2024-07-27

Көңілі жарымға жәрдем ЕТУ ҮШІН АЛДЫМЕН ЖҮРЕК КЕРЕК

Қызметтің анықтамасы: Оңтүстік Қазақстан облыстық № 2 психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесі
Бұл мекемеде жүйкесі сыр берген, эпилепсия (қояншық), ақыл-ойы жетілмеген, щизофрениктер, жалпы осындай 4 санаттағы науқастар емделеді. Қазіргі таңда интернатта мемлекет қамқорлығындағы 240 азамат емделуде. Негізінен, науқастар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жолдамасымен келеді. Мекемеде 4 медициналық бекет тұрақты жұмыс істейді. Емделеушілерге 6 дәрігер, 28 медбике, 8 санитар бақылаушы қызмет көрсетеді. Ат төбеліндей ұжымды ұршықтай ұйырып отырған Әзімхан мырзамен біз осыдан екі жыл бұрын кездескенбіз. Одан бері өзгерген нәрсе көп. Жаңалықтар да жетерлік.

«Мұндағы жандардың әкесі де, шешесі де мен. Жұмыс уақытым таңғы сағат 8-ден кешкі 8- ге дейін. Бір күн болмай қалсам, бұл үйдің тұрғындары жолыма қараумен болады екен.» Бұл Оңтүстік Қазақстан облыстық № 2 психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры Әзімхан Исмайловтың әңгіме арасында жайып салғаны. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын басшы мұны мақтанышпен айтқан жоқ, күнделікті жұмысының жайын баяндап отырып, айтып қалды. Біз мұны жанын мейірім тербеткен жанның еңбегінің жемісі деп қабылдадық. Әңгімеміз жағымды жаңалықтан басталды.
Әзімхан Исмайлов: Көріп отырсыздар, ғимаратымыз жаңарды. Қазақ «жақсы жерде жатсаң, жақсы түс көресің» демей ме, бұл біздің әсіресе, тұрғындарымыз үшін өте керек еді. Қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында қызметкерелеріміз де көбейіп жатыр. Әлеуметтік саланы жаңа стандартқа көшіруге байланысты мекеме басшысының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары штаты бекітілді. Сонымен қатар, бес социолог, бір психолог, бір дефектолог жұмыс істеуде. Дәрігер психиатр, стаматолог, акушер-гинеколог, невропотолог, терапевттердің қызметіне де науқастар дән риза. Әрқайсысының науқастарды қабылдайтын жеке кабинеттері де бар. Арнайы зертхана, УЗИ мен физкабинет жұмыс істеп тұр. Биылдан бастап 2 массажист іске кірісті. Заманауи талаптарға сай жабдықталған екі жаттығу бөлмесі де әлеуметтік мекеме тұрғындарының игілігіне берілген. Мұндағы құрал-жабдықтар мен аппараттарда науқастар дәрігердің тағайындауымен жаттыға алады. Біреуі «шайтанарба» тепсе, екіншісі жүгіреді, үшіншісі гір тасын көтереді. Қамкөңіл жандар арнайы бекітілген кесте бойынша жаттығып, салауатты өмірге қадам жасайды, іс-қимыл белсенділігін арттырады, өмірге деген құштарлығы да оянады. Біз мұны күнделікті көріп, бақылап жүрміз.
Қызмет:Бұл енді науқастарды емдеуге, сауықтыруға байланысты атқарылатын шаралар, осы кісілердің бос уақыттарын өткізуінде ерекшелік бар ма?
Әзімхан Исмайлов:Қандай ерекшелік болуы мүмкін? Оларда қатардағы адамдар сияқты шахмат, дойбы ойнап, теледидар тамашалайды. Жалпы қазір интернатта 130 әйел, 110 ер адам ем қабылдап жатыр. Қарап отырсақ, біздің мекемеде жылына емделіп шығатындар науқастардың небәрі 2 пайызын ғана құрайды. Көпшілігі әлеуметтік мекемені бүгінде өзінің «екінші үйі» санайды. Мұнда тіпті 40 жыл бойына емделіп жатқандар бар.
Қызмет:Жан дүниесі күрделі жандардың мекемені өз үйіндей көруі осында көрсетілетін жылышырайлы жәрдемнің әсерінен болар, олар өздерін қоғамға, жанындағы басқа адамдарға керекті сезінуі үшін не істеу керек?
Әзімхан Исмайлов: Еңбек терапиясы деген бар, негізі адамды ізгілендіретін де, тәрбиелейтін де еңбек. Еңбек ету арқылы сен өзіңнің айналаңа жәрдем етіп жатқаныңды керек екеніңді сезінесің. Еңбекке тарту үшін науқастардың денсаулығы толық сараптамадан өтеді. Дәрігер оларды деңгей-деңгейге бөледі де еңбек терапеясына тартуға болатындары анықталады. Мәселен, ақыл-есі толық жетілмеген болса да өзі жүріп-тұра алатын, тамақ іше алатын жандарды өзінің төсегін өзіне жинатуға, аула сыпыруға, тағы да басқа жеңіл-желпі жұмыстарға тартуға болады. Осылай.
Қызмет: Тұрақты тұрғындар туралы айтып қалып едіңіз, кімдер екенін білуге бола ма?
Жасыратыны жоқ, мысалы Шымкент қаласынан Мамлюкат Тәжіқұлова мен Евгения Хегай мұнда 1967 жылдан бері тұрақты тұрғын болып тіркелген. Анда-санда туған-туыстары келіп, хабар алып тұрады.
Қызмет:Балалар үйінен келгендер де бар ғой…
Әзімхан Исмайлов:Бар, өкінішке орай бар. Мені осы 18 тірі жетімнің тағдыры жиі толғандырады. Олар ең алдымен сәбилер үйінде тәрбеленіп, одан кейін балалар үйінде болған. Жасы 18 –ге толған соң бізге жіберілді. Жылда үш-төртеуі келеді. Аяйсың. Адамның мүсіркегені не болсын?! Өзімнен бастап мекеменің барлық қызметкерлері солардың асты -үстіне түсіп, бәйек боламыз. Көпшілігін безбүйрек аналар мен тасжүрек әкелер шарана кезінде тастап кеткен. Басқа балалардың әке-шешесі, туған-туыстары мен бауырлары іздеп келіп жатқанда кейбір тұл жетімдер мұңын шағып жылайды да. Жігерің құм болады. Қайсар деген бала бар осында. Өзі сондай сүйкімді. Қай қатыгез көзі қиып тастады екен деген ой келеді. Ананың уыз сүтін еміп, ата-анасының аялы алақанын сезінбеген бала, енді міне, әлеуметтік медициналық мекемеде қалған өмірін өткізбек. Сарыуайымға салынған балаға уақыт бөліп, мұңын тыңдап, жақсы ойларға жетелеуге тырысамын. Музыка тыңдауға кеңес беремін. Мендегі мақсат – баланың өмірге деген құштарлығын ояту. Жұбатасың. Болашаққа деген сенімін қалыптастыруға әрекеттенесің. Науқастардың ішінде Қайсар сияқты келіп сырын ашып, мұңын шағатындар көп. Менің осы мекемеге басшы болып келгеннен бері байқағаным, егер сен жұмысыңды шын жүрегіңмен беріліп істемесең, олардың сүйіспеншілігіне бөлене де алмайды екенсің. Оларға сен басшысың ба, дәрігерсің бе бәрібір, олар АДАМДЫ іздейді адамды көргісі келеді.
Қызмет:Ерекше адамдарға қызмет көрсету үшін біліктілік керек, адамгершілік керек, тағы қандай қасиет керек?
Әзімхан Исмайлов: Ең алдымен жүрек керек. Жарымжан адамдарға жүрекпен қызмет етуің керек. Тек материалдық жағдайын күйттеген адам бізде жұмыс істей алмайды. Жұмысқа қабылданатын адам алдымен әңгімелесуден өтеді. Оның адамгершілігі, ықыласы сол жерде таразыланады. Нәтижесін берсе, қабылданады.

Қызмет:Тәуелсіздік баламасы жоқ, ең ұлық мереке, қалай тойлағалы жатырсыздар?

Әзімхан Исмайлов:Мерекені тойлаудың бағдарламасы жасалынды. Іс-шаралар өткіземіз. Жұмысын абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерді марапаттаймыз. Қамқорлықтағы азаматтар арасында іс-шаралар ұйымдастырылады. Оладың арасында да өнерлілері жетерлік. Біреуі тігін тігеді, біреуі ән айтып, би билейді. Қолөнермен айналысатындары да бар. Осындай туындылардан көрмелер ұйымдастырамыз. Концерттік шаралар өтеді. Бағдарламада спорттық жарыстар да бар.

Қызмет:Демеушілеріңіз бар ма?
Әзімхан Исмайлов: Қазір демеушілер тоқтады. Демеушілер керек-ақ. Жоспарда жүрген жұмыстар көп. Құрылыс жүргізсек пе дейміз. Оның құжаттарын әзірлеп те қойдық. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 142 млн. 276 мың теңге қарастырылмақшы. Басқа да жоспарымыз бар. Келесі жылға 15 млн. теңге қаржы сұрап отырмыз. 2 жайды бұзып, орнына минифутбол алаңын салу ойымызда бар. Егер қаржы мәселесі оңтайлы шешілсе, ғимараттың жертөлесін жөндеп оны шеберханаға айналдыруға әбден болады.
Қызмет: Науқастардың ата-аналары мен туған-туыстарынан «рахмет» айтып, алғысын білдіретіндер көп пе?
Әзімхан Исмайлов: Иә. Бізге алғыс хаттар көп келеді. Осындай орталық болғанына шүкір дейміз, дейді. Өзіміз қарай алмаған адамдарымызды Сіздер қамқорлыққа алып отырсыздар деп алғыстарын жаудырады.
Қызмет: Ашық –жарқын әңгімеңізге рахмет, Мерекелеріңіз құтты болсын! Өзіңіз басқарып отырған үлкен жанұядан жылулық кетпесін.
Алғысқа толы хаттардың біразымен біз де таныстық. Бір-біріне ұқсамайтын сан қилы тағдыр. Ойды-ой жетелеп кетеді. Ең бастысы, адамның қадірін білу керек екен ғой, деп түйесің соңында. Әзағаңның науқастардың туған-туысынан басқа ірі-ірі мекемелерден алған алғыс хаттары мен грамоталары аз емес. Қамқорлыққа зәру жандарға жүрек жылуын аямайтын парасатты басшы «Сауап» медалінің иегері екен. Қамкөңіл жандарға көрсеткен мейірбандығы үшін Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерекелік медалімен де марапатталыпты. Несі бар, Батырлықтың жүректен туатыны сияқты, Мейірімде жүректен туады.

Мақпал Рысбаева

Яндекс.Метрика