2024-07-27

Фармакадемияға 35 жыл

          Атаулы күнге орай оқу орнында  алғашқы түлектер бас қосты. Олар 1984 жылы Алматы медициналық институты, Чимкент филиалының дипломын алып еліміздің түкпір-түкпіріндегі медицина мекемелерінде еңбек жолын бастаған алғашқы қарлығаштар  еді. 

          Дәрігерлерді дайындаудың ұстаханасына айналған  Алматы медицина институтының оңтүстікте филиалы ашылды деген хабар 1979 жылы өте жылдам тарады да, республиканың түкпір-түкпірінен 210 студент бірінші курс студенті атанды. Қазір сол студенттер Қазақстан ғана емес  берісі Ресей, Украина арысы Германияда өз қызметтерін адал атқарып жүр екен. Мерейтойлық кездесуде 110 түлек бас қосты. Өздерін қошаметпен қарсы алған алтын ұяларында алғашқы декандарын, дәріс берген ұстаздарымен қауышып мәре-сәре болды.

         Фармацевтикалық академия өзінің 35 жылдық тарихында фармацевтика өнеркәсібіне 5 мыңға тарта маман даярлап  берді. Мұны  аталмыш оқу орнының бірінші  проректоры,фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Махатов өз сөзінде ерекше атап өтті. Алғашқы түлектердің ішінде алтауы медицина саласына өзіндік үлесін қосқан ғалымдар, ал қалғандары Қазақстанның осы сала нарығында айтулы мамандарға айналып бүгінде аймақтарда фармацевтикалық компанияларға басшылық жасап жүр.

       1979 жылы, 3 шілдеде Қазақ ССР үкіметінің қаулысымен ашылған филиал бүгінде  фармацевтика және медицина саласының кадрларын дайындайтын жетекші мемлекеттік жоғары оқу орындарының біріне айналған.2013 жылдың қорытындысы бойынша ОҚМФА-сының оқытушы құрамы мен студенттері халықаралық ғылыми басылымдарда мақала жариялау, халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысу және студенттердің ғылыми жұмыстары көрсеткіші бойынша  көш бастады. 

         Сондай-ақ жұмыс нәтижелігінің негізгі төрт көрсеткіші, халықаралық ғылыми басылымдарда мақала жариялау,соңғы 5 жылдағы ғылыми жұмыстардан дәйексөз алу, патент және басқа да қорғалатын құжаттар алу, ғылыми жобалардың саны бойынша «Астана» медициналық университеті» АҚ-ы, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттерімен иық тірестіріп тұр. 

                                                                                                                                                        «Қызмет-Ақпарат»




Яндекс.Метрика