2024-07-27

ТЫРЫСҚАҚ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

       Тырысқақ — тырысқақ вибрионы арқылы пайда болатын өте қауіпті жұқпалы ауру, тырысқақ эпидемиясы аз уақыт ішінде кең аумаққа жайылады. Тырысқақ вибрионы жемістер мен көкөністерде 1 апта, сары майда 26-30 күндей сақталады, суыққа өте төзімді, күн сәулесі тура түскенде тез өледі. Шыбындар ішегінде 2-5 күндей өмір сүріп көбейеді, аяқтарында 2 күн сақталады. Азық-түлік тағамдарға шыбындар арқылы жұғады. Ас суға нәжістер мен су құбырлары бұзылған кезде түседі. Балық, молюска және шаяндарды жарып тазалау кезінде де адам өзіне жұқтыруы мүмкін. Кейде вибрион тасушы адам әзірлеген тағамдардан жұғады ( салат, сорпа, сүт тағамдары). 
        Инфекцияның көзі — ауру адам. Жеңіл және ауруы бәсеңдеген адамдар және микроб тасушы сау адамдар да қауіпті. Ауру іш өту мен құсудан басталып, адамды тез әлсіретеді іші ауырмай өтеді, науқастың нәжісі қи қасиетінен айырылып,иіссіз, түссіз сұйыққа айналады. Әуелгі тәулікте дәреттің жиілігі 3-10 рет, ал ауыр жағдайда одан да жиілейді. Ауру адам бір тәулікте нәжісі мен құсық арқылы 20 литрдей сұйық жоғалтады. Ішек-қарынның бұзылуы аяқ-қол бұлшық еттерінің тартылуына ұласады. Білікті дәрігерлік көмексіз тырысқақпен ауырғандардың жазылуы мүмкін емес.
       Тырысқақ өте қауіпті ауру, бірақ жеке бас гигиенасының ережелері сақталса, алдын алуға болады. Вибрион адам ағзасына тек ауыз арқылы өтеді, яғни, су мен сүтті қайнатып ішіп, көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен жуу керек. Міндетті түрде дәретханадан кейін, даладан келген соң қолды сабындап жуу керек. Пәтерде, үй айналасында тазалық сақтап, дезинфекциялап отыру керек. Дайын тамақтарды шикі тамақтардан тоңазытқышта бөлек сақтап, ет кесетін тақтай, пышақ сияқты заттарды бөлек ұстаған дұрыс.
       ЕГЕР ІШ ӨТІП, ҚҰСЫҚ ПАЙДА БОЛҒАНДА ӨЗІҢІЗШЕ ЕМ -ДОМ ЖАСАМАЙ, ТЕЗ ДӘРІГЕРГЕ КӨРІНІҢІЗ.
А.Л.МАНАБАЕВА,
Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша МСЭҚБ бас маманы.
Яндекс.Метрика