2024-07-27

Сын шын болса…

       Қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағида бар. Бүгінде оның мән-мағынасы тереңдемесе, төмендеген жоқ. Қай кезеңде де жөнімен айтылған сын мемлекеттік биліктің барлық тармақтарына кемшіліктерін түзетуге көмектесетін және қоғамның түрлі салаларында жүргізіліп жатқан реформалардың дұрыс бағытта алға жылжуына серпін беретініне ешкім де таласа қоймас.

                            Әркімнің өз шындығы бар
      Халықты елде болып жатқан жаңалықтан хабардар ететін бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) орны ерекше. Десек те, ақпарат құралдары тарататын мәліметтердің қаншалықты шындыққа сай екендігі өз алдына бөлек әңгіме. Егер мақалада айтылған сын шын болса, мұндайда оқырман да серпіліп қалатыны сөзсіз. Өз кезегінде мақалаға арқау болған қызметкер де өзінің кемшілігіне ұялып, оны түзету жолдарын қарастырып, ондай қателіктерге жол бермеуге әрекеттенеді. БАҚ-тың ел болашағы, өмірге көзқарасы енді ғана қалыптасып келе жатқан жастарға тәлім-тәрбие беруде, оларды жарқын болашаққа, асқақ армандар мен асыл мұраттарға жетелеуде журналистердің атқарар еңбегі мен қосар үлесі ұшан-теңіз. 
      Осы орайда ақпарат құралдарының сот жұмысын жетілдірудегі орны ерекше екендігін атап өткім келеді. Олай дейтініміз, халық БАҚ арқылы сот саласындағы жетістіктермен қатар, орын алған кейбір кемшіліктерден де хабардар болып отырады. Өкінішке орай, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сот жүйесіне қатысты қалам тартып жүрген азаматтар кей жағдайда орын алған дау-дамайды жете зерттемей, анық-қанығына жетпей тұрып, соттарды тек келеңсіз жағынан сипаттау басым болатын жәйттер кездесіп қалады. 
      Осы салада қызмет істеп жүрген соң көптеген жағымды істермен (судьялар қабылдаған әділ шешімдер) қатар, кейбір қателіктің де болатыны рас. 

Сотта тек даулы мәселелер шешілетін болғандықтан, онда ұтқан тарап пен ұтылған тарап қатар жүретіні белгілі. Сондай-ақ, істі қарау барысында талабы қанағаттандырылмаған жағдайда, ұтылған тарап өзінің кінәсі мен ұтылғанын мойындағысы келмейді. Әлбетте, мұндай әділ төрелікті мойындау парасатты жанның еншісіне ғана бұйырады. Ал парасаттылық екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Сондықтан, әрдайым дау бойынша шешім қабылданғанда келіспейтін тарап болады, бұл табиғи құбылыс. Мұндайға жоғарғы сатылы соттар қабылданған шешімдерді тексеріп, тиісті бағасын беретіні заңмен қарастырылған.

Басылымдағы мақаланың желісі болған оқиға мен біреулердің басынан өткен күнделікті күйбең тіршіліктегі тауқыметті мақалаға арқау бола алмайды деп айта алмайсың. Керісінше мақалаға арқау болған деректер мен оқиғалар өзгелерге сабақ болады, сонымен қатар оқырманды да қателікке ұрынбауға үйретеді. Дегенмен, сот жұмысына қатысты жарияланып жүрген мақалаларға тоқталатын болсақ, көптеген сұрақтар туындайды. Әр қызметтің өз ерекшелігі бар десек, сотта тараптар арасындағы дауды шешу, оларға бітім айту қиынның қиыны екенін көпшілік түсіне бермейтін сияқты.

       Кейінгі кезде сотта әлі қаралып жатқан, шешім қабылданбаған істер бойынша кесім айтатын мақалалар жиілеп барады немесе қабылданған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігіне әр қаламгер өз ойын жеткізіп жатады. Әлбетте, халыққа жететін ақпараттың дұрыс, қаз-қалпында, жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге сүйеніп, жүйелі түрде жеткізілуін барша жұрт қалайды. Бірақ, кей жағдайда мақалаға негіз болған оқиғалар жөнінде тараптар дауласып жатқан болса, онда сот шешім қабылдамай жатып немесе шешім қабылданғанымен, ол заңды күшіне енбей тұрып, газет беттерінде шешімге әркім өзінше баға беруі заңға қайшы және оның орынсыз екеніне жұртшылықтың назарын аударғым келеді. Мұндайда, сот шешіміне бағаны тек осы істі қараған соттан жоғары тұрған сот беретінін естен шығармаған абзал.

      Бұл жөнінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мамидің «Егемен Қазақстан» газетінде осы жылғы 31 қазанда жарық көрген «Егемен елдің еңсесін көтерген сот жүйесі» атты мақаласында: «Соңғы кезде судьяларға ақпараттық қысым жасау, яғни, жекелеген сот істері бойынша нақты бір шешім қабылдату мақсатында қандай да бір акциялар, пикеттер ұйымдастыру, өзіне-өзі қол жұмсаймын деп қорқыту арқылы судьяға қысым жасау үрдісі белең алып келеді. Сондықтан, «сотты құрметтемеушілік», «сот төрелігін жүзеге асыруға заңсыз араласу» ұғымдарын кеңейтіп, бұл әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жазалау шараларын күшейту қажет», — деп атап көрсеткен.

      Келіспеген тараптар арасындағы шиеленіскен дауды көп көңілінен шығатындай етіп шешу, инемен құдық қазғанмен бірдей. Өйткені, әркімнің өз шындығы бар және әрқайсысы өзінің талабын дұрыс деп санайды. Егер олай деп ойламаса, олар сотқа жүгінбес те еді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 81-бабында: «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады» — деп көрсетілген. Осыған сәйкес, сот қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда тараптар азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер бойынша процессуалдық заңда көзделген талаптарды сақтай отырып, аудандық және оған теңестірілген соттар қабылдаған сот актісін, апелляциялық, кассациялық тәртіппен облыстық соттардың тиісті сот алқаларына әр тарап қажетті жағдайда шағым беруге құқылы

      Облыстық деңгейде қабылданған сот актілерімен келіспеген тұлға заңда көзделген процессуалдық талаптарды сақтай отырып, Жоғарғы Сотқа аталған актілердің күшін жою немесе оны өзгерту жөнінде шешім қабылдау туралы өтініш бере алады. Процессуалдық заңдарда төменгі сатылы соттармен қабылданған шешімдердің дұрыс әлде бұрыс екеніне тек жоғарғы тұрған соттар ғана баға беретіні тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
      Алайда, тараптар келіспеген шешімдеріне заңда көзделген процессуалдық тәртіпті сақтай отырып, шағым келтірудің орнына, керісінше өз ойларын газетке береді, ал басылымдар мұндай мақаланы тексермей жариялап жібереді. Өйткені мақаланың тақырыбы оқырманды тартатынын редакция жақсы біледі.
Сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеретін, оның дұрыс-бұрысын анықтайтын осы шешімді қабылдаған соттан жоғары тұратын сот екенін ұмытамыз. Шешіммен келіспеген тараптың процессуалдық тәртіппен шағым келтіруден басқа іс-әрекеттің барлығының, бос әурешілік екенін тараптар білмейді деп айта алмайсың, себебі, шешім қабылданған соң судья тараптарға сот шешіміне шағым келтіру тәртібін түсіндіреді және сот қабылдаған әрбір сот актісінде шағымдану тәртібі нақты көрсетіледі. Мұны біле тұра кейбіреуі сот шешімі жөнінде келеңсіз мақала жариялап, сол арқылы сотқа қысым жасағысы келеді. Онан қалды кранға шығып немесе өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқысы келетіндер де жоқ емес. 
      Әрине, жеңілген тарап өздерінің жіберген қателіктерін газетке мақала жариялату арқылы өз дегеніне жетуді ойлап, журналистерге жүгінеді. Мұндайда, әр тарап өз мүдделерін қорғайтыны, дәлелдемелерді заңда көзделгендей істі қарау барысында сотқа табыс ете алмаған, өз кінәсін ұмытып, қалай да болмасын дауды өз пайдасына шешу қамына кірісіп, нәтижесінде көпшілікті таңдандыратындай баспасөз беттерінде мақалалар жарияланады. Мұның астарын көпшіліктің бірі білсе, көбі біле бермейді. Сол себепті, мұндайды сот ісіне тікелей араласу деп, қынжылудан басқа амалың қалмайды.

      Біздің қоғам сотты басқа құқық органдарымен бір деп ойлайды, оның жұмыс істеу механизмін толық біле бермейді. Сондықтан, әр азамат өзінше төрелік қызметті атқаруға тырысып, әркім қарым-қабілетіне сай даудың шешімін айтуға тырысады. Ал шет елдерде сот актісін талқылап жатқан ешкімді естімейсің де, көрмейсің де. Онда сот шешімі төңірегінде ешқандай дау-дамай туындамайды, оны тек орындайды.

                  БАҚ елге ақпарат таратқанда, қоғамға зиян келмеуін ойлауы керек
      Халық журналистерді елдегі төртінші билік деп санайды. Бұл жайдан-жай айтылған сөз емес, мұнда үлкен астар жатыр. Журналистерге халық берген бұл абыройлы атақ, оларға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Соған қарамастан, кейбір БАҚ қызметкерлері өздерінің қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігін толық сезіне бермейтін секілді. Олар дайындаған әрбір мақала жан-жақты зерттелген шынайы, қызықты болуымен қатар, сот жүйесінің жұмысына кедергісін келтірмеуі тиіс. Міне, мәселе қайда жатыр! 
     Сот отырысы барлық уақытта, заңда көзделген кей жағдайларда болмаса, ашық өткізіледі, онда қаралып жатқан істер және қабылданған шешім жөнінде, әркім ойына келгенін халыққа өз қалауы бойынша жеткізу болып табылмайды. БАҚ елге ақпарат таратқанда, қоғамға зиян келмеуін ойлауы керек. 
Бұл да бүгінгі күннің өзекті, шешуін күттірмейтін мәселелердің бірі, бұрын да баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген. Сот жүйесінің жұмысы жөнінде жазуды тек арнайы дайындықтан өткен (тиісті лицензиясы — рұқсаты бар), журналистерге жазуды тапсыру кезеңі жетті. Себебі, жөн-жосықсыз жарияланған мақаладан қоғамға келетін зиянның көлемін ешқандай өлшеммен өлшей алмайсың, мұндай олқылықтың орнын кей жағдайда қанша түсіндірме жұмыстарын жүргізсең де толтыра алмайсың. 
      Осы мәселені түпкілікті шешу мақсатында сот жұмысына қатысты мақала жазатын журналистерді бүгінгі қолданыста жүрген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының аясында аккредитациялау жөнінде арнайы Ереже дайындалып, қабылданса жөн болар еді. Ол үшін әр редакция өз қызметкерлерінің — журналистердің тізімін тиісті орынға ұсынып, олар аккредитациядан өтуі тиіс, сонан соң, арнайы дайындығы бар жуналистер сотпен қабылданған шешім туралы жазуына болар еді. Солай етсек, аккредитациядан өткен журналистер тексерілмеген ақпаратты таратпасы анық.

      Толық тексерілмеген, бір жақтың ғана мүддесін көздеп, екінші тараптың пікірін тыңдамай, іс құжаттарымен таныспай жазылған мақаладан, дауды шешудің амалын таба алмай жүргендер, онан сайын шатасып, шешімін таппауына кейбір басылымдар себеп болмауы тиіс. Сондықтан, заңды күшіне енбеген сот актісі жөнінде баспасөз беттерінде біржақты мақала жариялау құқық бұзушылық және БАҚ туралы заңға қайшы екенін естен шығармаған жөн. Мақалаға арқау болған шешім жоғарғы тұрған сатылы сотпен күшінде қалғанның өзінде де, халықтың сотқа деген сеніміне селкеу түсіретіні белгілі. 
Даулы шешімнің жоғарғы тұрған сотпен күшінде қалғаны туралы мақала жариялап жатқан газет редакциясы ілуде біреу болар, бар болған жағдайда, оның байыбына жетіп жатқан адам бар ма? Көп жағдайда басылымдардың көпшілігі сот жөнінде мақала жариялайтын болса тосын жаңалық ретінде, барлық бояуларын сіңімді етіп келтіреді, оқырман, әрине мұндай басылымды іздеп жүріп оқиды, себебі тақырыбы айқайлап тұрады, ал оның қаншалықты дұрыс жазылғанын барлық оқырман зерделей бермейді.
      Шындыққа сай жазылмаған мақаладан келер зиянды өлшеп жатқан каламгер бар ма? Әрине, арызданушының өз көксегені бар, бірақ газетке теріс мақала жариялағаннан, оның ұтып жатқаны шамалы. Себебі сотта шешім мақалаға емес, тек заңға ғана сүйеніп қабылданады. Сот алдында қойып отырған талабың дұрыс болмаса, қаншама басылым беттеріне мақала жариялағанмен, судья заңсыз шешім қабылдай алмайтынын ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, мұндай мақаламен газет оқырманы көбеймейтіні белгілі.

      Жоғарыда аталған Заңның 25-бабында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасауға болмайтыны көзделген. Басылымда сот қараған белгілі бір іс жөнінде мақала жариялар алдында істің мән-жайы толық анықталып, мүмкіндігінше дауласушы тараппен сөйлесіп, істің анық-қанығына жетіп, терең журналистік зерттеу жүргізіп, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, іс қарайтын сотқа ықпал етпейтіндей бағытта мақалалар жарияланса, құптауға тұрады.
      Сот жүйесі жөнінде басылым беттерінде жақсы мақала жазылып жатса, біз қуанып қаламыз, кемшілігімізді орынды көрсетіп жатса, оны қаперімізге алып, жедел жөндеуге кірісеміз. Жұмыс болған соң кемшілік болады, оны анықтаған жағдайда қайталамау үшін тиісті шара қолданамыз.
Сотқа қатысты шындыққа сай келмейтін мақала жариялаудан гөрі, сот ісінің егжей-тегжейін жетік білетін журналистің тартымды мақаласы әлдеқайда артық. Мұндай мақаланың тәрбиелік мәні болумен қатар, көпшіліке ой тастары және өзгелерге сабақ та болар еді.

      Еліміздің ақпарат құралдарындағы жарық көрген мақалаларға зер салсақ, жарияланған кейбір сын мақалалардың бірқатары осы саланы жетік білетін мамандардың көңілінен шықпайтыны кездесіп қалады. Әрине, заңгер емес, заңды түсіне бермейтін, сот жұмысынан және процессуалдық заңнан мүлдем хабары жоқ, материалдық заңды түсінбейтін азаматтар тосын жаңалыққа кез болып, бұл ақпарат бір оқырманнан екінші оқырманға жетіп отырады.
      Сот саласына қалам тартатын журналист қауымға бұл жүйеде шешімін тапқан проблемадан гөрі, шешімін таппаған мәселенің, мысалы сот жүктемесінің белгіленген межеден – нормативтен тым жоғары екендігін, соттар қабылдаған заңды шешімдердің 98 пайыздан асатынын зерделеп жазған қаламгерлер туындысы жоқтың қасы. Ондай мақаланы оқта-текте сот қызметкерлері ғана жазады, ол да болса «Заң газеті» мен «Юридическая газета» тағы басқа заң саласына қатысты басылымдарда жарияланады және оны заңгерлер қауымы ғана біледі. 
      Сонымен бірге, Жоғарғы Сот Төрағасы бүгінде шешімін табуы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі ретінде, азаматтық іс жүргізу заңнамасын өзгертіп, өкіл болуға тек адвокаттық лицензиясы бар, облыстық адвокаттар алқасының құрамына кіретін кәсіби заңгерлерге ғана рұқсат беретін уақыт келгенін орынды атап көрсеткен болатын.
      Қазіргі уақытта, азаматтық істер бойынша кез келген азамат жеке тұлғалардың өкілі ретінде сотқа қатыса береді, қажет болған жағдайда тиісті талап арызды да өз білгенінше дайындап сотқа тапсырады. Өкілдермен дайындалған талап арыздардың көп жағдайларда процессуалдық талаптарға сай келмей, талапты сот алдында дұрыс қоймағандықтан, дауласушы тараптардың талаптары қанағаттандырусыз қалдырылып жатады. Одан қалды, бұл өкілдер тараптарға қабылданған шешім бойынша дұрыс бағыт-бағдар бермей, өз түсінігі бойынша дұрыс шешім қабылдамады деп, облыстық немесе Жоғарғы Сотқа жолданатын шағымдарды қоспағанда, жан-жаққа орынсыз жазылатын арыздар мен түрлі басылымдарда жарияланатын мақалаларды айтсаңызшы. Бұл негізсіз арыздарды тексеруге, оған жауап дайындауға қаншама уақыт кететінін ешкім ескеріп жатқан жоқ.

      Мұндай өкілдерден келетін шығынды есептейтін кез жетті. Сондықтан, қолданыстағы заңдарға тиісті өзгерістер енгізіп, сот отырысына тараптардың өкілі ретінде арнайы лицензиясы бар кәсіби заңгерлер, адвокаттар алқасының мүшелерін қатыстырған дұрыс.
      Судьялар қауымы кешегі өткен Судьялар одағының VI cъезінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өз аузынан соңғы төрт жылда атқарған жұмысымыздың бағасын алумен қатар, қызметімізге жаңа серпін беретін бағыт-бағдар да алып қайттық.
Б.ТӘҢІРБЕРДИЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық 
сот алқасының судьясы.


Яндекс.Метрика