2024-07-27

Қызылша: Көкөніс емес, ауру жайлы

tories/Depositphotos_10949697_s.jpg» width=»300″ height=»200″ alt=»Depositphotos_10949697_s» style=»float: left;» />

        Қызылша- ауа тамшыларымен таралатын жұқпалы ауру. Ол аурумен балалар  жиі ауырады, кейде ересектер арасында кездесіп, ауыр түрде өтеді. Көп адамдар  қызылшаның бастапқы кезеңін тұмау, жедел респираторлық вирус инфекция  ауруларымен, ал бөртпе шыққан кезеңде аллергиялық аурулармен шатастырады.
        Қызылша ауруын қоздырушы морбилливирустар. Ол науқас жөтелгенде,  түшкіргенде, сөйлегенде ауа арқылы жұғады. Қызылша тыныс жолдарының шырышты  қабатының қабынуымен, улану белгілерімен, дене қызуының көтерілуі, коньюнктивит,  катаральді белгілерімен сипатталады. Қызылшаның міндетті түрдегі белгісінің бірі —  дақты-папулезді бөртпелер. Ол аурудың 3-4-ші күні шығады. Аурудың клиникалық  белгілері науқас адаммен қарым-қатынаста болған күннен бастап 7-13 күн аралығында көрініс бере бастайды. Бұл кезеңді инкубациялық, яғни жасырын кезең деп атайды. Одан кейін аурудың белгілері айқын білінеді. Ол үш кезеңнен тұрады: бастапқы кезеңі 3-5 күн, бөртпе шығу-3 күн, дақтану- 2 аптаға дейін созылады.
        Аурудың бастапқы кезеңінде науқастың дене қызуы көтеріліп, мұрыннан су ағады. Сонымен қатар коньюнктивит, қатты жөтел, круп синдромы дамуы мүмкін. Ұрттың шырышты қабатында қызыл жиекпен қоршалған ұсақ ақ дақтар шығады, ал таңдайында энантемалар пайда болады. Кішкентай балаларда іштің өтуі мүмкін. Ересек балаларда құсу, мұрыннан қан кету және іші ауруы мүмкін. 
       Ал бөртпе шығу кезеңінде дене қызуы қайтадан жоғары сандарға көтеріледі. Бөртпе тері жабындысының өзгермеген бетіне шығып, өте көп болады немесе кейде, керісінше, аз мөлшерде әр жерде орналасуы мүмкін. Бөртпелер кезек-кезек: 1-ші күні бетіне, мойнына, 2-ші күні – денесіне, 3-ші күні аяқ – қолдарына шығады. Бөртпелердің кезек бойынша шығуы – қызылшаның маңызды диагностикалық көрінісі болып табылады. 3-4 күннен бастап бөртпелер қоңырланады, сонан соң дақтар қалады, дене қызуы басталады. Дақтар 1-1,5 апта бойы сақталады. Кейбір егу жүргізілген балаларда бөртпелер аз шығып, ауру жеңіл түрінде өтеді және жылдам жазылады. Егу жүргізілмеген адамдарда қызылша ауыр өтеді, егер олар уақытында емделмесе асқынулар дамуы мүмкін. 
Егер науқастарда асқыну болмаса, онда арнайы ем жүргізудің қажеті жоқ. Дене қызуы қайта көтерілген науқаста отит, пневмония, ларинготрахеит, энцефалит, менингит сияқты асқынулар дамуы мүмкін. 
        Есіңізде сақтаңыз! Қызылшамен ауырған баланың бөртпесін бриллиант көгін, калий перманганаты ерітіндісін жағудың, егер қышыну белгілері болмаса, аллергияға қарсы антигистаминді дәрілерді берудің қажеті жоқ.
        Жұқпалы ауруды таратпау үшін дене қызуы көтеріліп, катаральды белгілер басталған баланы емханаға алып бармай, дәрігерді үйге шақырған жөн. Қызылшаның ауыр түрі мен асқынулары дамыған науқастарды, әсіресе ол кішкентай балаларда болса, міндетті түрде жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызу керек. 

А.З.ИЗБАСАРОВА,
Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша МСЭҚБ эпид.қадағалау бөлімінің басшысы.

Яндекс.Метрика