2022-08-08

ШАРДАРАДА МАҚТА ЗАУЫТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шардара ауданында үдемелі индустриялды-инновациялық дамудың мемелекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Ұзын ата мақта» ЖШС-інің мақта өңдеу зауытының құрылысы толығымен аяқталып, кешегі күні пайдалануға берілді. Жалпы жобалық құны 900 млн теңгені құрайтын зауыттың құрылысы Ұзын ата елді мекенінде 2011 жылы басталған болатын. Жылына 40-45 мың тонна тазартылмаған мақта өнімін өңдейтін жаңа кәсіпорын «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 700 млн-нан астам теңгені «Еуразиялық банк» арқылы 7 пайыз өсіммен 7 жылға алып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Аталмыш мекеме Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша табиғи газбен жұмыс жасап, соның есебінен шығарылатын өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне септігін тигізетін жалғыз жоба болып табылады.
Зауыттың ашылу салтанатында аудан әкімі Қамытбек Айтөреев, облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлтаев, «Ұзын ата мақта» ЖШС-інің басқарма төрағасы Болат Тілеужанов, облыстық мәслихаттың депутаты Аманолла Раманқұл, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов және басқалар құттықтау сөз өйлеп, ел экономикасына елеулі үлес қосатын жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру картасына енгізілген жалпы сомасы 448 млрд теңгені құрайтын 150 жоба жүзеге асырылып отыр. Осы жоба арқылы өмірге келген «Ұзын ата мақта» зауыты түгелдей заманауи техникамен жабдықталып, барлық жұмыстары автоматтандыру жүйесімен басқарылады. Қазірге дейін 5 мың тонна мақта өнімін өңдеп үлгерді. Өңделген мақта нұсқасы Ресей, Украина, Қытай республикаларына жіберіліп, тауар сапасына үздік баға берілген.
-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылдың соңында жасаған Жолдауында негізінен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарламалар жасауға тапсырма жүктегені белгілі. Бүгінгі іске қосылып отырған кәсіпорын осынау мемлекеттік бағдарламаның біздің ауданда орындалып жатқанының бір дәлелі деп айтсақ жарасады. Зауытта қазіргі күні 250 адам жұмыс істеп жатыр. Маусым кезінде жұмысшылар саны 400-500-ге жетеді. Бұл жұмыстың бәріне де жергілікті тұрғындар тартылып жатыр. Ауылдағы жұмыссыздықты жою мәселесі шешімін табумен қатар, аудан бюджетіне де табыс түсіп отыр, — деді тілшілерге берген сұхбатында аудан әкімі Қамытбек Нұржанұлы. 
Зауыт директоры Сәрсенбай Асановтың айтуынша кәсіпорынның Ұзын ата елді мекенінде салынуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, мұндағы жер жағдайы мақта өсіруге аса қолайлы. Сонымен қатар, егілген мақтаның сапасы жақсы, талшығы жоғары дәрежеде. Қазірге еліміз бойынша жаңа технология әдісімен салынған бірден-бір мақта зауыты болып табылатын «Ұзын ата мақтаның» өзге аудандарда да мақта қабылдау пункттері жұмыс істейді. Зауытта өңделген өнімдер алыс-жақын шетелдерге шығарылады.
Мекеме басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Зауыт жанынан мақта майы мен жем қоспаларын шығаратын жұмыс орындары ашылмақ. Сондай-ақ, тоқыма кластерін дамыту жоспарлануда. Ел игілігіне жарайтын бұл жобалардың жүзеге асатынына да сеніміміз кәміл.
Яндекс.Метрика