Келес ауданында пандемияға қарсы дәрігерлермен бірге қарапайым азаматтар да жұмыла күресуде. Атап айтар болсақ, Келес аудандық мәслихатының депутаты Рысбаев Еркін Жақсылықұлы өз қаржысына 10 дана оттегі баллонын сатып алып, аудандық ауруханаға берді. Сондай-ақ «Бижігіт-ата» ЖШС директоры Жанұзақов Нұрбол Тұрсынбайұлы да 10 дана оттегі толтырылған баллонды науқастардың емі үшін ауруханаға тегін жеткізді.
– Қазіргі таңда «COVID-19» індетімен көп болып күресіп, жұртшылықпен жабыла тосқауыл қойып жатырмыз. Бұл істе жанашырлық үлгісін көрсетіп, қайырымдылық танытып жатқан аудан азаматтарының еңбегін ерекше атап өту керек. Ауылдастарының денсаулығы үшін шынайы қамқорлық көрсетіп, аянып қалмай, ізгі іске ұйытқы болған жандарға бас иіп, алғыс айтамыз. Депутаттар мен кәсіпкерлердің тартуы науқастардың емі үшін қолданылады. Әр баллон тынысы тарылып, ажалмен арпалысып жатқан науқас үшін аса қажет. Бұл көмек сырқататынып жатқан азаматтарға дер кезінде көрсетілген қолдау– дейді Келес аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бекзат Сланов.
Елдегі сындарлы сәтте денсаулық сақтау саласына және қауіпті індетке шалдыққан науқастарға қолдау ауадай қажет. Оның үстіне дерттің өрши түсуі жұртшылықты абыржытып, әбігерге салғаны рас. Мұндай сәтте жанашыр азаматтардың қолдауы болашаққа сенімімізді нығайта түспек.
Leave a Reply