Түркістан облысы Келес ауданында үш жылда 71 гектар жылыжай салынды. Аудан диқандары мен шаруаларының тынымсыз еңбегінің арқасында биылғы жылы 60,0 миллиард теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Бұл көрсеткіш үш жылдың ішінде 173 пайызға немесе 25,4 миллиард теңгеге артып отыр.
Жылыжай шаруашылығымен айналысатын диқандар жыл сайын өнімнің жаңа сорттарын жерсіндіруде. Ғылыми зерттеу институттары арқылы жақсы өнім беретін сорттарды жер жағдайына қарай ыңғайластыруда. Солардың бірі — «Атия» сорты. Оның артықшылығы өнімі мол әрі жылдам піседі. Бір түптен 5-6 киллограмға дейін өнім алуға болады. Ғалымдар ұсынған жаңа тұқымды күтіп баптаудың әдісін диқан мамандардан бірер айдың ішінде үйреніп алды.
Сондай-ақ, зиянкестермен күрес, тыңайтқыш түрлерін дұрыс пайдалану, жарықтың өсімдікке қажетті мөлшерде берілуі секілді күтіп баптау ісінде де жаңашылдық бар.
Былтыр ауданда жылыжайдан 70 мың тоннадан астам өнім жиналды. Диқандар оның көпшілігін өзге аймақтарға апарып сатқан. Енді олардың өсірген өнімін өңдеуіне, сақтауына мүмкіндік туғалы отыр. Ол үшін арнайы аграрлы индустриалды аймақ құрылды. Сол жерге негізінен көкөніс сақтау қоймалары, қайта өңдеу кәсіпорындары секілді көптеген ірі жобалар енгізілмек.
Leave a Reply