2024-07-27

АЙЫППҰЛДАН АЛҒА ШЫҚПАҒАН ӘКІМ АЙЫПТЫ БОЛЫП ҚАЛДЫ

Айыппұлдан алға шықпаған әкім айыпты болып қалды

«Қазақша үйреніп жүрмін»

Шымкентте ЕҚЫҰ мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінен келген бір топ лауазымды тұлғалар жергілікті өзін өзі басқару тұжырдамасының орындалу барысы жайлы маңызды семинар-кеңес өткізді. Шараға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары мен министрліктің өкілдері және ауыл әкімдері қатысты.

Жиыннан есте не қалды?

Астанадағы Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымы экономикалық және экологиялық бағдарламалар басқармасының басшысы Рати Джапаридзе қазақ тілінің өрісі кең тараған қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан халқына деген құрметінің белгісі ретінде қазақша баяндама жасай алмағанына жиналғандардан кешірім сұрап, қазірше үйреніп жүрмін деді. Орыс тілінде көсілген шешен оңтүстікқазақстандық аудан-қала әкімдеріне тұжырымдаманың маңыздылығын кеңінен түсіндіре келе қазақтың «Өзін-өзі басқарған ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты» — деген мақалын тілге тиек етіп келгендердің көңілін бір марқайтып қойды. Қалай болғанда да халыққа, тілге деген құрметті аңғартты.

Ал, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ЖӨӨБ-ды дамыту басқармасының басшысы Марғұлан Ермағанбетұлы өз сөзінде Жергілікті өзін өзі басқаруды әкімдер, тұрғындармен бірге белсенді түрде жүзеге асырғанда ғана дұрыс бағытта дамитынына тоқталды. Ресми өкілдің айтуынша жергілікті әкімдердің жұмыс сапасы мен белсенділігіне жергілікті жерлерде өткізілетін жиналыстардың саны көрсеткіш бола алады. ОҚО бойынша жергілікті қауымдастықтың жиналыс өткізу санына қарап жергілікті әкімдердің қалай жұмыс жүргізіп отырғанын аңғаруымызға болады деді ол. Мәселен, Кентауда 6 рет жиналыс өткізілсе, Мақтаралда бұл сан екі-үш есеге артық екен. Біз ойланып қалдық. Кентау мен Мақтарал ауданындағы жергілікті әкімдіктер мен халық санын салыстыруға келмейтін сияқты.

 Білгеніміз бен түйгеніміз

 Жергілікті өзін өзін басқару еліміздің экономикасының өркендеуінің, азаматтық қоғамның қалыптасуының бірден бір тетігі. Мұны түсінеміз. Егер жергілікті өзін-өзі басқару тетігі өз деңгейінде жұмыс істеп тұрса ондағы қалыптасқан жағдайға Астана, облыс тұрмақ ауданның өзінің араласуы қажетсіз болып қалады. Мәселен, шалғай ауылда су құбыры жарылды дейік, жергілікті қауымдастықпен жиналыс өткізіледі де, сол жиналыстың шешіміне сәйкес қаржы бөлініп мәселе жедел шешіледі. Өзін-өзі басқарудың тиімді тұсы осы. Осы орайда жергілікті әкімдіктерге қаржы қайдан түседі деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауапты тиісті өкілдер былай деп таратып берді.

Жергілікті өзін-өзі басқаруға түсетін қолма-қол ақшаларын бақылау шоттары түсімінің төрт түрі бар. Олар: 1) жарнама, 2) әкімшілік айыппұл, 3)жергілікті әкімшіліктерге берілген коммуналдық меншіктер, 4) жеке және заңды тұлғалардан түсетін ерікті қаржы. ОҚО сайланған 189 әкім бүгінде осы жүйе бойынша еңбектеніп жатыр. Жиында тілге тиек етілген мәліметтер түсім көздерінен ОҚО бойынша 11 млн. теңге қаржы түскенін айтады, соның 5млн. жұмсалған екен. Аз ба, көп пе?

Аз әрине, сондықтан да сын айтылды. Жергілікті өзін өзі бсқаруды жүзеге асыруда ауыл әкімдерінің құлшынысы әлі байқалмайтынын айтқан Экономикалық зерттеу, бағалау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры Шолпан Айтенова: Түскен қаржыны қайырымдылық істеріне жұмсаған әкімдер көптеп кездеседі. Мәселен, бір ауылда тұрмысы төмен отбасына көмек қолын созса, енді бірі ауылдың бір тұрғынын емделуге жіберген. Мен мұны заңға қайшы деп айта алмаймын. Алайда, түскен қаржы ауылды көркейтуге жаратылғаны дұрыс. Сондай-ақ тұрғындар шоттағы қаржының қайда бөлініп отырғанын әкім сайтынан бақылап отыруы қажет. Бірде-бір әкім жиналыс келісімі бойынша шығарылған хаттаманы сайтқа жарияламаған.

Айтенова ханымның сөзінен аңғарғанымыз облыс былай тұрсын республикада біреу-ақ екен. Тек қана Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданының әкімдігі жиналыс шешімін сайтқа жариялапты.

 Көңілді селт еткізгені

 Тағы да мәліметтерді сөйлетіп көрейік. Қазақстанда халықтың 45% ауылдық-округтерде тұратынын білеміз. Жергілікті өзін-өзі басқару түсім көздері бойынша елімізде жиналған қаржы 680 млн. Бұл қаражаттың басым бөлігі Маңғыстау облысына тиеселі. Тиісінше көшті Маңғыстау облысы бастап тұр. Ақмола облысы 2-орында. Жамбыл мен ОҚО ең аз түсім көрсеткен.

«Кейбір әкімдер біздің Маңғыстау сияқты мұнайымыз жоқ дейді. Онда мұнайы жоқ Ақмола облысы қалай екінші орынға шығып отыр?» — дейді Шолпан Әбдірахманқызы. Төрт түрлі түсімді саралай келсек әкімшілік айыппұлдан түскен қаржы тым мардымсыз. Сонда қалай ауылда расында да әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркелмеген бе?-деп таңқалады Шолпан ханым. Бұл сауалды әкімдердің өзіне де қойып көріпті. Жауап мынадай: «Ауылда 500 түтін болса, оларды 5 саусағымдай танимын. Оларға қалай айыппұл саламын».

Қазақта сұраса келсең бәрі де туысқан болып шығады, енді менталитетімізге тән кішіпейілдіктен арылып, іске көшуіміз керек, — дейді Шолпан Әбдірахманқызы.

Атқарушы директор ашынып айтты. Ал, біз ішімізден тәубе дедік. Қазақ ауылында құқықбұзушылықтың болмағаны қандай жақсы. Бәлкім, ата-дәстүр салтымен туындап қалған дау-шарғыны ауылдың ақсақалдары реттеп отырған шығар. Бұзақысы бар елдің берекесі қашпай ма, ал, бізге ынтымақты ел керек. Тәй-тәй басқан жергілікті өзін-өзі басқару бағдарламасын айыппұлмен аяғынан нық тұрғызбай-ақ қояйық.

 

Айыппұл аз деп ашынбай-ақ қояйық

 Жалпы алғанда жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасының жұмыс істегені керек-ақ. Сол жергілікті тұрғындар үшін, еліміздің экономикасының өркендеуі үшін. Мәселелері жедел шешіледі, тұрғындары жоғын айтып аудан, облысқа ат арытып сарсаңға түспейді. Жергілікті тұрғындардың жауапкершілігі артады. Түсім мәселесіне келсек, қалған үшеуін жандандырып жатсақ қанекей. Ауылдың шаруашылығы мен өндірісі дамып, ауқатты ауылдықтар көбейсе, жарнама керек болады, түсіндіруі мен насихаты жетіп жатса ерікті жарна да көбейеді. Халықтың саны артып жатса коммуналдық меншіктегі нысандарға қажеттілік туады. Айыппұл аз деп ашынбай-ақ қояйық. Бұл біздің ойымыз.

Ә.Әбішқызы

Яндекс.Метрика