АУЫЛДАР АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

Түркістан облысы Келес ауданындағы бірнеше ауылдардың арасын жалғастыратын облыстық маңызы бар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қошқар ата-Бесқұбыр- Жүзімдік-Жаңадәуір елді мекендерінің арасындағы автомобиль жолының жалпы ұзындығы 41,7 шақырым. Биыл оның 15,7 шақырымына жөндеу жүргізілуде.

Бекітілген жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес жол бойындағы ескірген су өткізгіш құбырлар ауыстырылып, жолдың 3,2 шақырым жеріне ресайклерлеу жүргізіледі. Және, асфальт жабынды толығымен жаңартылады. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі. Биыл өндірістік жұмыс кестесіне сай 7,5 шақырым жерге асфальт төселетін болса, қалған жұмыстар келесі жылы жалғасын табады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы құрылысқа тапсырыс беруші әрі техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты түрде бақылауға алынған. Қошқар-ата-Бесқұбыр-Жамбыл-Жаңа дәуір автомобиль жолының 26 шақырым жері 2018-2019 жылдары жөнделген болатын.

Жалпы, Келес ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 53 шақырым болатын 21 көшеге қиыршық тас, 150 шақырымнан асатын 97 көшеге асфальт төселді. Нәтижесінде, елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 24%-дан екі есе артты.

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика