2024-07-27

Кәсіпкерлер құқы күштірек қорғалуы керек пе, әлде тұтынушылар құқы ма?

Шолпан Көкебаева,
ОҚО тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті 
Тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық
қадағалау бөлімінің жетекші маман

       Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау стансасы мен бүгінгі аты Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті болып өзгерген мекеменің өкілеттігінің айырмасы жер мен көктей. Бұрын СЭС-тің құзыры күшті болатын. Ал, қазір кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялау аталмыш органның қолына кісен салғандай. Рас, шағын және орта бизнес — еліміздің экономикасын көтеруге елеулі үлес қосып келе жатқан сала. Олардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмей, ісіне кең өріс ашу керек. Мемлекет кәсіпкерлер құқын қорғауға, ісін барлық тұрғыдан қолдауға  қатты көңіл бөлуде. Нарықтық жүйе тұрғысынан қарасақ, өте орынды. Түрлі тексеруші мекемелердің «бопсалауынан» арашалағандаймыз.

tories/1365.jpg» width=»300″ height=»176″ alt=»1365″ style=»margin-top: 4px; margin-right: 10px; margin-bottom: 5px; float: left;» />

       Бірақ, мәселенің екінші жағы бар. Мысалы, өрт, азық-түлік, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, т.б. қауіпсіздігі, жалпы тұтынушылар құқы бірінші орында тұруы керек пе, әлде кәсіпкерлер құқы ма? Кім-кімге де осы сауалды қойсақ, тұтынушы құқы алғашқы кезекте қорғалуы керек деген жауап естір едік. Өйткені, бәріміз де жұмыс орнына, лауазымына қарамастан, тұтынушы мәртебесіндеміз. Демек, қай-қайсысымыз үшін де сатып алатын, пайдаланатын тауарларымыз, жатын орынымыз, ішер тамағымыз, баратын жеріміз де зиянсыз, қауіпсіз болуы – ең маңыздысы. 
       Осы тұрғыдан ойласақ, кәсіпкерлер құқы мен тұтынушылар құқын қорғау механизмдерінде, яғни, құқықтық актілерінде қайшылықтар бар ма деген күмән туады.
Айтар ойымыздың әлқиссасын қайтадан Кеңес өкіметі кезіндегі СЭС-тің жұмысынан бастайықшы. Ол кезде станса қызметкерлері жүйелі түрде іссапарға шығып, қоғамдық тамақтандыру орындарын, азық-түлік өнімдерін сататын сөрелерді, тіпті, алқаптардағы жеміс-жидек, көкөністердің сапасын тексеріп жататын. Коммунистік партияның қаһарынан қаймығатын қатаң талаптар бақылауындағы жүйенің өзінде асханалардан жеуге жарамсыз, құрттаған еттердің, басқа да жарамсыз азық-түлік түрлерінің кездескенін, алқаптардағы денсаулыққа зиянды ауыл шаруашылық тауарларының анықталып, жойылғанын көзімізмен көргенбіз. Қандай күшті бақылау орнатсаңыз да, тауар ақшаға айналатындықтан, заң талаптарын айналып өтіп, ебін тауып, екі асап жеуге ұмтылатындардың болатыны анық. Ондайлар заңнан да, қандай да айыппұлдардан да қаймықпайды. Ал, кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий ақша үшін арсыздықтарға баратын кейбір тауар өндірушілер мен өткізушілердің амалына көптеген саңылау ашпасына кім кепіл? 
       Мораторий демекші, тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті  тиісті нысанды тексеру үшін Бас Прокуратурадан рұқсат алуы былай тұрсын, тексерілетін нысанды бір ай бұрын ескертуі тиіс екен. Мысалы, тамақтандыру орны тексерушілер келер күні  талапқа сай сапалы өнімдерді дайындап қоймақ түгілі, ғимаратты еурожөндеуден өткізіп қойса, таң қалмаңыз. Санитар-эпидемиологтар бұл күні  санитарлық талапқа қайшы келетін дерек таппай қайтатыны айтпаса да түсінікті. Онда неге жол жүру ережесінде де осындай ескертулер жасамасқа? Мәселен, пәлен күні, пәлен уақытта, мынадай көшелердің бойында жол инспекторлары тұрады, құжатсыз жүргендер мен ішімдік ішкендерді тексереді деп алдын ала хабарландыру берсе, ілуде бейғам біреу түсіп қалмаса, есі дұрыс жүргізуші ол жерге жоламайтыны анық қой. Тексерілетін нысанды бір ай бұрын ескерту деген де осыған ұқсас мысал емес пе? Еріксіз күлкіңіз келеді екен. 
       ЖАҢА МЕКЕМЕ, ЖАҢА МІНДЕТТЕР
       Бұл орайда біздің айтпағымыз, Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мәртебесін төмендету емес. 2010 жылы  «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» шығарылған заңды әлемдік тәжірибеге негіздеп жасау қолға алынып, жаңа заңның жобасы әзірленді. Демек, тек алға қарай өрлеп, зымырап бара  жатқан жаһандық үрдістен кейін қалып кетуге тағы болмайды. Ендеше, тұтынушы құқықтарын қорғауда, тұтынушылармен, кәсіпкерлермен  қарым-қатынаста жаңа құқықтық жетілдірілген мәдениеттің қалыптасатынын ескерсек, тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігіне артылатын жауапкершілік жүгінің әлдеқайда арта түсетінін аңғару қиын емес. Үстіміздегі жылдың жарты жылдығында департаменттің бастамасымен облыстық кәсіпкерлер палатасымен, 2 тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестігімен өзара ынтымақтастық жөнінде, «Даумед» клиникасы» ЖШС-мен Еркін құқықтық аймақ құру туралы меморандумға қол қойылды. Барлық аудандық, қалалалық басқармалар тарапынан да осындай келісімдер жасалуда. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарымен БАҚ-ты қатыстыра отырып, 1 семинар, 2 «дөңгелек үстел», баспасөз мәслихаты, брифинг ұйымдастырылды. Департаментің, аумақтық құрылымдардың асшылары кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, тұрғындармен 172 кездесу өткізді, 269 мақала жарияланып, телеарналар мен радиода 128 сұхбат берілді. Мұның бәрі жұмысты жақсартуға бағытталған қосымша міндетті шаралар деуге болады. 
ОҚО Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті облыс көлемінде сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салааралық комиссия құрды. Комиссияның негізгі міндеті – сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұсынымдар әзірлеу және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына  қауіпті өнімдер анықталған кезде келісімді шаралар қабылдау, сондай-ақ, Кеден комитеті, ветеринарлық және фитосанитарлық қызмет салалары бойынша  облысымызға әкелінетін, өндірілетін, сатылатын тағам өнімдері туралы мәлімет алмасу, жедел жүйе құру. Бүгінгі таңда департамент тарапынан көкөністер мен жеміс-жидектердің сатылуын, нитраттан қорғау жүйесін жоғары сатыға көтеру мақсатында 2014-2015 жылдарға арналған «Жол картасы» түзілді. Қазіргі таңда мораторий жариялануына байланысты тағам өнімдерінің қауіпсіздігін  қадағалау санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг арқылы жүргізілуде. 
       «ӘР ҮЙГЕ – ҚАУІПСІЗ ТАҒАМ»
       АКЦИЯСЫНЫҢ ПАЙДАСЫ НЕДЕ?
       2014 жылдың мамырынан басталған  «Әр үйге қауіпсіз тағам» акциясы облыс базарларында кестеге сәйкес жыл соңына дейін өткізіледі. Бұл акцияның пайдасы тұтынушылар тағам қауіпсіздігі мәселесінің не екенін және қалай тексеру қажеттігін жете түсінетін болады. Екіншіден, кәсіпкерлер мен сатушылар тұтынушы және заң алдында алдағы уақытта өздеріне қандай жауапкершілік жүктелетінін айқын сезінеді. 
       ОҚО Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті  Тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Шолпан Көкебаеваның айтуына қарағанда, үстіміздегі жылдың жарты жылында  базарлар мен супермаркеттерде «Әр үйге — қауіпсіз тағам» атты 46 акция өткізілді. Зертханада тұтынушылардың  тапсыруымен 3787 тағам өнімі тексерілді. Оның 113-і техникалық регламенттердің талаптарына сай келмеді. Нитратқа тексерілген 2837 жеміс-жидек (алма, жүзім, алмұрт, көкөрік, құлпынай, мандарин, банан, шабдалы, шие, ананас, т.б.) және бақша өнімдері (сәбіз, картоп, басты пияз, қауын, қарбыз, қызылша, т.б.) сынамалардың 104-де нитрат мөлшерінің нормадан жоғары болғаны анықталды. 950 тағам өнімдерінің 9-ы, мәселен, сүт қышқылдығы бойынша 6 сынама, тұздағы иодтың болмауы себепті 3 сынамада аталмыш тауарлар талапқа сай келмеді. Мониторинг жүргізу барысында сатып алу арқылы зертханалық тексерістерге 405 тамақ өнімдері мен ойыншықтар жіберілді.  Сынамалар бойынша тауардың 22-сі талапқа сай келмесе, оның 13-і  — шетелдік өнімдер.
       Өткен аптада  Шымкент қаласының «Жабық базарында» болып, «Әр үйге -қауіпсіз тағам» акциясын қадағаладық. Базардың шыға беріс жағында арнайы үстелдер қойылып, ОҚО СЭСО» МҚК –ның дәрігер зертханашылары Ш.Достаева, Н.Сайдуллаева, И.Ақжігітова, Н.Үрімханова  тиісті лабораториялық құрал-жабдықтарын қойып, сатып алушылардың азық-түлік өнімдерін тексеріп отырды. Екі сағатқа созылған акцияда тексерілген өнімдердің барлығы да талапқа сай болып шықты. Мәселен, сәбіздің құрамында нитрат мөлшері 400 болу керек болса, аппарат  192-ні көрсетті. Айранның қышқылдығы 90-120 арасында (норма бойынша 120-дан аспауы тиіс) болды. Шикі сүт 16-18 аралығында (норма бойынша 18-ден аспауы тиіс) байқалды. Сатушылар да өз өнімдерін тексеріп көруге қызыңушылық танытып жатты. Мәселен, «Коммунизм» бөлімшесінен келген Динара Бекмурадова туысының шаруа қожалығынан өндірілген тәтті, ащы бұрыш, баклажан, сарымсақ сияқты өнімдерін тексертті. Бәрі де талапқа сай шықты. Тұтынушы Н.Зенченко зертхана аппараты арқылы сатып алған өнімдерінің қауіпсіздігін анықтап,  акцияға ризашылығын білдірді. Бұрын-соңды мұндайды көрмегенмін деп таңданысын жасырмады. Үнемі осылай болып тұрса деген тілегін білдірді. 
       БАЗАРЛАРДАҒЫ ТЕГІН АКЦИЯ КЕСТЕСІ
       Алдағы кесте бойынша аталмыш тегін акция «Самал» базарында — 12 тамызда, «Алаш» базарында – 19,  «Жабық базарда» — 27, «Дархан базарда» — 12, «Қазыбек базарда» -19, «Айна базарында» -20, «Көктем» базарында -21, «Аргон» сауда қатарында – 19 тамызда өткізіледі. Тұтынушылар осы акцияға белсене қатысқаны жөн. Өйткені, артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, иммунитеттің төмендеуіне әкеп соқтырады. Көбіне балалар ЖРВИ-мен, созылмалы суық тию және пневмониямен сырқаттанады. Адам ағзасына нитраттар көп түссе, метгемоглобинемияға, асқазаның атерлі ісігіне шалдығады, жүйке және жүрек-қан тамыры жүйелеріне, эмбриондардың дамуына теріс әсерін тигізеді. Метгемоглобинемия – бұл оттегілік ашығу, оттегін көтере алмайтын қан гемоглобині метгемоглобинге әкеп соғады. Ол қанға нитраттардың түсуі кезінде жиналады. Қанда метгемоглобиннің құрамы 15 пайыз шамасында болса, адамда енжарлық пайда болады, ал, 50 пайыздан асып кетсе, өлімге әкеп соқтыруы да мүмкін. Сондықтан, тұтынушыларымыз бұл мәселеге немқұрайды қарамағаны дұрыс. 
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 13 қарашадағы №651 Жарлығымен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі құрылғаны белгілі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының алдына тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үш негізгі міндет қойылды. Осыған орай тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңын халыққа түсіндіру үшін ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде  39-02-60 «қауырт желі» телефоны ашылды. Кез-келген тұтынушы осы телефон арқылы  өзін толғандыратын мәселе бойынша сауал қойып, тиісті жауабын ала алады.

       Ендеше, өз құқыңызды қорғауға кірісіңіз, оқырман!
                                         
                                                                 «Қызмет» газеті. Дидар БЕГАЛИЕВ.

Яндекс.Метрика