2022-05-24

КЕЛЕСТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Түркістан облысы Келес ауданында жоғары, орта арнаулы оқу орындарын бітірген 334 жас маман өз мамандықтарына сәйкес жұмыс орындарына жолданды. Олар жастар практикасы бағдарламасы аясында алғашқы қызметтік баспалдақтарына қадам қойды.

Жалпы, биыл 350 азаматты жастар практикасы аясында жұмыс орындарына жолдау жоспарланған болса, аймақтағы мамандарға зәру 114 жұмыс берушіден өтінім түскен.

Тұрақты және уақытша жұмыс орындары бойынша 2021 жылы 5 мың 67 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін, яғни 10 айдың қорытындысымен тұрақты жұмысқа 3 мың 606 азамат орналасты. Оның ішінде 754 азамат әлі жасы 29-ға жетпеген жастар. Тұрақты жұмыс тапқандардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жаза басып, істі болғандар да бар. Ел қатарлы еңбекке араласқандардың 60-ы мүмкіндігі шектеулі және 18-і пробация есебінде тұрған азаматтар.

Сонымен қатар 2021 жылы жалпы 500 жұмыссыз азаматты қоғамдық ақылы жұмыстарға қатыстыру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда көгалдандыру, көркейту, аймақтарды тазалау және құжаттармен жұмыс жүргізіп мұрағатқа өткізу ісіне 686 жұмыссыз азамат тартылып отыр. Оның ішінде 24 азаматтың мүмкіндігі шектеулі және екеуі пробация есебінде тұрғандар. Қоғамдық ақылы жұмыстарға 29 жасқа дейінгі азаматтардан 137 жас қатысуда.

Яндекс.Метрика