2024-09-23

Емханаларға еркін тіркелу науқаны 15-қарашада аяқталады

Шымкентте емханаға еркін тіркелу науқаны жүріп жатыр. 15 қыркүйекте басталған таңдау екі айға созылады. Сапалы медициналық қызмет көрсететін және білікті дәрігерлерді таңдағыңыз келсе, науқанды пайдалануға болады.  Былтырғы тіркеу барысында 27 мыңнан астам қала тұрғыны тіркеудегі емханасын өзгерткен.  Ал 12 677 шымкенттік  көшуіне байланысты емдеу мекемесін ауыстырыпты. Егер азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған болса,  бұрын бекітілген емдеу мекемесінде қала береді.

Айгүл Бекбауова, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгінгі таңда бізде 13 мемлекеттік, 31 жекеменшік емхана медициналық көмек көрсету үшін тіркелген. Ал халық санына келетін болсақ,  мемлекеттік емханаларға 633 мың адам тіркелсе, жекеменшік емханалардан  508 мың халық ем-дом алады.  Бүгінгі таңда, яғни 2022 жылы жеке инвесторлар есебінен жаңа төрт медициналық ұйымдар ашылып, халыққа көмек көрсетіп жатыр».

Тіркеу науқаны және халықты емханаға еркін тіркеу мүмкіндігі шымкенттіктер үшін консультациялық-диагностикалық емделуге, ауруханаға жатып емделуге, кез-келген медициналық көмектің көрсетілуіне құқық береді.  Қала тұрғындары электронды үкімет порталы арқылы немесе  жазбаша өтініш беру арқылы тіркеле алады.

«Қызмет-ақпараттан» керек кеңес:

Басқа емханаға ауысу үшін не істеу керек?

Тіркеуге өтінімді электронды үкімет порталы арқылы берген жағдайда бір жұмыс күні ішінде қаралады. Тіркеу науқаны 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жүреді, ал оның нәтижесі келесі жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Яғни, пациент (сол емхана оның тіркеуге өтінімін растаған жағдайда) өзге емханадан медициналық көмекті келесі жылдың басынан бастап алады.

Өзге емханаға тіркелген кезде, бұрынғысынан автоматты түрде есептен шығарылады. Емханаға ҚР азаматтары, шетелдіктер және ҚР аумағын тұрақты мекен ететін (тұруға ықтиярхаты бар), азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеледі алады. Емханаға сондай-ақ ҚР аумағына уақытша келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де тіркеле алады.

Бір отбасы мүшелері бір учаскелік дәрігерге тіркелуге тиіс пе?

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету отбасылық бақылау қағидатына негізделеді. Дәрігерге сол отбасы мүшелерінің салауатты өмір салтына бейімдігін қалыптастыру, ықтимал дерттен сақтандыру және аурудан емдеу әлдеқайда жеңіл болады. Медициналық көмек көрсетудің мұндай тәсілі оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жақын маңдағысынан алыстау аумақта орналасқан емхананы таңдауға бола ма?

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті көрсетудің негізгі қағидаты – аумақтық қолжетімділік болғандықтан, пациенттерге (15-20 минуттай жүріп) жаяу баратын емханаға тіркелуге кеңес береміз. Мұның бір артықшылығы – медициналық көмекті үйге де алуға мүмкіндік болады.  Жалпы, тұрғылықты жеріңізге қарамайтын емхананы таңдауға рұқсат бар.

Ескеріңіз, бір уақытта бірнеше емханаға тіркелуге болмайды.  Тіркеу дербес жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы жүргізілетіндіктен, азаматтар бір емханаға ғана тіркеле алады, бұл ретте бұрынғы емханадағы тіркеуден автоматты түрде шығарылады.

Еске сала кетейік, тіркеу науқаны – емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Оны жылына бір мәрте еркін таңдау құқығы бойынша жасауға болады, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша мекен жайын, жұмысын не оқуын ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе, немесе өзі тіркелген емхана жабылып қалса не қайта құрылсаа емханасын ауыстыра алады.

 

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика