2024-07-27

ДӘРІГЕР ЭТИКАСЫНАН ХАБАРЫҢЫЗ БАР МА

Дәрігер этикасынан хабарыңыз бар ма

немесе

Науқас дәрігердің қамқорлығын қажет ететін және сол қамқорлыққа мұқтаж адам

Неге науқастың мәртебесін бөле-жара алып отырмыз. Себебі, соңғы уақытта ақ халатты абзал жан деп дәріптеген кәсіп иелерінің қызметі туралы қоғамда теріс пікір қалыптасқан. Сол теріс пікір көп жағдайда науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынастың дұрыс өрбімеуінен туындайды. Сол себепті де науқас пен дәрігердің қарым-қатынасын бүгінгі таңда өзекті тақырыптарға жатқызуға болады. Шынында екеуара қатынас қандай болу керек, ережесі, тәртібі бар ма? Мұндай сұрақ туындай қалса ойланып қаларымыз анық.

Науқас адам, дерті жанына батқан жанның жүрегі нәзік келеді. Кеселді дерттен шаршап-шалдыққан жан бір ауыз жылы сөзге мұқтаж. Дәрігердің жылы сөз, жан жадыратар, көңілді марқайтар жақсы сөздері көңілге медет. Дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа жарты терапия десек те болады. Науқас (пациент)–дәрігердің қамқорлығын қажет ететін және сол қамқорлыққа мұқтаж адам.

Дәрігер өзінің біліктілігін ақтайтын құжат (диплом) ала отырып, Гиппократ антын қабылдап, пациенттің алдында жауапкершілікті қабылдап, кәсіби қызметіне адал болуға серт береді. Алайда, бүгінгі қоғамда, өмірімізде Гиппократ антына, мамандығына адалдық танытып жүрген, яки бұдан тайып жүрген ақ халаттылар аз ба? Осы жөнінде біре сөз қозғап кетсек деймін. Дәрігердің кәсіби қызметінде табысқа жетуінің кілті – өз ісіне адалдық пен әдептілікте. Дәрігердің кәсіби этикасы туралы айта кетсек дейміз.

Денсаулық –жеке тұлғаның қоршаған ортаға бейімделе отырып, гармониялық дамуының нәтижесі. Өмір сүруге деген құштарлық. Дәрігер этикасының негізгі принциптері: өмірге құрмет, адамға құрмет, адам құқығына құрметтен туындайды.

Дәрігер этикасының маңыздылығы – кәсіби дәрігердің дүниетанымы әрдайым жоғарыдан көрініп отыруы тиіс. Дәрігер өзінің философиялық көзқарасын нығайта отырып, өзіне мынадай этикалық міндеттерді, этикалық ұстанымдарды, адамгершілік қасиеттерін қабылдауы тиіс. Дәрігердің этикалық міндеттері: ізгілік жасау; зиян тигізбеу; шындықты жасырмау. Сонымен қатар, басқалардың міндеттерін құрметтеу, уәдені орындау. Пациентке адал болу; науқастың жеке іс-қимыл әректтерінің құқығын сыйлау. Медицина қызметкерлеріне ең қымбат – адамдардың өмірі, денсаулығы, олардың жақсы жағдайда болуы сеніп тапсырылған. Ол тек науқас және олардың туыстарының алдында ғана емес, тұтас алғанда мемлекет алдында да жауапкершілікте болады. Сондықтан да, медицина қызметкерлерінің арасында дәрігерлер мен мейірбикелерге де үлкен міндеттер жүктелген. Мейірбикелер жоғары кәсіби шеберлік иелері болумен қатар бақылаушылық, науқастың бойындағы физикалық, психологиялық өзгерістерді көретін, байқағыштық қасиеттерге де бай болғаны жөн. Олар ұстамды, өзінің сезімталдық берілгіштігін басқара білетін, эмоциялық тұрақтылықта тәрбиеленген жандар болуы тиіс. Оның ішінде әлбетте мәдинеттілікті сақтауға баса мән беріледі. Бұл бағытқа тоқталар болсақ, медицина қызметкерлерінің мәдени тәртіптілігін екі түрге бөлуге болады:

Бірінші, ішкі мәдениеттілік. Бұған еңбекке деген көзқарас, тәртіпті сақтау, әріптестерімен сыйластық қарым-қатынаста болу, әр уақытта әріптестік сыйластықты жоғары ұстауы жатады.

Сыртқы мәдениеттілік. Әдептілік, жақсы дауыс ырғағы, мәдениетті сөйлесе білу, өзінің сыртқы келбетіне де көңіл бөлу. Медицина қызметкерлер ісінің сапалылығына, негізінен оның ішкі мәдениеттілігіне баса мән беріледі. Олардың ең бастысы: кішіпейілділік . Кішіпейілік ізгіліктің, адамгершіліктің бастауы. Ашық-жарқындық, кеңпейілділігі –адамның ішкі дүниесінің сұлулығының кепілі. Турашылдық. Турашылдық та – медицина қызметкерінің ең жақсы қасиеттерінің бірі. Оның ішкі дүниесінің пәктігін көрсететін бұл қасиеттер де ақ халаттылар үшін аса бағалы қасиеттердің бірі. Келесі принцип- адалдық. Адалдық – медицина қызметкерлерінің барлық істерімен сәйкес болғаны жөн. Бұл оның күнделікті ісінің негізі болуы шарт.

Кеңпейілділік – жақсы адамның ішкі қасиеттерінің ажырамас бір бөлігі. Жақсы адам дегеніміз кім? Жақсы адам — өзін қоршаған жандарға деген ілтипаты зор, олардың қуанышын да, қайғысын да түсінетін, қажетті жағдайда шын пейілімен көмектесуге әзір адал жан. Ал, енді медицина қызметкерлерінің, сыртқы мәдениеттілігі не дегенге келер болсақ, онда: Сыртқы көріністе бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің киімі, оның тазалығы, қарапайымдылығы жатады.

«Медицина қызметкерлерінің таза киініп, өздерін ұстай білуі – науқастарға жақсы әсер етеді», — деген болатын кезінде Гипократтың өзі. Мәдениетті сөйлесу сыртқы мәдениеттің құрамдас бір бөлігі. Дәрігердің, мейірбикенің сөздері анық, орта дауысты, сезімталды және биязылығымен ерекшеленуі тиіс. Егер медицина қызметкерлері, дауыс көтеріп сөйлеп, дөрекілік көрсетсе, құлаққа жағымсыз анайы сөздерді көп қолданса, онда олардың әрбір сөзі, іс-әрекеті, емдеу жұмыстары науқастарға кері әсер етіп, кесірін тигізетіні анық. Десек те, коммуникация екі тараптан туындайтыны анық. Дәрігер мен күнделікті қарым-қатынаста туындайтын факторлардың дені науқастың мінез-құлқына да байланысты. Айтар болсақ, өкінішке орай көптеген азаматтарымыз өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға жауапты емес, немқұрайды қарайды. Тіпті денсаулығы өзіне емес, тек дәрігерлерге қажет сияқты медицинаға тұтынушылық немесе масылдық пиғылы байқалады. Дәрігерлер қанша ескертсе де жаман әдеттерден арылғысы келмейді. Темекі тартады, насыбай атады, салынып арақ ішеді. Мұндай жағдайлар дәрігерлердің де өпе-ренішін туғызады. Десе де, дәрігер мұндайда сабырлылық танытуы тиіс. Науқасқа кішіпейіл де қарапайымдылықтан танбай денсаулықты түзету шаралары мен жолдарын ұқтырудан жалықпауы тиіс.

Емдеу жұмыстары барысындағы дәрігер мен науқастың қарым-қатынасының моральді-этикалық мәселелерін ғылымда деонтологияның маңызды тармағы ретінде қарастырамыз. Емдеу мекемесі туралы алғашқы әсердің жағымды, не жағымсыз болуы медицина қызметкеріне, осы жердегі жұмыс тәртібі мен хал-ахуалға байланысты қалыптасады.

Науқастармен жұмыс істеу мәдениеті емдеуші дәрігерлерден байыпты деонтологиялық даярлықты және сырқат адамды емдеудің стационарға түскеннен, жазылып шыққанға дейінгі барлық кезеңдердің қатаң сақтауды талап етеді.

Дәрігер әдептілігі мен сыпайлығы, науқастың мінезіне, мәдениетінің деңгейіне, сырқатының ауыр-жеңілдігіне, науқастың психикалық ерекшелігіне орай көрінуі керек. Уайымшыл (байбаламшыл) науқастарға тап болғанда, дәрігер шыдамдылық таныту қажет. Әрине, науқастардын барлығы да жұбатып, жылы сөйлегенді ұнтады. Науқастың ауруды еңсеруі үшін осылармен бірге дәрігердің емдеу мүмкіндігіне сенімділігін де сезіну маңызды болмақ.

Емдеуші дәрігер кез-келген мекеменің буыны, бетке ұстар беделі болып табылады.Сондықтан дәрігерге құрметпен карап, жоғарғы беделге жетуіне қолдау көрсету аурухана әкімшілігінің де, маңызды міндеті саналмақ.Әрине, емдеуші дәрігер әрқилы болады, олар бір-бірінен жеке, кәсіби қасиеттерімен ерекшеленеді. Олардың кейбіреуінің қателік жіберетін кездері де кездесіп қалады, сонда олардың қызметін объективті түрде бағалау, тіпті әділ жазасын беру қажеттігі туындауы мүмкін. Бірақ мұның бәрі науқастың назарына жетуге, палата дәрігерінің беделіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Науқастын сенімділігіне ие болу, абайсыз сөзбен, іс-әрекетпен сол сенімді үзіп алмау, дәрігердің маңызды міндеті болып табылады.

Науқастың дәрігерге деген сенімділігі емдеу процесінде аса маңызды факторлардың бірі. Сол себепті дәрігер сенімділікке ие болу үшін науқаспен ған емес, жұмыс бабына орай күнделікті көптеген әріптестерімен, медициналық орта буынды қызметкерлерімен, науқас және оның жақын туыстарымен тікелей қарым-қатынаста болады.

Мұндай жағдайда, дәрігер жұмысының нәтижелілігі, қарамағындағы аурулардың тағдыры, оның әріптестерімен және басқа медициналық персоналдармен дұрыс қатынас құруына тікелей байланысты. Науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынас дәрігер жұмысында өте маңызды орын алады. Дәрігер мен науқас және оның туысқандары бір-біріне сенім тудыратын қатынас жасағанда ғана ем нәтижелі болуына күмән тумайды. Ал дәрігер мен науқас арасында дұрыс қатынас болмаған жағдайда, ем нәтижелігіне науқас күмәнданып, басқа дәрігер таңдауға мәжбүр болады. Науқас дәрігерге сенім білдірсе, қарапайым емге де күмәнсіз қарайды. Сондықтан, әр дәрігер және де басқада медицина қызметкерлері науқаспен және оның жақын туыстарымен дұрыс, тиісті дәрежеде олардың сенімділігін тудыратын қарым-қатынас құруы керек. Аурухана не емханада әңгімелесіп отырған науқастар пікірлесе отырып өздерінің сенімін ақтамаған дәрігер туралы негативті мәліметті таратып жібере алады. Бұл дәрігердің, бөлімшенің, медициналық мекеме мен ондағы дәрігерлер ұжымының беделін жоққа шығаруы мүмкін.

Сонымен, дәрігер өз жұмыс атқаруда көптеген адамдармен қарым-қатынас орнатады, және бұл қатынастардың дәрігер үшін, оның жұмысының нәтижелігі үшін маңызы зор. Сондықтан да, дәрігер коммуникативті дағдыларды жоғары дәрежеде жүргізе алуы керек.

 Дәрігер өз міндетін атқару барысында, басқа адамдармен түрлі қарым қатынас, байланыс, сұқбат жасауға мәжбүр болады: оның ішінде – науқаспен, оның туысқандарымен, басқа медициналық қызметкерлерімен, тағы басқа дәрігер мен сырқат адамның қатынасының жоғары дәрежеде болуы, маманның кәсіби дамуына үздіксіз әсер етеді.

Қарым-қатынас – адамдардың жанасуы негізінде ақпаратпен алмасуы, бір бірін қабылдауы және әрекеттесуі. Дәрігер жұмысының нәтижелілігі мен дәңгейі, дәрежесі, оның білімділігі мен біліктілігіне ғана емес, қарым-қатынас дағдыларына да байланысты екені анық.

«Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы» деп А. Линкольн айтпақшы әрбір есті адам — белгілі бір қоғамның мүшесі болып табылады, ол қандай болмасын сүйікті бір ісімен айналысады. Түрлі адамдармен қарым-қатынаста болады.

Жеке адамның өзіндік ерекшелігін бағалау, нені қалайтындығын білу, көңіл күйін қадағалау әрі науқасқа ерекше көңіл аудару — ол әр дәрігердің міндеті болып табылу керек. 

Клиникада коммуникациялық дағдыларды тиімді пайдалану — «Ақ халатты абзал жандар» деп атанған дәрігердің парызы деп санауымыз қажет. Коммуникативтік дағдылар дегеніміз, парыз, адамгершілік, міндет, кәсіби этика туралы ғылымдарды белгілейді. Адамдар арасындағы болатын түрлі қиыншылықты жеңу үшін түрлі кәсіби қызмет дағдыларын кеңірек пайдаланған абзал.

Науқас адамдармен жұмыс жасау – қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет.

Дәрігердің кәсіби қызметі ауру адаммен байланысты: тірі ағзаларды құрайтын биологиялық жүйелердің ерекшеліктеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар қоғамдық байланыстың әр түрлі болуы қайталанбас психикалық көрініс құрайтын тәуелділікке байланысты.

Дәрігер ауру адамға моральдық жағынан да қолдау көрсету қажет. Дәрігер мен ауру адамдардың арасындағы қарым-қатынас белгілі бір жүйеге түсу үшін дәрігердің де бойында адами қасиеттер болғаны абзал.

Науқаспен қарым-қатынаста дәрігер міндетті түрде медицина қзметкерлерінің кәсіби этикасы қағидаттарына бағынуы тиіс. Олардың негізі мына бағыттар бойынша көрінеді және өрбиді:

— медициналық қызметкер – емделуші,

— медициналық қызметкер – емделушінің туысқандары,

— медициналық қызметкер – медициналық қызметкерлкер.

Дәрігер мейрімді болуы керек. Мейрім мен ізігілік бойында тұнып тұрған дәрігер қоғамның сүранысына, адаманың ықыласына кенелмек. Бұл сөзімізді Актөбелік әріптесіміз Рахымжан Арыстанов «Керек-инфо kz» сайтына берген сұхбатында әдемі де, айшықты жеткізіпті. «Дәрігер болу үшін тірі жанды аяй білу қажет. Дәрігер болу оңай емес. Тірі жанды аямасаң, жанын түсінуге тырыспасаң, “дәрігер болам” деп шалабыңды шайқамасаң да болады. Мейірімсіз дәрігер – ең қауіпті адам. Шыбын жанын шүберекке түйіп, дертіне дауа іздеп алдыңа келген адамға жанашырлық таныта білмесең – дәрігерлік дипломыңның құны көк тиын. 

Бірінші кезекте науқас дәрігердің ем-домына емес, қабағына, мейірімі мен жан жылуына мұқтаж. Қабағыңнан қар жауып емдеген науқасыңа ем қонып, тез арада жазылып кетеді деу бекершілік. Сондықтан, бірінші кезекте дәрігер мейірімді болғаны абзал. Пациентке жаны ашып тұрған дәрігер – мықты маман. Ондай дәрігердің емі де тез қонады, абыройы да артады, адамдардың сеніміне де ие болады». 

Адам неғұрлым талантты, дарынды болған сайын, ол өзінің еңбегін, шығармашылығын, тапқырлығын үстей береді, сөйтіп оның еңбегі нәтижелі еңбек болады.

«Басы ауырып, балтыры сыздаған» кез келген адамға қол ұшын бере алатын, көмек қолын соза алатын құдірет иесі біреу-ақ, ол – дәрігер. Жанары жәутеңдеген, ағзасын ауру меңдеген науқас адамға ерекше көңіл бөлу, рухани дем беру, дертіне шипа беру, жан жылуын сыйлау- әрбір дәрігердің парызы болғанын қалар едім.

Ежелгі грек философы Сократ айтқан мына бір ұлағатты сөз: «Жанды емдемей, тәнді емдей алмайсың» деген ұлағатты ееріксіз еске түседі осындайда. Маман иесі өте көп, алайда өз ісіне шын берілген, ойы мен ісін шеберлікпен ұштай алатын нағыз мамандар саусақпен санарлық.

Дәрігерлік қызмет барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Солардың бірі науқастың өміріне байланысты ақпараттар. Дәрігерге қуанышты жаңалықтарды айтумен қатар, қайғылы ақпаратты да жеткізу жүктеледі. Кімге болса да, мұндай жаңалықтарды есту оңайға тимейді. Науқастың отбасы мүшелері, туысқандары дәрігерге сенеді және науқастың өмірін дәрігерге тапсырады. Дәрігер науқасқа, оның отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына қайғылы ақпаратты жеткізу барысында қорқыныш сезімінен аулақ болуы тиіс. Өйткені дәрігердің іс-әрекеті қарым-қатынаста отырған адамға бірден әсер ететіні сөзсіз. Егер науқас оның қаншалықты өмір сүру уақыты қалғанын білетін болса, оның жағдайы одан әрі нашарлай түседі. Науқастың өмір сүру уақытын толығымен анықтау мүмкін емес, дәрігер де қателесуі мүмкін. Сондықтан науқасқа нақты қалған өмір сүру уақытын айту керек емес, тек болжамын айтқан жөн. Бірақ та, дәрігер науқасты жұбатамын деп шындықты жасыруға болмайды.

Қайғылы ақпаратты жеткізу үшін науқастың отбасын алдын-ала дайындау керек. Қайғылы ақпаратты телефон арқылы жеткізуге болмайды. Отбасы мүшелері сырқат жайлы толық білгілері келуі мүмкін, сол кезде шындықты жасырмай барлығын толығымен айту керек. Қайғылы жаңалықты есту әркімге де оңайға тимейтіні анық. Науқастың туыстарына қайғылы оқиғаны жеткізуде жаман хабарды барынша жұмсартып жеңіл түрде жеткізе білген жөн. Дәрігер аса жоғары дайындықта болу керек және науқастың отбасына қолдау көрсету керек. Себеі, дәрігер қызметінің өзі АЛЛАНЫҢ үлкен сыйы! Дәрігердің алдына адам ауырып, қиналып, дертіне шипа іздеп, жанарына жас толып барады. Дәрігер сол адамның қайғы-мұңын жеңілдететін маман болып табылады. Сондықтан да, дәрігердің қызметі Алланың алдында жоғары мәртебелі қызметтің бірі саналады.

Қорыта айтқанда, дәрігердің кәсіби қызметінде білім мен тәжірибе өз бойындағы парасаттылықпен, ішкі мәдениетпен(әдептлікіпен) гармониялық үйлесім тапқанда зор табысқа жетеді. Пациеннтің сеніміне ие болып, халықтың ықыласына да бөленеді.

Гүлжан Дюсебаева,

Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, Пропедевтика және ішкі аурулар кафедрасының оқытушысы

Яндекс.Метрика