2024-09-20

Б.Дәуренбеков: Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен Әл-Фараби жайлы 10 сериялы сериал түсіріп жатырмыз

Рас, балалар тақырыбынан өзге тарихи фильмдерге де ден қоя бастадық. «Төле би» картинасын көрген боларсыздар. «Төле би» 10 сериялы тарихи фильм болып, «Хабар» және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан да көрсетіліп отырды. Менің айтайын дегенім, сериал ретінде 10 серия «Төле биге» өте аз, ол одан да көп болу керек еді. Мәселен, түріктің тарихи сериалдарын көріп жүрміз, 100 серия, 200 сериялы. Ал, біздің «Төле бидің» айтары да, тәрбиелік берері де көп, оның жалғасын түсірсе де болады. Біз сондай үмітпен, жалғасын түсіруге ыңғайлы етіп бітірген едік.

Ал, қазір біз ұлы ғұлама ғалымымыз, Отырардың тумасы – Әл-Фараби туралы 10 сериялы болатын сериал түсіріп жатырмыз. Бұл туынды Шымкент қаласының тапсырысымен, бюджет қаржысына түсірілуде. Біздің қала бюджеті киноға көп қаражат бөле алмаса да, қала басшылығының бастамашылығы қуантады. Еш жерде әлі мұндай Әл-Фараби жайлы фильм түсіріліп жатқан жоқ, аз қаржының өзіне біз нартәуекел етіп бастап кеттік. Ғұламаның балалық шағынан емес, жігіттік шағынан бастап, Сирия, Дамаскте болған өмірін көрсетеміз. Әрине, Әл-Фараби бабамыз туралы деректер өте аз, оның тек ғылыми еңбектері бар. Музыкалық трактаттары, пәлсапалық еңбектері, түрлі-түрлі кітаптарын ақтара отырып, өмірбаяндық деректерін түгендедік. Кино деген көркемдік дүние болғандықтан, тарихи деректерге сүйене отырып өз ойымыз бен қиялымыздан туған көріністермен әрледік. Тарихи деректерде Әл-Фарабидің әкесі Тархан әскери қолбасы болған. Ол – анық. Және ол Самарқан, Хиуа, Бағдат, Шамда білім алған. Бір айта кетерлігі, Шамға Әл-Фарабидің өзінен бұрын атағы бірінші жеткен екен. Яғни, ол Отырардың өзінде-ақ мықты білім алған болып тұр ғой. Отырардан Әл-Фарабиден өзге 30 шақты Фарабилер шыққаны айтылады. Сондай-ақ, Отырар кітапханасы жайлы Александриядан кейінгі екінші кітапхана болған деп біз мақтанамыз. Сол кітап қоры жайында түрлі аңыздар айтылса, кейбіреулер «Шыңғыс хан өртеп жіберген» деп те айтады. Менің ойымша, ол өртенуі мүмкін емес, бір жерде жасырынып жатқандай көрінеді.

Яндекс.Метрика