2024-07-27

Ардагерлерге арналып қосымша госпиталь ашылады

       Биыл денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің госпиталі базасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға арнап (ардагерлер) 90 орынға арналған қосымша госпиталь ашады.
Ардагерлерге жаңа емдеу мекемесінде халықаралық стандарттарға сай медициналық оңалту, оның ішінде сумен және балшықпен, электрмен және жарықпен емдеу, бальнеотерапия, емдік дене шынықтыру сияқты көмек көрсетіледі.
       Осылайша, 2010 жылғы зілзаладан кейін жабылып қалған Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің Алматының Каменское плато ауданында орналасқан жоғарғы ғимаратының құрылысы аяқталғанша төсек-орынға қажеттілікті жабуға мүмкіндік береді.
       Сонымен қатар, ардагерлерге стационарлық медициналық көмек Отан соғысы мүгедектері мен ардагерлеріне арналған 2 арнаулы республикалық госпитальде көрсетіледі: Алматыда 90 орынға, Астанада 80 орынға арналған.
       Еліміздің 8 өңірінде облыстық және қалалық ауруханалар жанында 325 төсекке арналған арнаулы бөлімшелер ұйымдастырылған.
Аудандық, қалалық, облыстық және ірі көп бейінді ауруханаларда арнаулы палаталар қарастырылған.
       Ағымдағы жылы Республика стационарларында 1897 мүгедек және Отан соғысы ардагері, 3163 Ауған соғысының ардагері, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен 50 700 адам, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқан 1900 адам емделіп шықты.
Республиканың 7 өңірінде ардагерлерге арналған жекеленген емханалар жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлер 30 мыңнан астам азаматқа үйлеріне медициналық қызмет көрсетті.
Яндекс.Метрика