Түркістан облысының Келес ауданында балық шаруашылығы дамып келеді. Осы істі қолға алғандардың бірі Қошқарата ауылдық округінде орналасқан “Жақсылық жасау” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Кооператив 2018 жылы құрылған. Бүгінгі таңда құны 250 млн теңге болатын жобаны іске асыруда.
Шаруашылыққа бұл қаржының жартысы, яғни 125 миллион теңге Үкімет тарапынан субсидия ретінде берілген. Мемлекеттің қолдауының арқасында кооперативтің жұмысы жанданып келеді. «Ұшқын» елді мекеніндегі 250 гектар аумақтағы балық өсіру тоғанына су Ащы каналынан келеді. Кооператив ағымдағы жылдың аяғына дейін жобаны толық іске қосып, өнімдерін сатуға шығармақ. Кооператив жұмысымен танысқан аудан әкімі Ақментай Есбаев жобаның маңызы зор екендігін айтып, өзге шаруашылықтарды осындай тиімді кәсіпті қолға алуға шақырды.
Аудан әкімі мұнан соң аталған ауылдық округінің «Ұшқын» елді мекеніндегі құс фермасы және балық өсіру, өңдеу кешендерінің де жұмыстарымен танысты. Құс өсіру фермасы биылғы жылдың басында құрылды. Бүгінде ішінде 2 мыңнан астам тауық өсірілуде. Кәсіпкер өнімді жергілікті нарықта, сонымен қатар фирмалық арнайы дүңгіршіктерде саудалауды жоспарлап отыр.
Сапар барысында аудан басшысы «Жүзімдік» ауылына барып, жаңадан ашылған қонақ үй және емдік сауықтыру моншасының жұмысын көрді. Тәулігіне 20 адамды қабылдауға қауқары қонақ үй негізінен жерасты шипалы суынан емдік шара қабылдауға келген азаматтарға қызмет көрсетуде.
Аудан басшысы, сондай-ақ, Қошқарата ауылдық округіндегі «Әлеуметтік базар» кешенінің жағдайымен де танысты. Делдалсыз сауда жасайтын кешен өткен жылы іске қосылған. Бүгінгі таңда аудан диқандары өнімдерін базар бағасынан төмен нарықта тікелей халыққа ұсынып, табыс табуда. Ендігі кезекте шаруаларға өнімді қиындықсыз сатуына жағдай жасау үшін базар аумағын талапқа сай дүңгіршектер соғу, базардың сыртқы қасбетіне сәулеттендіру ісі қолға алынғалы отыр.
Leave a Reply