2024-07-27

АРДАГЕРЛЕР «АРУЛАР» КЛУБЫНДА БАС ҚОСТЫ

Ардагерлер «Арулар» клубында бас қосты

 

Аға ұрпаққа құрмет атаулы күнде ғана емес, күнделікті көрсетілу керек. Ал, жыл сайын қазан айының алғашқы күнінде аталып өтілетін «Қарттар мерекесі» ағайын-туыс ата-әжесін, әке-шешесін құттықтау үшін қарашаңыраққа жиналып бас қосатын дәстүрге айналғаны жөн.

Бұл М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының ректоры, «Арулар» клубының бастамашысы Гүлшара Сапарбаеваның пікірі. Кезекті кездесудің мақсаты бақыттың құпиясын ашу болды.  

 Жұман Абдуллаев,Ұлы Отан соғысының ардагері, «Құрметті теміржолшы»:  Әкем жүк тасушы болды. Менде екі жасымды үлкейтіп балалығыма қарамастан теміржолға жұмысқа тұрдым. Кейін жұмысымызды тоқтатып, Украинаны немістерден босатуға аттандық. Бүгінде біздің әулетімізді теміржолшылар династация деуге толық негіз бар. Перзенттерім және немерелерімнің жиырмасы теміржол қатынастарында қызмет атқарып келеді. Жақында ғана Асқар есімді немерем батамды алып теміржол саласына жұмысқа тұрды. Біздің отбасымыздың бақытының құпиясы еңбекте.

 Зара Ибрагимова, ұстаздар отбасының отанасы:

 4 сыныптық білім алдым. Қырық бірінші жылы Жаппар есімді жігітке тұрмысқа шығып, Барақовтар әулетіне келін болдым. Үш ұлды болдық. Соғыс, аштық киліккен қиын кезеңдерде балаларымызды жоғалтып алдық. Бір күні Құдайдан ұл бермесеңде бес қыз бер деп тіледім. Құдай тілеуімді қабыл алып бес қызды болдық. Соның бірі өздерің білетін Сайлаукүл апайларың. Әкесі үнемі қыздарға әстеп отырған жұмысына адалдық, жалпы адамға, қоғамға адал болу, айтқан сөзге, уәдеге берік болу туралы айтып отыратын. Қыздарымыз әкесінің сөзін екі еткен жоқ. Біздің бар мақсатымыз қыздарымызды жоғары білімді ету болды. Ол да орындалды. Біздің отбасы бақытының құпиясы сол әкелері айтқан іске, айналаға деген адалдықта деп білем. Адалдық, турашылдық абыройға апаратын төте жол.

Мұнан кейін сөз алған Күлпаш Оңғарбаева өз отбасындағы бақыттың кілті еңбекте болғанын айтты.

Ардагерлер айтқан татымды естелік- әңгімелерден клуб мүшелерінің алғаны көп болды. Ризашылық ретінде өмірлік тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор әңгімелерімен бөліскен әжелерге ақ жаулық жауып, аталарға құрмет көрсетті.

  

Әлия Ахметова

Яндекс.Метрика