Түркістан облысы Келес ауданының азаматтары асарлатып жүріп, жалғыз басты анаға баспана сыйлады. Ошақты ауылдық округі, Жиделі елді мекенінің азаматтары осы елді мекендегі жалғыз басты анаға үй салып қана қоймай, оның ішіне қажетті жабдықтармен де қамтамасыз етті деп хабарлайды Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Көптің көмегімен тұрғызылған еңсесі үй сәулетті әрі кең. Ауыл округ әкімі Нұрмаханбет Нархозиевтың айтуынша, баспана құрылысы биыл маусымда басталған. Тұрғындарының ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында құрылыс жылдам аяқталды.
Қоныс тойға арнайы келген аудандық мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков, аудандық мәслихаттың депутаты Еркін Рысбаев ауыл қариялары мен жомарттық жасаған азаматтар ізгі тілектерін айтып, үй иесіне жүрекжарды лебіздерін жаудырды.
Округ әкімі құрылыс жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматтарды материалдық тұрғыда көмек қолын созып, азаматтық танытқаны үшін аудан әкімінің, мәслихат хатшысы және «Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалының бірінші орынбасары атынан алғыс хатпен марапаттады. Алқызыл лента қиылып, жаңа баспана иесіне үйдің кілті табыс етілді.
«Осы істің ұйымдастырған азаматарға жұмыла үй салып берген барлық ауылдастарыма алғысымды айтамын. Күйеуім қайтыс болған. Екі перзентім әлі мектепте жасында. Мұндай үй салу маған арман еді. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын»,-дейді жұртқа ағынан жарыла ризалық білдірген қоныс той иесі.
Leave a Reply