштастыра зерттедім, – дейді ол.
Әмина Сәуленбек шетелдегі ауқымды көрмеге ұсынған жобасында қалдықтар мен шикізатты қайта өңдеп пайдаланудың әдісін ұсынған. Ғылыми жоба екі жарым жыл бойы дайындалды. Әмина өзінің достарымен, сыныптастарымен бірге көшедегі, қоқыс жәшіктеріндегі пластик заттарды жинап, сұрыптап, пластмасса өңдеу зауытына өткізеді, содан соң химиялық және механикалық тәсілдермен қайта өңделген шикізат алады.
– Қоқысқа пластик заттардан көбінесе сөмкелер, бөтелкелер, тұрмыста қолданылатын заттар тасталады. Кейбір адамдар қоқысты қалай болса солай лақтырып, қоршаған ортаға жаны ашымайды, – дейді Әмина.
Халықаралық конкурсқа қатысу үлкен даярлық пен жауапкершілікті талап етеді. Әминаға өзі оқитын мектебі және география пәнінің мұғалімі, жоба жетекшісі Зульфия Қадырова көп қолдау көрсетті. Малайзиядағы ғылыми көрмеге қатысуды да ұсынған Зульфия Асланқызы екен. Сонымен қатар «Ғылымдағы балалар» жобасының жетекшісі Ләззат Құсайынова оқушыларды Малайзияға бастап апарып, оларды куратор ретінде дүниежүзілік көрмеге дайындауға атсалысты.
– Біз халықаралық конкурстарға жобаларды іріктеген кезде, ең алдымен, оның орындалу сапасы мен болашақтағы әлеуетін бағалаймыз. Одан кейін жоба авторларына ақыл-кеңес беріп, конкурс талаптарына сай дайындық жүргіземіз. Жұмыс барысында балалар жобасын шыңдап, егжей-тегжейлі жетілдіреді, конкурс қазыларының алдында қорғауға дайындалады. Мен балаларын қолдайтын, білімге құлшындыратын ата-аналарды көргенде риза боламын. Баланың ең басты тәлімгері – ата-анасы, – дейді Ләззат Абайқызы.
Міне, осылай отбасының және мектебінің қолдауымен Әминаның жобасы әлемнің әр елінен мыңнан астам оқушы бағын сынап, өзін дәлелдеуге келген көрмеде үздіктер қатарында аталып, қола жүлдегер атанды.
– Бұл менің ғана жеңісім емес, халықаралық көрмеге қатысып, тәжірибе жинауым ата-анам мен мұғалімдерімнің, Ләззат Абайқызының арқасы. Мың екі жүз адам қатысқан байқауда мықты жобалар көп болды, менің жобамның әлемдегі сұранысқа ие және ең үздік жобалардың бірі болғанына қуаныштымын. Қазылар алқасы өз ісінің маманы екен, әрбір қатысушыға ерекше көңіл бөліп, олардың сөзін мұқият тыңдады. Әрбір қатысушыға өз жобасын егжей-тегжейлі көрсетуге мүмкіндік берілді. Қорытынды кезеңде 1 200 қатысушы арасынан 3-орын алғанымды білгенде, сөзбен түсіндіре алмайтын сезімге бөлендім. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, өзімді бақытты санаймын, – деп қуанышын бөлісті Әмина.
«Мектептегі ғылыми жобалар, зерттеу жұмыстары оқушылардың болашақ мамандығын таңдауына, өзінің қабілетін дамытуына, табысты әрі қоғамға қажет сезінуі үшін өте маңызды, – деді бізге Әминаның жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Зульфия Кадырова. – Ғылым деген өте қызық сала ғой. Біз Әминамен бірге күрделі жолдан өттік, оның білімін, машық-дағдыларын жоғары деңгейде көрсетуге тырыстық. Экология тақырыбы бүкіл әлем үшін өзекті. Алдыңа мақсат қойсаң, кез келген кедергіні жеңуге болады. Оның ата-анасына алғысым шексіз. Біз оқушымызға сендік, ол үмітімізді ақтап, өзінің білімді, ақылды, креативті екенін көрсетті. Бұл жолда тоқтап қалмаймыз, жаңа жобаларда әлі талай жаңа білімді игереміз».
Әмина шетелдегі түрлі байқауларға қатысу біліміңді, шешендік қабілетіңді, өзіңе сенімділігіңді және тұлғалық қасиетіңді дамытуға мүмкіндік береді дейді: «Мен Куала Лумпур қаласында басқа елдердің оқушыларымен сөйлестім, шынын айтсам, олардың ойлау жүйесіне таңғалдым. Олардың әрқайсысының өз ойы, пікірі, өз жобасы бар. Көптеген жобалар жасанды интеллект технологиялары жөнінде болды, олар туралы біраз нәрсені білдім. Мұның бәрі маған өте қызық болды».
Малайзиядан оралған Әминаны Шымкент әуежайында ата-анасы, мектептегі достары, сыныптастары мен мұғалімдері плакаттар ұстап, үлкен қошеметпен қарсы алды. Тек спортта емес, ғылымға құлаш ұрған балаларды да көпшілік болып құрметтеп қарсы алудың жөні бөлек, оң үрдіс екені рас. Бұл өскелең жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз. Куала Лумпур қаласында өткен ғылыми жобалар көрмесінде үшінші орын алған Әмина Сәуленбек болашақта экология саласының маманы болуды қалайды және ол өз жобасын әрі қарай дамытып, еліміздің жасыл экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Білімге құштар, ғылымға ынтық, ағылшын тілін меңгерген талапты, ізденімпаз жастың арманына жететініне сенімдіміз.
Leave a Reply