
25 қазан – Республика күніне орай үшінші мегаполистегі Достық үйінде «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы ашылды. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, қалалық Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, жастар қатысты.

«Бірлік алаңы» орталығының жұмысы 4 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 7 қоғамдық құрылым мен 17 этномәдени бірлестіктердің қатысуымен тұрақты негізде брифингтер ұйымдастыру.

Жиында Шыңғыс Жұмабекұлы ел бірлігі мен татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматқа марапат табыстады. Атап айтқанда татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахиржан Хакимбеков, Әл-Фараби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрайымы Нуриниса Досметова және еврей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Белла Атран марапатталды.
