*Хат қоржынынан  ӘЖЕМ АЙТҚАН СӨЗ ЕДІ

        Жаңалықтарды, кейбір көңілге пайдалы әңгімелерді жазып отыратын басылымдарды үзбей оқып отырамын. Сондай газеттердің бірінің бетінен  «Тәрбие» деген айдармен орын алған «Ене мен келін» деген әңгімені оқып шықтым, соған өзімнің келін ретінде пікірімді жазғым келді, айып етпессіздер.

       Мен отбасымыздағы жас келінмін, онда да немере келінмін, жасым 26-де. Айтайын дегенім үйде үш әйелміз, яғни үлкен енем, өз енем, мен тұрамыз. Әрине «Кісі есігі тоң есік» дегендей балалықпен тұрмысқа ертерек шықтым, бірақ оқып жүрген оқуымның қалғанын сырттай оқып диплом алдым. Үш бөпем бар. 

Рас, келген кезде балалық жасағанымды түсініп, өкініп те жүрдім. Себебі өмірі көрмеген, білмеген ортаға келіп сіңіп кету қиындау болды. Етегінен ұстап келген жолдасымнан басқаны біртүрлі көріп жүрдім. Бірақ мен ойлағандай біртүрлі ештеңе болған жоқ. Енелерім мені өз қыздарындай көріп, бауырына тарта білді. Өз енем жасы қырықтан енді асқан, байсалдылықпен ақылын айтып, білмегенімді үйретіп, істей алмай жатқан істерімді қолымнан алып, мен көрсетейін былай істе, асықпа әлі-ақ үйреніп кетерсің деп отырады. 

Рас, кейбір қателігіңе өз анаң да ренжиді ғой, кейде түрлі себептермен ренжіп жатсам анамды еске аламын да, кешіріммен қарап, өкпемді тез жаза саламын да, «Мама» — деп сөйлеп жүре беремін. 

Ал үлкен енем, яғни әжем(Бәлшенова Гүлзағипа) жасы 86-ге келіп қалған. 7 бала өсіріп солардың ортасында бақыттымын деп жүрген жан. Менің атам кенже ұлы екен, қара шаңыраққа ие болып қалған. 

Әжем бұрын қызмет істеген сауатты кісі. Өз балаларына 5 келін түсірген, қазір екі немере келін қосылдық. Әрдайым бізге ақылын айтып, «қарағым, шырағым» деп отырады. Бір қайынсіңілім бар, әжем екеумізді бірдей көреді. Біз де «қайынсіңілі-жеңге» болып ренжісіп көрген емеспіз, бір-бірімізге кешіріммен қараймыз. Әжем айтып отырады: «Бір үйде, яғни бір отбасында екі әйел болса, оның біреуі кешірімді болса, ол үйдің берекесі арта түседі, ынтымағы мықты болады» — , деп. 

Менің кейбір құрбыларым «қалай екі енеңмен тұрып жатырсың, қиын шығар» -, деп сұрайды. Ал мен «қайта жақсы, біреуі баламды тербетсе, біреуі үй жұмысына көмектеседі» -, деп айтамын. Ал қайынсіңілім мен бірнәрсе істеп жатсам шайды дайындайды, кір жусам оны жаяды. Сабағынан бос уақытта бір жағымда жүреді. Мен енелерімнің барына ризамын, келін өзінің жолымен жүріп, сол кісілерді өзінің анасындай көрсе, түсінбейтін ана жоқ. Келіндер келешекте өзі де ене болатынын, ал ене бұрын өзінің де келін болғанын ойлау керек қой. «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деген мақалды да әрбір ата-ене ұмытпау керек- ау деймін. Келіннің жақсы болуы анасына байланысты. Келін деген төркініне сөз тасымау керек, сол үйге мүше болып келген соң сол отбасының абыройын, намысын қорғау керек. Сол кезде ғана жекжат, яғни құда-құдағилар тату болады. «Ендігі ата-анаң солар, жақсысын асыр, жаманын жасыр» -, деп әрбір ана айтып отыруы керек. Мына өлең әжемнің мен келін болып келген кезде шығарған өлеңі:

Келінім менің келінім,

Ақ тілеуім, сенімім.

Таңдапты сені немерем,

Бөтен дейді сені кім.

Мөлдір  болсын деп жанарың,

Бақытты болсын қадамың.

Жүзің жарқын болады,

Ибалы болсаң қарағым.

Көп болсын құрбы-жолдасың,

Қадамыңды Алла оңдасын.

Құрметте, қалқам, киелі

Атаңның ақ ордасын.

Сыйла қалқам еліңді,

Қасиетті жеріңді.

Иман жүзді, ізетті

Қазағымның келіні.

Жақсы бол келін, адал бол,

Көңілге күдік салма мол.

Немеремсің сүйкімді,

Өмірден дұрыс тапсаң жол.

               Әжемнің бұл сөздері әрқашан менің көңілімде жүреді.

                                                                                                 Данагүл Сердалы 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика