КЕЛЕСТЕ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАЖЕТТІ БҰЙЫМДАР ШЫҒАДЫ

Түркістан облысының Келес ауданында жылыжай шаруашылығының өрістеуі шағын өндірістің дамуына да себепкер болды. Аймақта жылыжайға қажетті бұйымдар мен полиэтилен жабындарын шығаратын цех тұрақты жұмыс істеп келеді. Шаруалар бұған дейін мұндай керек-жарақты көрші Өзбекстаннан, Қытай мен Ираннан сатып алатын.

Өндірісті іске қосуға 150 миллион теңге жұмсалды. Кәсіпорында қазір 10 адам жұмыс істейді. Цехтың шығарған өнімдері сол төңіректегі шаруалардың сұранысын толығымен қанағаттандырып отыр.

Сондай-ақ, цехта жылыжайдың қаңқасына арналған мырыш темірлер де жасалады. Оны жылыжайдың қажетті өлшеміне қарай кесіп, иіп береді. Мұндағы тағы бір станокта көкөніс көшеттерін отырғызуға арналған пластикалық құты шығарылады. Оған шикізат ретінде бұған дейін егістікті тамшылатып суарған түтікшелер пайдаланылады. Олар цехта қайта өңделіп, дайын бұйым болып шығады. Өндіріс қуаты артып келеді. Жуырда жылыжайлардағы полиэтилен жабындарды қаңқаға бекітетін қыстырғыш сымдар мен тамшылатып суаруға арналған түтікшелер шығару ісі қолға алынбақ.

— Ендігі жоспарымыз — тамшылатып суару шлангаларын шығару. Оның қондырғыларын енді қоямыз. Әрбір полиэтиленнен шығатын затқа өндіріп шығарылған өніміміз қосылса, өзіндік бағасы төменірек болады. Өз-өзін ақтайды, -дейді кәсіпорын директоры Нұржан Омаров.

Өндіріс заманауи өңдеу технологияларын ұтымды пайдалануда. Ескіріп, пайдалануға жарамай қалған полиэтилен жабындыларды қайта өңдеу әуелі ауданның экологиясына оң әсерін тигізуде. Бұған дейін ескі пленкалар ешкімге керексіз болғандықтан, егістік басында қалып кететін. Химиялық зат жылдар бойына шірімей топырақты тоздыруға әкеп соқтырған-ды. Енді мұндай ескі пленкалар өндірісте жуылып, тазартылады. Сонан кейін қайта өңдейді. Цех бүгінде 500 киллограмман 1 тоннаға дейін осындай қалдықтарды өңдейді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика