Үшінші мегаполистің аудандары аумақтарында көшедегі жарнама мәтінін ретке келтіру, дұрыс жазылуын қадағалау мақсатында рейдтік шаралар қолға алына бастады. Осындай шаруа Әл-Фараби ауданы аумағындағы көшелер бойына жеке кәсіпкерлер орналастырған жарнамалар мен ақпараттық көрсеткіштерге жүргізілді.
Рейдтік шараға Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлерімен бірге қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мамандары қатысып, аудан аумағындағы көшелер бойына орналастырылған жарнамалардың «ҚР Тiл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес дұрыс жазылуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл шара барысында кәсіпкерлік нысандардағы бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпараттың жазылуында Тіл туралы заң талаптарының сақталу-сақталмауы анықталып, мамандар тарапынан түзету туралы ескерту берілді. Аталған кемшіліктер түзетілмеген жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес, жеке кәсіп иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Айта кетейік, «ҚР Тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес, кез-келген көрнекi ақпараттың мәтiнi ең алдымен мемлекеттiк тiлде жазылып, қажеттiгiне қарай қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Осы заң талабын қадағалайтын, әрі шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне сыртқы жарнама құралдарын әзірлеу барысында мәтіннің сауатты жазылуы мен дұрыс орналасуына қатысты тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» (77-63-48) қызмет көрсетеді.
Leave a Reply