1 қазан — «Қарттар күні» мерекесіне орай Түркістан облысы Келес ауданында салтанатты шара өтті. Жиында аудан әкімі Ақментай Есбаев саналы ғұмырын тынымсыз еңбекпен өткізіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерді мерекемен құттықтады.
— Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қашанда ізгіліктің белгісі. Осы бір адам бойындағы жақсы қасиетті жастардың бойына сіңіру ол біздің парызымыз. Әл-Фараби бабамыз осыдан мың жыл бұрын айтып кеткендей «Тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы». Бабаның асыл сөзіне шынында да терең үңілсеңіз қанша оқысаңыз да дұрыс тәлім-тәрбие алмай жақсы адам, жақсы маман бола алмайсыз. Осы орайда, Келес ауданында жастарға тәлімді тәрбие беруде үнемі ауқымды жұмыстар жүргізіліп, мерекелік іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ондағы мақсат жастардың бойына адамдық асыл қасиеттерді сіңіру, халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеу, — деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.
Салтанатты жағдайда өткен мерекелік шарада Келес ауданының дамуына, өркендеуіне өз үлестерін қосқан бірқатар ардагерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенов аға буын ұрпақтың ерен еңбегі мен бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі, ел бірлігі, отбасы татулығы жолынадағы тәлімді істері туралы кеңінен баяндап берді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы қазыналы қарияларға облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын табыстады.
Жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Leave a Reply