Енді қасиетті Ақшеңгелдің жанында кесене бар. Келестіктер киелі орын деп құрметпен қарайтын осы бір орын маңына тұрғындардың өздері қаржы жинап, көркем кесене салыпты. Осылайша, жұрт көңіліне медеу тұтар қасиетті орын маңы көріктене түскен.
Оқырманымыздың есінде болса, «Қызмет» газетінің өткен жылғы желтоқсан айындағы нөмірінде «Етегін шеңгел сыдырып…» немесе Ақшеңгелдің қасиеті» деп аталған мақаламыз жарық көрген болатын. Сол материалда Түркістан облысындағы Келес ауданына қарайтын Бірлік ауылының маңында тұрған «Байташ атаның Ақшеңгелі» дейтін қасиетті орынды кеңірек таныстырған болатынбыз. Сол кезде Ақшеңгел жанына барып, Пердалы Майлыбаев ақсақал бастаған Жаңатіршілік ауылының қарияларымен жолығып, әңгімелеріне қанығып қайтып едік. Ақшеңгел маңында болып тұратын адам сенгісіз тылсым жайттар жайында ауыл қарияларынан сол кезде естігенбіз.
Сондағы сапарымызда Пердалы ақсақал бас болып, ауыл тұрғындары қостап, Ақшеңгел маңын қоршауға алынатыны, қасиетті орынның жергілікті маңызы бар тізбесіне ендіру үшін құзырлы мекемелерге шығатынын айтқан еді. Содан кейін, көрікті кесене салу үшін жердің пайдалану мақсатын өзгертіп, арнайы ескерткіш мәртебесін алу, сәулет рұқсатнамаларын алу жұмыстарына шапқылап жүргенін қоса жеткізген болатын.
Сол кесене салынып біткенін сүйіншілеп Пердалы ақсақал хабарласты. Ол кісі кесене салу үшін облыстан рұқсат алу кезінде «Қызмет» газетінде жарық көрген мақаланың көмегі тигенін айтып, алғысын жаудырып отыр.
– Кесене жобасын сәулетшілерге дайындаттық. Қазір құрылысы аяқталды. Тек, есік-терезесін орнату шаруасы ғана қалып тұр. Кесене салуға 30 шақты шаңырақ ағайын болып ат салысты. Жалпы, 2,5 миллион теңге шамасында қаржы жұмсадық. Енді, о баста бөлінгені 22 сотық жер еді, соны 1 гектарға ұлғайтып, абаттандыру және көгалдандыру ісін атқармақпыз, -дейді ақсақал.
С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply