2024-07-27

12 ЖЫЛДАН КЕЙІН ОРЫНДАЛҒАН МАҚСАТ

12 жылдан кейін орындалған МАҚСАТ


tories/752438a4e40e285ef3dc40b6c0fc4d70.jpg» width=»448″ height=»301″ alt=»752438a4e40e285ef3dc40b6c0fc4d70″ style=»float: left;» />Шілденің 11 күні Еуропадағы Чемпиондар лигасының соңғы ойыны аяқталды. Шаршы алаңда Португалия мен Франция командалары бақ сынады. Жеңімпаз Португалия құрамасы. Тоқсан минут арпалысқан екі команданың ойыны негізгі уақытта тепе-тең түскен. Бір-бірінің қақпасына доп дарыта алмай әуре болды футболшылар. Қосымша белгіленген 15 минут кезекті чемпиондар лигасының тағдыры шешті. Франция қақпасының әлсіз тұсын Португалия құрамасының шабуылшысы Эдер тапты. Бұл жеңіс сыйлаған Алтын гол болды.

2016 жылғы чемпиондар лигасы бастала салысымен пікір айтып жеңімпазды болжаушылар көп еді. Бірі үнемі финалдық ойынға дейін баратын Германияның чемпион атанатынына күмән келтірмесе, Испания құрамасына шақ келер футбол командасы жоқ деушілердің аз болмағаны да мәлім. Кез-келген футбол құрамасына беріле қоймайтын Франция, Англия, Харватия сынды қарқыны күшті құрамалардың жеңісінен үміттілер де болды. Ойынның аты ойын.  Еуропа чемпионатында фаворит деген құрамалардың ширек финалға да шыға алмай қалатындары таңсық жағдай емес. Оған осы кезге дейінгі футбол тарихындағы ойындар дәлел.

Бұл ойында азуы мықты, футболдың Отаны атанған Англияны  жарыс жолынан шығып қалады деп ешкім де ойламаса керек. Үнемі жеңістің тәтті дәмін татып үйренген Испания құрамасы ше? Бірақ екі команда да әлсіздік танытып әлемді аң-таң етті. Испанияны жарыс жолынан ерте шығып қалады деп кім ойлапты?! Осындай күтпеген жағдайлар болды, есесіне футбол тарихында жаңа жұлдыздар жарқырады. Жарқ еткен жұлдыздардың бірі және бірегейі Исландия құрамасы. Аладопқа телмірген ағайынды таң-тамаша қылды. Бәрі де мүмкін деген осы. Соңына дейін жете алмаса да, бұл құрама еуропа футболында сенсация жасай алды. Бұл олардың Еуропаның футбол тарихындағы алғашқы жетістіктері еді. Азуын ақситқан Англияның футбол құрамасын жарыс жолынан шығарып жібере салды. Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп шыңдалған Австрия ойыншыларының гол соғуына жол бермеді. Десе де тәжірибенің аздығы болар 4 шілдедегі Франциямен өткен ойында Исландия футбол құрамасы  2016 жылғы чемпиондар лигасымен қош айтысты.

Жеңімпаз Португалия құрамасының ойына қандай болды?! Ойын басталғанда Хорватия мен Уэльсті жарыс жолынан шығарды. Португалия футбол құрамасы осыдан 12 жыл бұрынғы жолына түсіп бетін финалға қарай бұрды. 2004 жылы финалда Греция құрамасына есе жіберіп көңілі құлазыған құрама бұл жігерлерін іштей жанығанға ұқсайды. Сол ойындардағы футболсүйер қауымның жүрегіне мергендігі және жылдамдығымен жол  тартқан жас жігіт Криштиану Рональдудың аяқ алысы есіңізден шыға қоймаған болар. Финалға дейін тепкен добы қақпадан қиыс кетпеді. Грециядан ұтылғанда аладопты ұршықша үйіріп, алаңның мысын басып билеген футболдың жас перісі көз жасын бұлаған-ды. Сол ойынның есесін әлем футболының жұлдызы атанған жігіт 12 жылдан кейін қайтарғандай… Уақыт төреші. 12 жыл өтті. Жеңіс қолға жетті. Роналду 2016 жылғы чемпиондар лигасында өз отанына деген асқан сүйіспеншілігін дәлелдеді. Құрамасын ойын соңына дейін жетелеген ойыншының кім не десе де қажыры мықты, еңбегі өлшеусіз. Әрине, жаяудың шаңы шықпасы айдан анық. Дегенмен, «Реал Мадрид» клубының жарқын жұлдызы команда мүшелеріне жігер беріп, кеуделеріне сенім қондырғандығын ешкім де жоққа шығара алмас, сірә.

Португалия құрамасының жүрегі Криштиану Роналду өкінішке орай бірінші таймның орта тұсында жарақат алып ойыннан алыстап қалды. Жеңістің құпиясы да осында сияқты. Осыдан кейін құрама өзінің жауапкершілігін екі есе сезінді. Деко мен Фигулардың кезінде жанкүйер болған Португалия құрамасының фанаттары Криштиану ойнаған құрамаға дем беріп тұрды. Көрерменнің қолдау көрсетуі команданы жеңіске жетеледі.

Сонымен финалда Португалия құрамасы Франция ойыншыларына қақпаға гол соқтырмай көздеген мақсаттарына жетті. Эдердің соққан алтын голы ойынның нәтижесін шығарды. Бұл Роналду үшін 12 жыл бұрынғы өкініш орындалған күн… Жеңістің жалауын желбіретеміз деген сенімде болған Францияны қосымша 15 минутта қапы қалдырды. Есеп 1:0. Португалия ойыншылары 2016 жылғы чемпиондар лигасының жеңімпаздары!

                                                                                                                                                                   Ж.Үсентаев

Яндекс.Метрика