Түркістан облысы Келес ауданы Ошақты ауыл округіне қарасты елді мекендердегі жолдардың 97 проценті биыл жыл соңына дейін жаңаланады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын аудан әкімі Ақментай Есбаев қадағалап шықты.
Аудан басшысы Ошақты елді мекені орталығынан өтетін КХ-72 «Абай-Шардара» облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Ұзындығы 2,8 шақырым болатын күре жолдың бойына аяқжол, суағар, жарық шамдары, демалатын екі орын, орындықтар және қоқыс жәшіктерін орнату жоспарланған. Қазіргі таңда оларды орналастыру үшін жер қазу жұмыстары жүруде. Жалпы Ошақты ауылдық округінде 9 көше «Ауыл — ел бесігі» бойынша абаттандырылса, 6 көше жергілікті бюджет қаржысына жөнделетін болады.
Аудан әкімі сондай-ақ Қошқарата ауылдық округіндегі Парасат және М.Әуезов көшелерінде істелініп жатқан құрылыс жұмыстарымен де танысты. Жалпы ауылдық округте жергілікті бюджет есебінен 5 көше жөнделуде. Оның біреуі орташа жөндеу болса, 4 көшеге қиыршық тас төселеді. Олардың жалпы ұзындығы 5 шақырым.
Құрылыс барысына қаныққан Ақментай Есбаев мердігер компания жұмысшыларына жұмыс сапасына жете мән беріп, құрылысты аяқтау мерзімін кешіктірмеуді тапсырды.
Жалпы, биыл Келес ауданы бойынша «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Ошақты, Жолбасшы және Жүзімдік ауылындағы 18 ішкі көшеге жөндеуден өткізу жоспарланған. Олардың ұзынды 29,9 шақырым.
Leave a Reply