2023-02-09

Шымкентте тұмауға қарсы иммундау жүріп жатыр

Spread the love

Елімізде тұмауға қарсы иммундау науқаны әдеттегіден бір айға ерте басталды. Тұмаудың таралуының алдын алу жұмыстарын шымкенттік дәрігерлер де кірісіп кеткен.

Жамиля Қалмұрзаева — медицина саласының қызметкері. Еңбек демалысындағы азаматша тұмауға қарсы екпені алғашқылардың бірі болып алды. Саулыққа салғырт қарауға болмайды деген ол, өзгелерді де науқанға белсенді қатысуға шақырады. «Вакцина салдыруға шақырды. Әр жыл сайын осы күнді күтеміз, өзіміз үшін саламыз. Қазір тұмаудың басталатын уақыты. Алдын алу үшін, жұға қалса, жеңіл өту үшін салдырып жатырмын»-деп қосты.

Дәрігерлердің айтуынша, екпе алғаннан кейін атниденелердің қорғаныштық қасиеті пайда болады. Сондай-ақ, адам ағзасында сенімді иммунитет қалыптасады. Десе де вакцина жаппайға бірдей тегін салынбайды. Тек белгілі бір санаттағылары ғана қамтылады.

Махамбет Бейсеуов, Шымкент қалалық № 1 қалалық емханасының бас дәрігері: «Гриппқа қарсы вакцина жоспарлануда. Қазіргі таңда екі мыңнан аса дозасын алып отырмыз. Науқан аяқталғанша тағы үш мыңы жеткізіледі. Сақталу ережелері қатаң бақылануда. Тұрғындарды шақыртып, егіп те жатырмыз. Бірінші медициналық қызметкерлерге салынады, жүкті әйелдерге, сосын медициналық есепте тұратын осал топтағы тұрғындар алады».

Тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Гриппол +» вакцинасының (Ресей Федерациясының «Петровакс» өндірген) 134 580 дозасы сатып алынды. Бұл шымкенттік жалпы тұрғындарының 12,6 пайызын құрайды.
Тұмауға қарсы екпе тіркелген мекенжайы бойынша жер¬гілік¬ті алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі.

Азаматтардың келесі санаттары тұмауға қарсы вакцинациялауға жатады:
— диспансерлік есепте тұратын созылмалы аурулары бар адамдар, оның ішінде:
— алты айдан асқан әлсіреген және жиі ауыратын балалар;
— балалар үйлеріндегі балалар;
— эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша мүгедектер мен қарттар үйлерінің, 60 жастан асқан адамдардың контингенті.
— медицина қызметкерлері;
— жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп ведомствоаралық жедел кешенді іс-шаралар жоспарын және ЖРВИ мен тұмауға қарсы күрес бойынша бірлескен бұйрықты бекітті. Барлық емхана арнайы тізім бойынша егу жұмыстарына қарқынды кірісті. Санаттағы азаматтардан бөлектері ақылы негізде вакцина салып, тұмаудан қорғана алады.

Айта өтейік, қаланың медициналық ұйымдарының медицина қызметкерлерінің қатысуымен ЖРВИ / тұмау бойынша эпидемиологиялық маусымға дайындық бойынша түрлі түсіндірме жұмыстары мен семинарлар да өткізілді.

Яндекс.Метрика