Қала қонақтарына Шымкенттің туристік келбетін таныстыру үшін арнайы құрылған «Shymkent Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығының жұмысын көрсету үшін өткен аптада ақпараттық тур ұйымдастырылған болатын. Бұл шараға БАҚ өкілдерімен бірге қала әкімінің орынбасары М.Исақов та қатысып, сауалдарға жауап берді.
Бүгінде аталған орталық үшінші мегаполисті туристерге таныстыру мақсатында «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыруға бағытталған шахматтан Қазақстан чемпионаты, «Жасыл көше» және «Tolem Tourist» картасы пилоттық жобалары бойынша жұмыс істеуге кіріскен. Ақпараттық тур барысында әкім орынбасары мен журналистерге қалада туризмді дамытуға бағытталған бастамалар таныстырылды.
Туристік орталық басшысы А.Рамановтың мәлімдеуінше, 2021 жылдың 20-30 шілде аралығында Шымкентте шахматтан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылмақ. 20 шілде — «Әлемдік шахмат» күніне орай өткізіліп отырған шараның мақсаты – халықаралық аренада Қазақстанның имиджін қалыптастырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру. Чемпионатқа еліміздің барлық аймағынан жиналған ойыншылар, олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларын қоса есептегенде 1500 адам қонақ болады деп күтілген. Осы онкүндік ішінде қонақтарға шаһарды жан-жақты таныстыру көзделіп отыр.
Қала өміріне жаңашылық енгізетін екінші жоба – «Жасыл көше». Бүгінде әлемнің бірқатар елінде «түрлі-түсті көше» жобасы сәтті іске асырылған. Бұл ретте Шымкенттегі 500 метр көшені әрлеу көзделген. Кіші және орта бизнестің дамуына септігін тигізетін ерекше бастама туристер санын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, туризм саласында «Tolem Tourist» картасын әзірлеу қолға алынып отыр. Бұл жоба аясында қаладағы туристік нысандар бірыңғай картаға енгізіліп, туристерге арнайы жол картасы көрсетіледі. Орталық басшысының сөзінше, қазіргі уақытта ол үшін картаға енгізілетін кәсіпкерлік нысандармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.
— Қолда бар алдын-ала жасалған талдауға сүйенсек, картамен төлем жасау нысандардың әрқайсысына жеке-жеке төлем жасаудан бірнеше есе арзанға түспек. Осы орайда картаның сатылым бағасы, жарамдылық мерзімі және жетілдіру бойынша жұмыстар басталып кетті,- дейді А.Раманов.
Leave a Reply