2024-07-27

ҚАЙДАСЫҢДАР, ҚАЗАҚ ПАЛУАНДАРЫ?

tories/04_titan_judo_spotlight0017-300×216.jpg» border=»0″ width=»303″ height=»216″ align=»left» />   Күрес түрлерінен әлемде Қап тауының жігіттерінің алдына түсер ешкім жоғын қазір екінің бірі мойындайды. Бүгінде дағыстандықтар мен осетиндерді, шешендер мен ингуштарды Ресей құрамасын былай қойғанда кемі оншақты мемлекеттің ұлттық құрамаларынан кезіктіресің. Тау халқының өкілдері қазақ жігіттерінен мықты дегенге намыстанасың. Иә, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ұрпақтары кавказдықтардың алдында қауқарсыз болып тұр. Намыстансаң да, ызаға булықсаң да бүгінгі шындық осы.

      Біздің жазғыш ағайындарда фактіге сүйенуден гөрі эмоция басым болып келеді. «Қазақтың жігіттері күреске мықты» деген ұғымды санаға сіңдіріп жіберген де солар. Кешегі Кеңес Одағы орнағанға дейін ата-бабаларымыз палуан болса расында да болған шығар, ал, одан бергі жерде әлем қазақтың палуандығын кем мойындады десек, мұнымызға ешкімнің өті жарылып кетпес.

      Өзгелер «қане, кімің бар?»десе, күресте ауыз толтырып айтатын тұлғаларымыз екі қолдың саусағынан әрең асады. Оның өзінде… көпшілігін қазақ іші мақтаныш тұтқанымен былайғы жұрт біле бермейді. Әрине, алдымен аузымызға Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсаттаров ағаларымыздың есімдері оралады. Сөз жоқ, тамаша палуандар. Алайда, жетістіктері, бағындырған биіктері Одақ көлемінен аспайды. Иә, қазір Сіз «ол кезде жағдай солай еді ғой, бодан ел болдық, орталықта отырғандар қазақтың жігіттерінің көтерілгенін қаламады» деп таласа кетуіңіз мүмкін. Сізбен келісуге даярмыз. Алайда, орталық аз ұлттардың қайсысының бағы асқанын қалапты?! Олар жалғыз қазақты ғана тұқыртқан жоқ, өздерінен басқаның бәрін де тұқыртты ғой. Қап тауының жігіттері сөйтіп отырғанда-ақ топ жармады ма?! Айдай әлемге өздерін сол кездің өзінде-ақ мойындатпады ма?! Әли Әлиевтеріңіз әлем чемпионатында сол кездің өзінде-ақ бес рет топ жарып еді ғой. Олимпиаданы екі рет ұтқан Сослан Андиевке оңай болды деп кім айта алады?! Командор Маджидовтың орнына соған сәл лайықтау бір орыс палуаны табылғанда Сеулге сол тартып кететін еді ғой. Орталықтың оларға емешегі үзілмегенін елдің бәрі біледі. Бірақ, олар барлық қарсыластарын тырп еткізбей, өздерін мойындата білді. Өкінішке қарай, біз өзіміздің Мәскеуге дағыстандықтар секілді мойындата алмадық. Демек, біздің палуандығымыздан олардың палуандығы мықты болып тұр ғой.

      Қазақ ұландарынан Олимп биігін бағындырған екі-ақ палуан бар. Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров. Екеуі де кешегі Кеңестер Одағының құрамында жүргенімізде топ жарды. Ол кезде де анық күштінің жолын ешкім кесе алмайтын. Сіз ешкімді шақ келтірмей бара жатсаңыз, амал жоқ, құрамаға сізді тартатын. Бұл сөзімізге нақты мысал деп Шәміл Серіковті атауға болады. Қандасымыз одақтағы қарсыластарының бәрін айқын жеңді. Айқын жеңбесе құрамаға қабылданбайтынын білді. КСРО құрамасының бапкерлері Шәмілді жаны қаламаса да құрамаға қабылдауға мәжбүр болды. Әлем чемпионатын қатарынан кеі рет ұтқан ол кейін Мәскеу Олимпиадасында топ жарды.

     Көріп отырсыздар, екі палуан да Олимпиада Ойындарында Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін топ жарған. Ол «бізді құрамадан шеттететін» деген уақыт. «Тәуелсіздіктің зары өтті ғой» дейтін уақыт. Сөйтіп отырғанда екі қазақ топ жарып отыр. Ал, өз қолың өз аузыңа жетіп, Олимпиада Ойындарына дербес мемлекет болып қатысып отырған жиырма жылда бұл спорт түрінен қай қазақ ұланы топ жарыпты?! Дәулет Тұрлыхановтың 1988 жылғы күмісі де КСРО қоржынына түсті. Рас, даңқты палуан келесі Олимпиадада да жүлдесіз қалған жоқ. Бірақ, бұл жолы да бұйырғаны алтын емес, қола болды. Қазақ жанкүйерлерінің алтын аңсағанына бүгінде отыз жылдан асыпты. Олардың көңілін Дәулет пен Бақтияр Байсейітовтің әлем чемпионаттарында топ жарғаны да аулай қоймағаны анық. Грек-рим, еркін күрес деп бөлмей-ақ қоялық, Мәулен Мамыровтың, Нұрбақыт Теңізбаевтың, Әсет Мәмбетовтің, Ақжүрек Таңатаровтың жүлделері бұл спортшылар үшін үлкен жетістік екені даусыз, алайда, жанкүйерлер үшін дәтке қуат қана. Бас жүлдені қандай жүлде алмастыра алуы мүмкін?!

     Әділін айту керек, бүгінде Қазақстанда күрестің насихаты қай-қай спорт түрінен де кем емес, Күреске назар аудармайтын спорттық басылымдар жоқ. Күрестің айналасында жүргендер спорт шенеуніктеріне де ренжи алмайды. Палуандар барамын деген оқу-жаттығу жиынына барады, қатысамын деген турниріне қатысады. Оларды ешкім қаражаттан қысып отырған жоқ. Қарсыластарын қиратып бара жатса төрешілердің де қысастық жасамайтыны анық. Себебі, Дәулет Тұрлыханов халықаралық күрес федерациясының мүшесі.

    Олимпиада бағдарламасына енетін дзю-до күресіндегі жағдай еркін күрес пен грек-рим күресіндегі жағдайдан да күрделі. Әлгі екі күрес түрінде біз күміс пен қоланы місе тұтпай отырсақ, дзю-додан «осы жүлдеге ілінеді-ау» деген қазақ табу қиын. Атақты Бекет Махмудовты дзю-доға әкелгенде «нәтиже енді болады» дегенбіз. Қайдан?! Махмудовтың менеджерлігі дзю-доға жүрмеді. Дзю-до бокс емес екен.

      Қазақ жанкүйерлері Лондон Олимпиадасынан ерекше үміт күткен. Олимпиадаға дейін Нұрмахан Тінәлиев ұлт қаһарманы ретінде дәріптелді. Дархан Баяхметов, Дәурен Жұмағазиевтердің де жарнамасы жаман болған жоқ. Бірақ, бұл палуандардың да ешқайсысы көпшілік күткен нәтижені көрсете алған жоқ.

     Тағы бір айта кетер мәселе, бүгінгі Талғат Ермегияевқа дейін министр орынтағында екі бірдейпалуан отырды. Алайда, Дәулет Тұрлыханов отырғанда грек-римшілер, Темірхан Досмұхамедов отырғанда дзю-дошылар жарқырай алмады. Есесіне «министрлікте ешкімі жоқ» боксшылар соңғы бес Олипиадада да алтын олжалады. Нақтысы, Қазақстан тәуелсіздік алып, Олимпиада Ойындарына дербес мемлекет болып қатысқалы олар алты рет топ жарыпты. Алты алтынның бесеуі қазақ ұландарының еншісінде. Боксшылар осынау алты алтыннан бөлек, бес күміс, алты қола медальді тағы олжалапты. Міне, сізге мықтылық, міне, сізге нәтиже!

      Қазақ палуандары Лондонда күткендегіден төмен нәтиже көрсетті дедік. Әсіресе дзю-дошылар сенімді ақтамады. Бұл жерде де назар аударатын фактілер жеткілікті. Мәселен, дзю-до құрамасының тізгінін Пекин Олимпиадасынан кейін Ербол Қырғызбаев ұстаған. Кезінде өзі де жаман күреспеген Ербол ә дегеннен-ақ өзінің қарымды бапкер екендігін аңғартты. 2009 жылы оның шәкірті Максим Раков әлем чемпионатында топ жарды. Сосын… Сосын ҚР дзю-до федерациясы бас бапкерді ауыстыру туралы шешім қабылдап, Ербол Қырғызбаевтың орнына Асхат Житкеевті тағайындады. Не үшін? Ол арасын ешкім тап басып анық білмейді. Елдің білетіні Житкеевтің кезінде отандық дзю-дошылардың бір де бір рет жарқырап көрінбегендігі. Кешегі Лондон Олимпиадасында тіпті жер қылды. Қазақстандық дзю-дошылардың төрт жылда бір келетін дүбірлі додаға шамадан тыс шаршап барғандығы мамандарды былай қойғанда қарапайым жанкүйерлерге де айқын білініп тұрды. Демек, бапкерлер спортшыларды зорықтырып апарған. Біздің дзю-дошылардың көзінде от жоқ, күресудің орнына татамиден тұра қашқысы келетіндей әсер қалдырады. Дзюдошылардың жігерсіз күрескендігін федерация басшылығы да мойындады-ау деймін, «енді бапкерді шетелден алдыртамыз» деді. Бұл сөз А.Житкеевтің жұмысына берілген баға еді. Тек түсініксізі осынша тәжірибесіз бапкерді федерацияның бақандай үш жыл ұстағаны. Біздіңше, Асхат Житкеев сыр бере бастағаннан кейін-ақ ештеңені күтпей бұрынғы нәтижелі бапкерге қайта қолқа салу керек еді. Оны біреулердің амбициясы үшін емес, Қазақстан дзю-досы үшін істегенде бүгін төмен қарап отырмаған болар едік.

      Сонымен, «қазақ күреске мықты» деген сөз ақиқатқа қаншалықты жақын? Осы әңгімені айтып жүрген ағайындарды қолдай кетейік десек, халықаралық ареналардағы нәтижелеріміз әлгіндегідей. Сан жағынан бізден әлдеқайда аз Қап тауының жігіттерінің нәтижесін тағы көріп отырмыз. «Күреске нашармыз» деуге намыс жібермейді. Енді не істеу керек? «Күреске көңіл аударылмай жатыр» дегенді ешкім айта алмайды. Ендеше, қазақ палуандарының намысын ояту ғана қалды. Бұдан басқа жолды көріп тұрғанымыз жоқ.

Абай БАЛАЖАН,

ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

«Қызмет» ақпарат.

 

Яндекс.Метрика