2024-07-27

25-ші МЕКТЕП ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

     Түркістан қаласында «Н.А.Некрасов» атындағы мектеп-гимназиясы жанынан 300 орындық жаңа оқу ғимараты оқушыларға есік ашты. Бұл Тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі қасиетті қалада жаңадан іске қосылған 25-ші мектеп ғимараты болып отыр. 
    Жалпы егемендіктің алғашқы күнінен бастап, ел ертеңін білімді ұрпақпен елестеткен Елбасы мемлекетіміздің білім саласына ерекше мән беріп келеді. Соның жемісі болса керек, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, сол секілді мемлекеттің білім саласына жасаған қамқорлығының шарапатын көрген көптеген білікті мамандар осы күнде өңірлердің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүр. Ал, Түркістандағы игілікті іс – осындай нақты қадамдардың жалғасы болып отыр. 
    Атап айтқанда, осы уақытқа дейін сиымдылығы мың орынды құрайтын ғимаратта екі мыңнан астам шәкірт екі ауысымда білім алып келген болатын. Халық тығыз орналасқан аймақта «Н.А.Некрасов» атындағы мектеп-гимназиясына «балам осында білім алсын» деп, үйіндегі ерке-тайын жетектеп келетін ата-аналардың қарасы да көп мұнда. Енді сол қаракөз бүлдіршіндерімізге барлық талаптарға сай білім беруге мүмкіндік туды.
    Жергілікті бюджет есебінен салынған жаңа ғимараттың сметалық құны 386770000 теңге. 2013 жылдың сәуірінде басталған құрылыс жұмыстары кестеге сай қазан айында толығымен аяқталды. Енді міне бірінші тоқсанды қорытындылап, демалысқа кеткен оқушыларды асыға күткен білім ұясы екінші тоқсанның алғашқы күнінде шәкірттермен қауышып отыр. 
    Осы орайда, Түркістан қаласындағы білім саласының тынысына аз-кем тоқталып өтсек. Бұл ғимарат осында пайдалануға беріліп отырған екінші білім ұясы. Алдағы күндерде тағы бір мектеп пен балабақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, қала әкімі Б.Әшірбековтың айтуынша келер жылы 4 мектеп, 1 балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. 
    Ендеше қала мектептері арасында көш бастап келе жатқан «Н.А.Некрасов» атындағы мектеп-гимназиясының ендігі мәселесі білім сапасын одан әрі арттыру болмақ.
 
                                                                                                                          Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
                                                                                                                         Түркістан қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Яндекс.Метрика