2023-02-09

ШЫМКЕНТТІК ОНКОЛОГТАР ӨЗБЕКСТАНДЫҚ МАМАНДАРМЕН ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ

Spread the love
Шымкент қалалық онкологиялық орталығы мен Өзбекстан Республикалық онкологиялық ғылыми-зерттеу институты арасында меморондум түзілді. Ынтымақтастық аясында қос тараптың дәрігерлері өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыста тығыз жұмыс істейтін болады. Медициналық туризмге жол ашатын келісім негізінде өзбекстандық науқастар Шымкентте, керісінше жергілікті науқастар Өзбекстанда ем-дом қабылдайтын болады.
Жергілікті мамандардың емдеу әдістерімен танысқан көрші ел делегациясын Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек қабылдап, қос тараптың емдеу және тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстарын талқылады.
Өзбекстандық медицина мамандары онкологиялық орталығының жұмысына жоғары баға берді. Орталықта ауруды алдын алуға басымдық беріліп, құрал-жабдықтар жыл сайын соңғы үлгіде жаңартылып отырады. Делегация өкілдері жуырда ашылған ядролық медициналық кластер жұмысымен де танысты. Оның құрамында жоғары сәулелі сызықтық үдеткішті және Позитрон-эмиссиондық томография (ПЭТ) КТ құралдары бар. Жаңа орталық шаһарда медициналық туризмді дамытуға жол ашауда.
Өзбекстан Республикалық онкологиялық және радиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Баходир Пирназаров: «Шымкент қаласы онкологиялық орталығы дәрігерлерінің профилактикалық жұмыстарды жүйелеуде ғана емес, күрделі оталарды іске асыруда да тәжірибесі мол екеніне көз жеткіздік. Бұл ретте шымкенттік әріптестерден үйренеріміз мол. Бүгінгі меморандум өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біздің мамандар мен жергілікті дәрігерлер күрделі оталарды бірлесе жасап, онкологиялық ауруларды емдеудегі заманауи әдістерді бірге меңгеретін болады» — дейді.
Жалпы орталық 210 төсек орынға лайықталған. Оның 160-ы ауруханалық, 10-ы онкогематологиялық, 20-сы паллиативтік және 20 орын күндізгі бөлім емделушілеріне арналған. Орталық құрамында 150 келушіге арналған емхана бар. Шымкент қалалық онкологиялық орталығында тек жергілікті науқастарға ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының тұрғындарына да қызмет көрсетіледі.
Яндекс.Метрика