2024-09-20

Д.ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫН ҰЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Қала басшылығының ұйымдастыруымен өткен аптада бірқатар құрылыс алаңдарына ақпараттық тур ұйымдастырылған болатын. Баспасөз шарасы барысында БАҚ өкілдері Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралаумен қатар, Д.Қонаев даңғылы жалғасын салу құрылысы жұмыстарының қазіргі жағдайымен де танысты.

Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасовтың айтуынша, Д.Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары 5 кезеңге жоспарланған. Оның бірінші кезеңінде «Ескі қалашық» маңында біршама жұмыстар атқарылады. Оны «Отау құрылыс» компаниясы жүргізіп жатыр. Өткен айдан бері аталған кезеңнің жұмыстары үшін «Ескі қалашықтағы» жол қозғалысының тоқтатылғанын тұрғындар жақсы біледі. Екінші кезеңде ескі автовокзалдың маңында ұзындығы 600 метрлік тоннель салынады. Ол жерде қазір қазу және инженерлік-коммуникациялық желілерді көшіру шаруалары атқарылуда.

Аталған құрылыс аумағында кейбір коммерциялық нысандар орналасқан. Оның жерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін қазір түсіндіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Ал, сауда нүктелері жолдың үстіне түскен кәсіпкерлер үшін басқа сауда орындары мен базарлардан арнайы орындар берілуі қарастырылған. Бұл құрылыс жобасы туралы насихат жұмыстары жүргізіліп келе жатқанына біршама уақыттың жүзі болды.

– Сонымен бірге, бүгінде үшінші кезеңнің жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Ол В.Терешкова көшесінен басталып, темір жолдың астынан өтіп кетеді. Қазір ол жерде де бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Шілде айында Ресейден ұзындығы 45 метрлік үлкен балкалар келуі керек. Сол кезде теміржолдың астынан тоннель салынады. Төртінші кезеңде Бадам өзені арқылы өтетін көпір дайын тұр. Бұл аралық – 1,5 шақырым. Оның жанынан басқа көшелерге өтетін оң жақ бұрылыстар болады. Құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Көпірден ары қарай «Сәуле» шағынауданындағы құрылыс жұмыстары бар. Ал, бесінші кезең, ары қарай айналма жолға ұласып кетеді. Д.Қонаев даңғылының құрылысы аяқталған кезде, бұл нысан қалада кептелістің азаюына зор септігін тигізеді, — деді басқарма басшысы.

Айта кететін нәрсе, Д.Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары қала орталығындағы Түркістан көшесінен Ақтас тұрғын алабына дейінгі аумақта жалғасады. Аталған нысанның жалпы ұзындығы 7 учаскеден тұратын 18,1 шақырымды құрайды.

Яндекс.Метрика